Ауылда демалыс нысандарын салып, фермерлерді агротуризммен айналысуға ынталандыру қажет. Бұл туралы «Ауыл» партиясынан Мәжіліс пен Солтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаттығына кандидаттардың Айыртау ауданының Имантау ауылындағы үгіт-насихаты кезінде айтылды.
Партия өкілдері Имантау–Шалқар курорт аймағының ұжымымен кездесуінде партияның ауылдағы ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлерін дамыту, бұқара спорты пен агротуризмді дамыту жөніндегі бастамаларын түсіндірді. Имантау–Шалқар курорт аймағы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан және Қазақстан Республикасында туризмді дамыту бойынша 10 басым жобаның қатарына кірген. Мәжіліс депутаттығына кандидат Төлеутай Рақымбековтің айтуынша, 2020 жылдың басынан бері коронавирус пандемиясына байланысты туризмнің сыртқы бағыттары іс жүзінде тоқтады және бұл жағдай қазақстандық туристер ағынын ішкі туризмге қайта бағыттауға, отандық туристік саланы дамытуға бірегей мүмкіндік береді. «Партия бағдарламасында ауылдағы ауыл шаруашылығы емес бизнес түрлерін дамыту бойынша шаралар қарастырылған, олар нарықты қонақ үй қызметтерін ұсыну, демалыс нысандарын салу және фермерлерді агротуризммен айналысуға ынталандыру сияқты қосымша қызметтермен «нығайтуды» көздейді», – деді ол. Этнодизайнер Бахаргүл Төлеген Шығыс Еуропаның бірқатар елінде ұлттық мәдениет пен тұрмысты сақтау үшін агротуризм нысандары жұмыс істейтініне назар аударды. «Олар спорттық демалыс қызметі мен жергілікті жердің табиғи, мәдени-тарихи және басқа да ресурстарын пайдалануға бағытталған ауылдық инфрақұрылым элементтерін біріктіреді. Имантау кентінің тұрғындары үшін қолөнер табыс деңгейін арттырудың перспективалы бағыты бола алады», – деді. Үгіт-насихат жұмысының соңында кандидаттар cалауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өзара шаңғымен жарыс ұйымдастырды.Тұмар МЫРЗА