Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың есебін тыңдады. Онда Үкіметтің еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыруға мұқтаж тұрғындардың жағдайына қатысты атқарып жатқан жұмысы туралы айтылды. 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек ең алдымен аз қамтылған отбасылардың балаларына беріледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы облыстардағы азаматтардың арыз-шағымдарын әділ әрі тиімді қарастыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Осыған байланысты барлық деңгейдегі әкімдердің жауапкершілігі айтарлықтай күшейетін болады.
Кездесу барысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесін сапалы жүзеге асыру мәселесі де қарастырылды. Үкіметке нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Қорғаныс министрлігіне, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына және «Қазарнаулыэкспорт» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы туралы баяндады. Комитет төрағасы «Қазақстан инжиниринг» компаниясының қаржылық-шаруашылық жұмысындағы ретсіз шығындар, қарыз жүктемелерінің артуы, холдингтегі өндіріс жүйесінің әбден ескіргені жөнінде мәлімет берді.
Мемлекет басшысы аудит қорытындысы бойынша жинақталған материалдарды өкілетті органдарға жолдауды, жөнсіз шығындар мен қаржылық жүктемелерге орай лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруды тапсырды.