«Дипломмен ауылға» фильмі «Бастаудың» арнайы жүлдесін алды
«Дипломмен ауылға» фильмі «Бастаудың» арнайы жүлдесін алды
304
оқылды

VIII студенттік және дебюттік халықаралық «Бастау» кинофестивалі жеңімпаздарды жариялады.

Фестивальдің тарихында алғаш рет қысқаметражды фильмдермен қатар дебюттік толықметражды қартиналар да бақ сынады. Аталған бағдарламаға Еуропа елдері, жақын және алыс шетелдерден ондаған толықметражды фильм қатысқан.  

Bastau Debuts толықметражды дебюттік фильмдер байқауының қазылар алқасында ресейлік кинорежиссер, сценарист және продюсер Михаил Сегал төрағалық етті. Сондай-ақ киносыншы испаниялық Роберто Куэто, продюсер Денис Васлин, театр және кино актриса Нелли Уварова және қазақстандық актер және продюсер Фархат Абдрайымов ауқымды жұмыс атқарып, жүлделерді бөлді.

Оңтүстік Кореядан келген режиссері Чон Сын-Оның «Қабірлерді қозғау» фильмі Bastau Debuts-тің үздік фильмі номинациясын жеңіп алды. Үздік режиссура жүлдесі «Ыңырсу» фильмінің режиссері Доминик Сангмаға бұйырды.

Биыл Bastau Shorts қысқаметражды фильмдер байқауына былтырғыға қарағанда өтінім көп келіп түскен. Әлемнің 44 елінен 360 картина қатысты. Үздік қысқаметражды деректі фильм жүлдесін режиссер Әсел Сыдықованың «Ауыл күйі» фильмі иеленді. Ал үндістандық Сречита Дастың «Сатушы» фильмі үздік қысқаметражды көркем фильм жүлдесін алды. Қазақстандық Самғар Рахымның «Дипломмен ауылға» фильміне қазылар алқасының арнайы жүлдесі табысталды.

Бастау фестивалі.jpg
Сергей Әзімов

Айта кетелік, биыл «Бастау» кинофестивалінде әлемнің үздік деректі фильмдеріне арналған Bastau Docs бағдарламасы ашылған болатын. Онда 10 елдің (Иран, Қазақстан, Ресей, Норвегия, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Польша, Беларусь) 10 деректі фильм көрсетілді.  Бағдарламаны  ТМД елдері, Балтика және Скандинавия елдеріне Multimedia Promotion кинокомпаниясының Швециядағы, фильмдерді дистрибуциялау мен сатып алу жөніндегі директоры Борис Шульман жүргізді.