– Ұзақ жылғы еңбектің арқасында ұлттық айтыс өнерінің бойына қан жүгірді. Осы өнердің енді өлмейтініне елдің көзі жетті. Тап қазір көңіліңіз жайланды ма, әлде айтыс өнерін дамытуда мазалап жүрген қандай да бір ойыңыз бар ма?
– Өткен ғасырдың 80-90-жылдарында «Бұл айтыс ХХІ ғасырға бармайды» деп сәуегейсігенмін. Өйткені ол халықтың беті ұлттық руханиятқа, тілге теріс бұрылып тұрған кез еді. Менің сәуегейлігімді бұл айтыс жоққа шығарды. Айтыс халықты тәуелсіздікке дайындаған өнер болды. Ұлтты ұйымдастырып, еңсесін көтерді. Одан бері де айтыс тәуелсіздікке қызмет етіп келеді. Бұл өзінің өлмейтінін дәлелдеген өнер болды.
– Бір кездері Мәскеуге, Парижге ақындарды алып барып, айтыс өткіздіңіздер. Қазақтың керемет өнеріне шетелдіктер аса зор қызығушылық танытты. Алдағы уақытта айтыс өткізуде қандай жаңалықтар болуы мүмкін?
– Індет салдарынан біраз жұмысымыз тоқтап, жүзеге аспай жатыр. Облыстарда айтыскерлер клубтары жұмыс істейді. Сол клубтардың арасында біріншіліктер өткізу ойымызда бар. 80-жылдары облысаралық айтыстар өтуші еді. Команда болатын. Сол команданың құрамында айтыскерлермен қатар әнші-күйші, термешілер болды. Олар айтысатын облыстарын күні бұрын аралап көріп, сол облыс туралы жан-жақты пікір қалыптастырып, материал жинайтын. Көзбен көрген жақсылық пен кемшілікті өлеңге қосқанда ол басқаша нәтиже береді. Ақындар жағдаймен етене таныс болмағаннан кейін дайын, бұрыннан естіген әңгімелерден құрылған өлең құрғақ болып шығады, құлағыңның құрышын қандырмайды. Ақындардың бір облыстан екінші облысқа барып, жағдаймен танысуы үшін қаражат керек, қазір біздің оған шамамыз келмей қалды. Дегенмен осындай ниетіміз бар.
Қазір жастардың айтысын бөлек өткізіп жүрміз. Абай атындағы ҚазҰПУ төртінші рет «Менің пірім – Сүйінбай» атты студенттердің республикалық айтысын өткізді. Талаптанған 50-60 жас ақынның арасынан он бес-жиырмасы іріктеліп, айтысқа қатысады. Астанадағы Өнер академиясында «Айтыс» бөлімі бар. Сол бөлімнің жұмысын жүргізіп отырған Еркебұлан Қайназаров мұрындық болып, Серікзат Дүйсенғазы қолдап, жастардың айтысы астанада да өтіп тұрады.
Ертерек өмірден озып кеткен Ерік Асқаровтың 60 жылдығына арнап Қызылжарда ретро-айтыс өткіздік. Оған Еріктің қатарластары Абаш Кәкенов, Серік Құсанбаев, Кенжебай Жүсіповпен қатар жас ақындар да қатысты. Ретро-айтысты да жұрт қызығып көреді екен. Сағынып қалыпты. Соларды көріп, көзайым болды. Жастар жол беріп, бас бәйгені де үлкен ақындар алды. Міне, айтысты өткізудің осындай жаңа түрлерін іздеп табуға тырысамыз.
– Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов «Айтыста біз көп жағдайда қазыларға, ұйымдастыруға ренжиміз. Бұрын қазылар алқасында айтқан сөзінде тұра алатын, көтерген ұпайына жауап бере алатын, қазақ сөзінің қадірін білетін адамдар отыратын. Қазір қазылардың арасында айтыстан кейін болатын банкет пен төрелік еткені үшін төленетін гонорарды күтетіндер өте көп», – дейді. Бұған не дейсіз?
– Жандарбек бұл сөзді нені көздеп айтқанын білмеймін. Бірақ қазір осындай ақындар пайда болды, айтыс ұйымдастырып, шақырсаң «Қазылардың ішінде кімдер бар?» деп сұрақ қояды. Айтыскердің кімнің қазы болатынында не шаруасы бар? Көшеден біреу келіп баға бермейді. Қазақтың сөзін ұстаған, руханияттың көшін бастап жүрген көрнекті адамдар айтысқа қазылық жасайды. Рас, 80-жылдары төрт көзіміз түгел еді. Мәдениеттің, әдебиеттің, руханияттың алыптары бар еді. Солардың бәрін қазылыққа шақырып жүрдім. Әріден бастасам Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Мырзабек Дүйсенов, Мұзафар Әлімбаев, Қадір Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Еркеғали Рахмадиев, театр қайраткерлері арасынан Сәбира Майқанова тізіліп отыратын. Олардың бәрі қазір өмірден озды. Екіншіден, айтысқа кез келген адам келіп баға бере алмайды. Айтыс ақындарының құрылтайында «Әділқазылар алқасында кәсіби қазыларды отырғызамыз» деген шешімге келгенбіз. Өйткені ол айтыскердің өткен жылғы, оның алдындағы айтыста не айтқанын білетін адам болуы керек. Сол себепті қазір тұрақты қазылар қазылық етіп келеді. «Әртістерді неге қазылар алқасына қосасың?» дейтіндер бар. Асанәлі Әшімов пен Алтынбек Қоразбаевты айтып отырғаны ғой. Алтынбек – жақсы сазгер, ақындығы да бар, сөз ұғатын адам. Асанәлі – ұлттың, руханияттың абызы. Біз Асанәлі ағамызды айтысқа апару арқылы айтыстың да абыройын көтеруді ойлаймыз. Халық оны көргісі келеді. Асекең соған лайық баға беріп жатады. Әсия Беркенова, Бауыржан Қалиолла, Светқали Нұржанов, Ғалым Жайлыбай, Жанарбек Әшімжан тұрақты түрде қазы болып жүр. Оның астынан пәле іздеудің қажеті бар ма, жоқ па, білмеймін. Бұрын қазылардың жұмысына араласу деген болмайтын. Ақындардың «Не жүлде қойып жатыр екен?» деген сияқты сауалдары да менің шамыма тиеді. Ақын болсаң Құдай берген нығметті пайдаланып айтыс жаса, қазылар бар, халық бар өз бағасын алады ғой. Бұл сұрақтың астарында не сыр бар екенін білмеймін, өзім осылай ойлаймын.
– Бұрынырақта өткен айтыстарда зиялылардың көрермен ретінде тізіліп отырғанын көруші едік. Қазір олардың айтыс өнерін тамашалауға барғанын ілуде бір байқаймыз...
– Жалпы, ақындардың айтысқа баруы еш уақытта да мол болған емес. Неге екенін қайдам, жазба поэзия өкілдерінің айтыскерлермен әуелден бір бақталастығы бар. «Қазылар алқасына мүше бол» деп шақырсаң жетіп келеді, ал өз бетінше келіп, өлеңнің жаратылысын құлағыммен естиін, көзіммен көрейін деген ақын сирек. Бұл қай уақытта да солай болған.
– Айтыс қаншалықты әділ өтеді? Ақындардың ішінде «Менің өнерім дұрыс бағаланбады» деп реніш білдіретін кезі болатыны да заңдылық. Сондай реніштен кейін айтысқа қатыспай кеткен ақындар бар ма?
– Ақындар да пенде. «Бірыңғай маған бола берсе екен» дейтін ақындар да бар. 2011 жылы құрылған Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағына 215-ке жуық ресми мүше тіркелген. Олардың арасында тек айтыскерлер емес, жыршы, жырау, термеші, халық өнерпаздары да бар. Ақындардың жүлдесін Мәскеуден келіп Иван, Тәшкеннен келіп Ташмат әкетіп жатқан жоқ. Жүлдеге не тігілсе де осылардың еншісінде. Ол рас, кейде қазылыққа да байланысты. Тура жүлдені алуға лайық болып тұрған ақынның әртүрлі себепке байланысты алмай қалатын кездері де болады. Өз басым осы айтыс өнерінің тізгінін ұстап отырған адам ретінде соның есесін келесі айтыста қайтаруға тырысамын. Қазыларға да «Өткенде осындай жағдай болып еді, бұл жолы сағын сындырмай жүлдесін берейік» деп түсіндіремін. Бірақ өкпелеп, айтыстан кетіп қалған ақындар да бар. Қыз бен жігіт айтысының шебері Мақсат Ақанов екі жылдан бері «Айтысты қойдым. Шықпаймын» деп бас тартып жүр. Соның ар жағында «Осы жолы жүлдені неге мен алмадым?» деген өкпесі де болған. Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Сара Тоқтамысова сияқты үйірден шығып кеткен ақындардың айтысқа келмеуінің басқа да себептері бар. Өткен көктемде Балғынбекке «Айтыс болайын деп жатыр, сен неге өз үйіріңде жүрмейсің?» дедім. «Аға, жасым келді, мен айтысты қойдым» деді. «Нағыз қылшылдап тұрған кезіңде осы ісің дұрыс па?» дедім. Ондай ақындарға мен не істей аламын?
– Балғынбек Имашев «...айтысым онның (ұпай) емес, сегіздің айтысы, өзім білемін, іштей сеземін. Былайша айтқанда, «бетім» жұмыс істеп кетті. Содан кейін жақсы айтысып тұрған жас балаларға қиянат болмасын, жол берейін деп шештім» депті. Бұған не дейсіз?
– Мен бұл сөздің ақиқат екеніне сенбеймін. «Жастарға жол беремін» деген не сөз? Ақындардың бойындағы пендешілік көбіне қолбайлау болып қалады. Айтыстың алдында «Кімдер қазы болады екен? Қандай жүлде тігіледі? Айтысқа кіммен шығамын?» деп бал ашып, есеп шығаратын ақындар да бар. Оның бәрінің ойынан шыға беру мүмкін емес. Жас ақындар да көптеп шығып келеді. Олардың қарқыны қатты. Олар атағы шығып қалған тәжірибелі ақындардың абыройын ойлап іркіліп қалмайды. Тас-талқанын шығарады. Солардан қаймығып, жеңіліп қалып жүрген ақындар да бар.
Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ