Жаңа аптаның есігін алтын медаль «қақты». Баландин АҚШ-тың жүзуден ашық чемпионатында топ жарды. Садриддин Ахмедов аргентиналық қарсыласын жеңді. Отандастарымыз ерлер және әйелдер арасында KWU киокушинкайдан өткен әлем чемпионатында 5 медаль алды.
Баландин қос медаль алды
Атланта қаласында жүзуден ашық чемпионат өтіп жатыр. Турнирге ел атынан Дмитрий Баландин мен Әділбек Мусин қатысты. 100 метрге брасс әдісімен жүзу сайысында Баландин жеңіске жетті. Дмитрий жүз метрлік межені 59 с 36 мс-та бағындырды. Американ спортшысы Эндрю Уилсон 59 с 54 мс нәтижемен екінші орын алып, миллисекундтың маңызын түсінді. Ал Коди Миллер жүз метрді 59с 92 мс жүзіп, үздік үштікті түйіндеді.
Келесі айналымда Рио Олимпиадасының жеңімпазы күмісті қанағат тұтты. 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Коди Миллер барын салды. Ол 2:09.67 көрсеткішімен мәре сызығын кесті. Дмитрий Баландин 2:09.71 уақыт көрсеткішімен жарыс жолын аяқтап, күміс медаль иеленді. Жүз метрді 2:10.10 мс-да жүзіп өткен Эндрю Уилсон қола медаль алды.
Осыған дейін Баландин 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алды. Халықаралық су спорты турлері федерациясының (FINA) Гуанчжоуда өткен Champions Swim Series атты жаңа турниріне қатысты.
Жетісайлық жас саңлақ
Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов Канадада кездесу өткізді. Жекпе-жекте аргентиналық Хосе Антонио Вильяболоспен қолғап түйістірді. Жас талант шаршы алаңда ерекше көзге түсті. Жеңісті жолын жалғап, Хосе Антонионы жетінші раундта нокаутпен жеңді.
Осыған дейін бірде-бір рет жеңілмеген ол 2019 жылы 5 жекпе-жек өткізді. Соның ішінде төрт кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Барлығы 11 рет шаршы алаңға шыққан Садриддин барлық кездесуінде басымдық танытқан. Ал оның аргентиналық қарсыласы осымен алтыншы рет жеңілді.
Канада 21 жастағы отандасымыздың бабы мен бағы қатар шапқан жер болды. Өйткені 30 маусым күні ол жаһан жұртын тәнті еткен. IBO International чемпиондық белбеуі үшін өткен бокс кешінде мексикалық Даниэль Вега Котамен жұдырықтасып, қарсыласын әуре-сарсаңға салды. Бірінші раундта үш рет нокдаунға жіберді. Қазақстандық таланттың адуынынан төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша, Ахмедов 90 секундта кездесу тағдырын шешті.
Алтын мен күміс сыңғыры
Нұр-Сұлтан қаласында KWU киокушинкайдан ерлер және әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Бәсекеде бақ сынау үшін әлемнің 54 елінен 301 спортшы келді. Спортшылар 15 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Соның ішінде ерлер – 9, әйелдер 6 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады.
«Жекпе-жек» сарайында өткен жарыста 85 кг дейінгі салмақта Владимир Артюшин алтын медаль иеленді. 70 келіде барын салған Еркебұлан Бейсембаев күміс медаль алды. Ал әйелдер арасында өткен сында қос қызымыз алтыннан алқа тақты. Олар – 50 келі салмақта өнер көрсеткен спортшымыз Людмила Устюгова мен 70 келі салмақта ел намысын қорғаған Әсемгүл Сабырхан. Қоржынға түскен кезекті күмістің иесі – Екатерина Гурова.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын 3 алтын және 2 күміс жүлдемен аяқтады. Тартысты бәсекені Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясы мен Kyokushin World Union Халықаралық ассоциациясы ұйымдастырды.
Айбике ЖАНАСЫЛ