Ақмола облысында жолда қалған адамдар құтқарылды
Ақмола облысында жолда қалған адамдар құтқарылды
5,238
оқылды
Ақмола облысында аязда жолда қалған жүргізушілер мен жолаушылар құтқарылды, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі. Ведомствоның мәліметінше, өңірде ауа райына байланысты көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Нақтырақ айтсақ, дизель отыны бар автокөліктер үшін елді мекендерден тыс жерлерге шығуға тыйым салынды. Полиция тарапынан аязға байланысты төтенше жағдайларды болдырмау үшін патрульдік және жолдарға мониторинг жүргізу жұмыстары күшейтілді. Облыста 257 жылыту пункті жұмыс істейді, оған ауа райының қолайсыздығынан жолда қалған адамдар жеткізілуде. "Өткізілген іс-шаралар арқасында облыста төтенше жағдайларға жол берілген жоқ. Алайда аяздан көлігі істен шығып, жолда қалған алты адамға полиция көмекке келді. Мәселен, ПД ЖПҚБ патрульдік полиция ротасының қызметкерлері полиция лейтенанты Ғани Әбдуәлиев пен полиция аға лейтенанты Жасұлан Шпекбаев «Нұр-Сұлтан – Павлодар» автожолының 145 шақырымында «Mercedes» автокөлігін байқаған. Полиция қызметкерлері жүргізуші мен жолаушыларды Ерейментау қаласындағы қонақүйге апарды, көлікті де қонақүй тұрағына жеткізді", – дейді ПД баспасөз қызметі. Бұдан бөлек аязда істен шыққан «Лексус» автокөлігіне көмек көрсетілген. Осыған байланысты полицейлер жүргізушілерге өте мұқият болуға, ауа температурасы төмендеген кезде жолға шықпауға кеңес береді.