АХҚО аумағы Ватикан, Монако секілді мемлекеттер жерінен 8-10 есеге үлкен! Ресми мәліметке жүгінсек, «Астана» халықаралық қаржы орталығына елорда ішінде 1 632 гектар тиесілі. Ол «мемлекет ішіндегі мемлекетке» ұқсайды: өз заңнамасына ие. Жоғарғы сотқа бағынбайтын, британдық құқыққа негізделген төл сот жүйесін құрып алды. Тіпті, жеке тілі бар: ресми іс-қағаздар
Территориясы кейбір тәуелсіз мемлекеттерден бірнеше есе ауқымды болғанымен, AIFC (Astana International Financial Centre) әзірге қаржы жағынан өзгеге тәуелді: республикалық бюджетке күні қараған.
АХҚО бюджетке қаншаға түсуде?
Басқарушысы Қайрат Келімбетов жария еткеніндей, құру туралы шешім қабылданған кезден былтырға дейінгі аралықта мемлекет орталықты іске қосуға және дамытуға шамамен 6 миллиард теңге шығындапты. Миллиардтар AIX биржасының жарғылық капиталын қалыптастыруға, сондай-ақ тәуелсіз сотын, реттеушіні, арбитраж орталығын, әкімшілігіндегі қаптаған құрылымдарды түзуге жұмсалды.
Бұған қоса, 2018 жылғы бюджетте тағы 20 миллиард теңге көзделді. Әрине, бұл шек емес. Ол ары қарай да ел қазынасынан қаржыландырыла бермек. «Сонда «Астана» қаржы орталығы қашан ең құрығанда өз шығынын өзі өтей бастайды?» деген сұрақты тек сарапшылар ғана емес, енді Парламент депутаттары да ашық қоюда.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары–Қаржы министрі Әлихан Смайылов 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетте оған шамамен тағы 36 миллиард теңге беру бекітілгенін мәлім етті.
– Қайта бұл азайтылғаны! Әйтпесе, ертеректе бұдан 24 миллиард теңгеге көп көлемде қаражат көзделген. Мысалы, АХҚО-ны дамытуға жыл сайын ел бюджетінен 20 миллиард теңгеден бөліп тұру сұралды. Әйтсе де, келесі 2020 жылы орталыққа 13 миллиард теңге, 2021 жылы – 12,5 млрд теңге, ал 2022 жылы – 10,5 млрд теңге бюджеттен беріледі, – деді Ә.Смайылов.
Ол бұлай қысқартуға не себеп екенін де түсіндіре кетті: біріншіден, АХҚО биржасы 2020 жылдан бастап, мемлекеттік қаржыландырудан бас тартады. Екіншіден, қаржы орталығының құрылу кезеңінде қажет етілген ІТ бағдарламаларды әзірлеу, шетелден кеңес-консалтинг қызметтерін сатып алу секілді күрделі шығыстары азайған.
– Демек, алда бюджеттен қаржыландыру сомасы кеми бермек. Мемлекет келешекте тек АХҚО органдарын ұстап тұру шығындарын ғана көтеретін болады. Яғни, штаты, соның ішінде шетелдік мамандар мен судьялар жалақысы, іссапар шығыстары және басқалары бюджет мойнында қалады, – деді бас қаржыгер Ә.Смайылов.
Негізі, 2018 жылғы 1 қаңтарда жұмысқа кіріскен биржаның (AIX) ел бюджетіне масыл болуы негізсіз. Өйткені Astana International Exchange – АХҚО органдары құрылымына кірмейтін жеке заңды тұлға. Меморган да, мемкәсіпорын да емес. Мұның сыртында аталған сауда алаңының үлкен бөлігі – шетелдіктер меншігінде.
– Нақтылай кетсек, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры, NASDAQ биржа тобы, Goldman Sachs халықаралық қаржы тобы AIX жарғылық капиталының 38 пайызына ие. Жалпы, бұл биржа тек таяудағы 3-5 жыл ішінде өзін-өзі ақтай бастауы тиіс, – деді бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов.
Жалпы, қаржы орталығынан ел экономикасына қандай пайда бар? Шетелдік алпауыт компаниялар мен трансұлттық корпорациялар биржада өз құнды қағаздарын саудалауға қаншалықты ықтияр?
– Біздің биржа платформасы арқылы 2018-2019 жылдары шамамен 2,5 миллиард доллар инвестиция тартылды. Оның 2 миллиардан астамы – қарыз. Акционерлік капитал 216 миллион долларды құрады. AIX тұғырнамасында «Қазатомөнеркәсіп» ІРО-сы өтті және ұлттық атом компаниясы 129 миллион доллар қаржы тарта алды. Отандық Халық банкінің де IPO-осы бізде ұйымдастырылды, ол 66 миллион доллар тартты. Сондай-ақ бірінші рет ресейлік «Полиметалл» тау-кен өндіру компаниясы платформамызда 20 млн долларға акцияларын сата алды, – дейді АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов.
Ол орталықтың бюджеттік бағдарламаларын қысқартуды жалғастыратынын мәлімдеді. Қайрат Нематұлы «Астана» қаржы орталығының басқару органдарын ғана қаржыландыру үшін жыл сайын 10,5-11 миллиард теңге керегін жеткізді. Тиісінше, бюджеттік қаржыландыру да сол деңгейге дейін оңтайландырылмақ.
Соттамаса – судья тұл
Былтыр журналистермен кездескенде, Қ.Келімбетов AIFC қызметкерлерінің айлық жалақысы 5 мың доллардан (шамамен 2 млн теңгеден) аспайтынын мәлімдеді. Алайда ол АХҚО сотының төрағасы Лорд Вульфтың айлығын жария етуден ат-тонын ала қашты. Бүгінде бұл сотта 12 судья жұмыс істейді. Олардың барлығы – британдықтар, Англия мен Уэльс Жоғарғы сотында қызмет атқарған.
AIFC соты алғашқы сот шешімін ғана шығарды. Бұл оқиға 2019 жылғы сәуірде болды. Әйткенмен, ол үкім Aurora Ag Limited және Star Asian Mining Company жеке компаниялары арасындағы «ұсақ дауға» қатысты болған. Яғни, дау құны 150 мың доллардан аспапты.
Бұдан бөлек, АХҚО-ның Халықаралық арбитраждық орталығында 30 төрелік судья мен медиатор бар. Олар: Еуропа, Ресей, Жапония, АҚШ, Үндістан, Сингапур, Украина, Гонконгтен шақырылған. Екі отандық маман бар: бұлар заңгерлер Айгүл Кенжебаева мен Александр Коробейников.
Орталық арбитражы күні бүгінге дейін еш іс қарамаған. Хабарланғандай, алғашқы процестері «жақын келешекте болмақ». Әзірше қазақстандық медиаторлардың араағайындығымен бітімге келтіру бойынша екі процесс өткізіліпті.
Дубай алыстан қол бұлғайды
Әу баста AIFC құру кезінде Дубай халықаралық қаржы орталығының (DIFC) тәжірибесі негізге алынған. Ендеше, елордадағы орталықты Дубаймен салыстырған орынды. Біріккен Араб Әмірліктері 2004 жылы құрған қаржы орталығы небәрі үш-төрт жыл ішінде өз саласындағы жаһандық алпауытқа айналды. Дубай әлемдегі ең маңызды қаржы орталығының бірі атанды. The Spectator Index рейтингінде ол былтыр 12-орынға шығып, жетекші «жиырмалық» қатарынан табылған. Ал 2019 жылғы қыркүйекте жарияланған жаңа индексте 8-орынға дейін шығандай көтеріліп, әлемдік «ондыққа» екпіндей кірді.
Айтқандай, дәл осы дүниежүзілік рейтингте «Астана» халықаралық қаржы орталығы көзге көп көрінбейтін 51-ші орында тұр. Алдыңғы GFCI 25 индексі жарияланғалы бері ілгерілеуі «0» деп көрсетілген.
Бәсеке көрігі қызуда. Мысалы, жан-жақтан қыспаққа алған батыс санкциялары кесірінен 88-орынға дейін құлаған Мәскеу қаржы орталығы (МҚО) биылдың өзінде бірден 17 позицияға шарықтап, 71-ші тұғырға қонды. Қарқынынан танбаса, «Астана» қаржы орталығының өңірдегі басты бәсекелесі оны көп артта қалдыруы мүмкін.
Бір қызығы, инвесторлар арасында, қаржы және бизнес саласында Дубай және Абу Даби қаржы орталықтарының дәуірлеуі қосымша тиімділік-эффект әкелді: араб тілі «әлемдегі ең ықпалды тілдер» рейтингінде 6-орынға шықты! Ол неміс және жапон тілдерін төрден төмен ысырған.
Дубайдың тасы өрге домалағанын Knight Frank халықаралық консалтингтік компаниясының жақында жарияланған Hub Report зерттеуі де растады. Онда Дубайдың қаржылық және іскерлік қызметтері өткен онжылдық ішінде бірден 55,6%-ға өскені көрсетілген. Бұл төрткүл дүниедегі екінші ең жоғарғы көрсеткіш: одан тек 114,3% қарқынымен Шанхай ғана ілгері тұр.
The rise of the global financial hub есебінің авторлары DIFC ғажайыбының құпиясын ашуға талпынған. «Оның жетістіктері жаһандық қаржы және мұнай индустриясы компанияларына салықсыз режим немесе төменгі салық ұсынуымен қабысып жатыр», – деген тұжырымға келеді олар.
Jebel Ali-ден бастап, 34 еркін экономикалық аймақ құру арқылы арабтар сауда кедергілерін жойды және бюрократияны азайтты. Бүгінде осы ЕЭА-лар ынтымақтастықтың, оқытудың және білім алмасудың стратегиялық орталығы қызметін атқарады. DIFC-де әлемдік ірі банктер, инвестициялық фирмалар, сақтандыру компаниялары және 2 мыңнан астам өзге де қаржы ұйымдары шоғырланған.
Биыл Дубай халықаралық қаржы орталығы аумағын үш есе кеңейту ісі қолға алынды. DIFC 2.0 жобасы орталықтың қазіргі аумағын 1,2 млн шаршы метрге дейін ұлғайтпақ. Нәтижесінде, 2021 жылы Дубай планетадағы «ең ақылды қалаға» – Smart Dubai-ға айналуға тиіс.