Әкесі үшін балалары да жазаланады. Бұл жайында Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов хабарлады. Алғашында естігендеріне өзі сенбеген депутаттар Үкімет өкілдеріне көптеген нақтылаушы сұрақ қойды. Ақырында парламентшілер лауазымды шенеуніктердің өздерін әбден шатастырғанына шағымданды.
Жаңа жылда, нақтылай кетсек, келесі жылдың 5 қаңтарында Мәжіліс депутаттары ауыл-аймақты аралауға аттанбақ. Соның қарсаңында олар жұртшылық көп қоятын сұрақтарға жауаптармен «қаруланып» алуға ұйғарыпты. Алайда «Үкімет сағатына» келген министрлер кабинетінің әр мүшесі атаулы әлеуметтік көмекке қатысты жаңа шараларды өзінше түсіндіріп, қалаулыларды әуреге салды.
– Жаңа талапқа сәйкес, АӘК алып жүрген отбасыдағы еңбекке жарамды азамат, мысалы, отағасы әлеуметтік шартқа қол қояды және жұмыспен қамту шараларына қатысуға келісім береді. Алайда кейін жұмысқа тұрудан бас тартса, онда сол отбасының барлық мүшесіне АӘК төлеу тоқтатылады. Бірақ біз жаңа заңда былай жаздық: бұл талап мектеп жасындағы балаларға берілетін кепілдендірілген топтаманы тоқтатуға алып келмейді, – деді Біржан Нұрымбетов.
– Сонда отағасы мемлекет ұсынған жұмыс түрінен бас тартса, балалары да АӘК-тен қағыла ма? – деп қайталай сұрады жиынды жүргізген Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева.
– Бүкіл отбасы мүшелеріне АӘК төлеу тоқтатылады. Осы арқылы еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың жауапкершілігін арттырамыз. Мысалы, 2 айда 15 өңірді араладым. Жұртшылықпен кездесуде шаруа қожалықтарының өкілі тұрып, былай деді: «Сендердің атаулы көмектерің кесірінен мен жұмысшы таппаймын. 150 сиырым бар, оларды саууға қыз-келіншектерді шақырамын. Сауыншыларға 80-100 мың теңгеден және сүттің 20 пайызын бергім келеді. Бірақ ол кісілер келмейді» деп назаланды. Өйткені бұған дейін жұмысқа бармаса, тек өзіне АӘК төлеу тоқтатылатын, ал отбасы мүшелері, балалары ала беретін. Енді ол болмайды. Ал кепілдендірілген топтама балаларға ары қарай төлене береді, – деді ведомство басшысы.
Бірақ «төлене береді» делінгенімен, ізінше ол топтаманың ақшалай болмайтыны анықталды. Мысалы, министр Б.Нұрымбетовтің айтуынша, АӘК-ке ие болған отбасылардың 1-ден 18 жасқа дейінгі балаларына енді «кепілдендірілген әлеуметтік топтама» (гарантированный соцпакет) деген ұсынылады. Ол топтама 1-ден 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге бөлек: оған азық-түлік және жөргек секілді гигиена заттары кіреді. Ал оқушы балаларға әлеуметтік пакет аясында мектепте 1 рет ыстық тамақ беріледі, олар мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтылады. Білім ордасына бару-келу жолақысына жеңілдік беріледі.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева жалпы жаңылысушылыққа өз «штрихын» қосты. Одан депутаттар кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға (КӘТ) қандай тегін медициналық қызмет түрлері кіретінін сұрады. Ол болса, ТМККК мен МӘМС туралы айтып кетті.
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша әр бала әлеуметтік осал топ санатына жатқызылады. Тиісінше, олар үшін медсақтандыру қорына мемлекет төлем жасайды. Ол пакетте шұғыл және жоспарлы стоматологиялық тексеруге 9 миллиард, кеңес-диагностикалық қызметтерге 16 млрд, профилактикалық тексерілуіне 22 млрд, амбулаториялық дәрі-дәрмектерге 71 млрд теңге бөлінеді. Сөйтіп, балалар үшін медицина қолжетімділігі артады, – деді вице-министр.
Мәжіліс төрағасының орынбасары жиында тек КӘТ туралы сөз болып отырғанын ескертті: «Ал сіз балалар МӘМС аясында қандай қызмет алатынын айтып жатырсыз. Бұлар – мүлдем басқа пакеттер. Бізді әбден шатастырдыңыз. Ертең сіздің сөзіңізден ұққанымызды өңірлерде жұртшылыққа түсіндіруіміз керек. Сонда мектептегі кепілдендірілген топтамаға стоматология, дәрігерлік тексерістер кіреді десек, ол өтірік болады».
Л.Ақтаева сөзінің ағаттығын мойындады: «Келісемін. Мен атаған сомалар міндетті медсақтандыру жүйесі аясында медициналық ұйымдарға төленеді. Ал КӘТ-те оқушыларға тек азық-түлік пен гигиена заттары ғана беріледі» деп түзетті ол.
Бірақ осал топ ұландарына көмекті әр өңір өз бюджетінің мүмкіндігіне қарай әртүрлі көлемде ұсынатын. Енді КӘТ заң жүзінде бекітіледі және барлық өңір үшін көлемі бірдей етілмек. Оның ауқымы жалпыға міндетті білім беруді қаржыландырудың 2%-ынан кем болмауға тиіс.
Көмекті іске асыру тетігі сол күйде қалады: мектептер аз қамтылған отбасылардан шыққан өз оқушыларын киіммен және тамақтандырумен қамтиды. Алайда бұдан былай қаржыны әр мектептегі осы санаттағы оқушы санына қарай ауданның өзі бөлетін болады.
АӘК пен КӘТ-ке қатысты жаңалықтар 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енбек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қарашаның басында 456,5 мыңға жуық отбасы немесе 2,1 млн адам АӘК алатынын хабарлады. Оның 53% – көпбалалы отбасылар. Ел тарихында алғаш рет АӘК төлеуге рекордтық сома – 245 млрд теңге қарастырылып отыр.
Елдос СЕНБАЙ