Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Назарбаев феномені – екі құрлықтың ортасында, Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсында, мұсылмандық пен христиандықтың тоғысатын жерінде, социализм мен капитализмнің кіріккен жерінде пайда болғанында, нарық пен жоспардың бетпе-бет келген кезінде шыққанында» дегені бар. Рас, тәуелсіздік тәй-тәй басқан алғашқы жылдары қандай едік, қазір қандаймыз?
Мемлекеттің әлеуеті халықтың әл-ауқатымен өлшенеді. Қанша жерден миллиардтаған пұт астық ал, мал басын пәлен миллионға жеткіз, әскер күшімен әлемді тітірет – ел-жұртың ішер асқа, киер киімге жарымай отырса, бәрі бекер. Дүниеге осындай көрсеткіштерімен мақтанған Кеңес Одағы ыдырағанда Қазақстанның да жағдайы мәз емес еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан жоспарлы экономикадан бас тартып, бірден нарыққа аяқ басқан кез. Тойып бір тамақ жеу арманға айналған. Сол кезеңмен салыстырғанда, Қазақстандағы кедейлік деңгейі 17 есе азайыпты. Жетістіктің төресі осы емес пе?
– Иә, «Қазақстан азаматы өз Отанында өзін қаншалықты жайлы сезініп жүр, армандарын қаншалықты жүзеге асыра алады?» деген мәселе бірінші орында болуы керек. Мақтанатын бірден-бір көрсеткіш – осы. Тәуелсіздіктің жемісі мол. Баяғыда тек ауыл шаруашылығына иек артқан экономикамызды әртараптандырдық. Мұнай-газ, тау-кен салаларын өркендеттік. Жастарымыздың жақсы білім алуына мүмкіндік жасадық. Бүгінде шетелдегі аты жер жаратын ЖОО-ларда біздің азаматтар оқып жатыр. Күні кеше баз біреулер қазақты «калбит», «мамбет» деп қорлаушы еді, қазіргі қазақпен әлем санасады. Мұндай табыстарды санап тауысу қиын. EXPO, саммит сияқты ғаламдық іс-шараларды басында халық қабылдамады, енді оның да тиімді жақтарын түсіне бастады. Шикізаттан түскен ақшаны болашаққа инвестиция ретінде салдық, спорт пен мәдениетті дамыттық. Бірте-бірте туризм сынды бағыттарды да жандандырамыз деп үміттенемін. Негізі, Қазақстан халқының тұрмысын келешекте 17 есе емес, 170 есе көтеретін әлеуетіміз бар. Біз алдымызға жер-көкті таңғалдыратын осындай таңғажайып межелер қоюымыз керек, – дейді экономист Рашид Жақсылықов.
Жалпы, кейінгі кезде жаһандық рейтингтерде Қазақстанның жағдайы жақсарып келеді. Мұны биыл қыркүйек айында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин де мәлімдеген. Ел билігі халықаралық бағалауға баса мән береді. Шешім қабылдау кезінде ірі рейтинг агенттіктерінің ұсынысын ескереді және пайдаланады.
Мәселен, Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша 196 мемлекеттің арасында 28-орын алады. Сала-салаға бөліп саралағанда былай:
1. Бизнесті бастау – 36-орын;
2. Құрылысқа арналған рұқсаттармен жұмыс – 35-орын;
3. Электр жабдықтарын алу – 76-орын;
4. Мүлікті тіркеу – 18-орын;
5. Несие алу – 60-орын;
6. Инвесторлардың құқығын қорғау – 1-орын;
7. Салық төлеу – 56-орын;
8. Халықаралық сауда – 102-орын;
9. Келісімді қамтамасыз ету – 4-орын;
10. Кәсіпорынның жабылуы – 37-орын.
Асқар Мамин тілге тиек еткен тізім 2018 жылы мамырда түзілген. Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік банк құрған Doing Business рейтингінде ең үздік жиырмалыққа енуді мақсат тұтып отыр. Бұл – қазіргі Финляндия, Австралия, Латвия сияқты мемлекеттердің деңгейі.
Соңғы жылдары білім беру саласының да рейтингі көтерілген. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Қазақстан 140 елдің ішінде «кәсіптік-техникалық білім беру сапасы» бойынша 2017 жылмен салыстырғанда 11 позицияға (102-ден 92-орынға), «оқытудағы сыни ойлау» бойынша 1 позицияға (46-дан 45-орынға) ілгерілеу бар. «Күтілетін білім беру ұзақтығы» (53-орын) және «жарияланымдардың дәйексөзділігі» (110-орын) бойынша бұрынғы көрсеткіштер сақталған.
Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының «Күтілетін нәтижелер» бөлімінде Үкімет бірнеше рейтингте жоғарылауды жоспарлайды.
Айталық, 2025 жылға қарай кешенді шаралардың арқасында Қазақстан The World Justice Project заңының үстемдігі индексінде 55-60 орынға көтерілуі тиіс. Қазір еліміз бұл рейтингте 113 елдің ішінде 64-орында тұр.
Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингінде Қазақстан 140 елдің арасында 59-орынға орналасқан. Стратегиялық құжатқа сәйкес, еліміз 2021 жылы 46-орынға, 2025 жылы 40-орынға, ал 2050 жылы 30-орынға шығуы қажет.
Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы жариялаған Ғаламдық инновация индексінде (129 ел ішінде) 79-орынды иеленді. Рейтинг жасау барысында ондаған параметр ескеріледі. Оның ішінде патент алуға түсірген арыз саны, инновацияны ойлап табу мен енгізуге жұмсалған қаражат сияқты жайттарға назар аударылады. Үкіметтік онлайн-сервистерді дамытуға жұмсалатын қаржы бойынша еліміз 32-орында, бағдарламалар жүйесі бойынша 120-орында, білімге жұмсалатын қаржы бойынша 105-орында тұр. Тізімге Қазақстаннан өзге Орталық Азияның 2 елі – Қырғызстан (90-орын) мен Тәжікстан (100-орын) кірген. Бірінші орында – Швейцария, одан кейін – Швеция, АҚШ, Нидерланд пен Ұлыбритания. Ал постсоветтік елдерден Ресейді (46-орын), Украинаны (47-орын) және Грузияны (48-орын) алға жіберіппіз.
Ерекше қорғаудағы табиғи аймақтары көп немесе аз елдер рейтингінде Қазақстанға 135-орын бұйырған. Ел аумағының 3,3 пайызы ғана қорық ұлттық саябақ, ботаникалық бақ, резерват ретінде күзетіледі екен. Бұл аз ба, көп пе? Салыстырсақ, Венесуэла территориясының жартысынан көбі айрықша қорғалатын аумаққа жатады. Ал Ауғанстанда мұндай жердің көлемі 1 пайызға да жетпейді.
Speedtest Global Index ұйымы құрған интернет жылдамдығы рейтингінде Қазақстан – 62-орында. Біздегі интернет Грузия мен Қырғызстандікінен ұшқыр, бірақ әлемдегі орташа жылдамдыққа жетпейді. Дүниежүзіндегі ең баяу интернет Түркіменстанда екен.
Наурыз айында «Бақытты елдер рейтингі» (World Happiness Report) жарияланды. Бақыт деңгейін анықтау үшін сарапшылар әр адамға шаққандағы жалпы ішкі өнім, өмір сүру ұзақтығы, жомарттық, әлеуметтік жәрдем, бостандық және жемқорлық сынды факторларды есептеген. Рейтинг 2015-2017 жылдардағы статистикалар бойынша түзілген. Тізімде Қазақстан 60-орында тұр. Бізден бір саты жоғары, яғни 59-орынға Ресей жайғасқан. Өзбекстан 44-орында, Қырғызстан 92-орында, Тәжікстан 80-орында, Түркіменстан 68-орында тұр.
Адам әлеуетінің дамуы рейтингінде Қазақстан 0,800 индексімен 58-орынға бекіген. Көрші елдерден 49-орындағы Ресей (0,816) ғана бізден озса, Қытай (0,752) 86-орын, Қырғызстан (0,672) 122-орын, Өзбекстан (0,710) 105-орын және Түркіменстан (0,706) 108-орында.
Адам өмірінің ұзақтығы рейтингінде еліміз 155-орынды (71,41 жас) місе тұтқан. Көрші Қытай 111-ші орында (75,73 жас) болса, Түркіменстан – 160-орында (70,68 жас).
Сондай-ақ халықтың өсімі рейтингінде 107-орын, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткішінде 92-орын, интернетпен қамтылу тізімінде 81-орын, электрондық үкімет дамуы рейтингінде 28-орын, экологиялық тиімділік рейтингінде 101-орын аламыз.
Иә, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Әйтсе де, кейде мұндай халықаралық рейтингтер күмән туғызады. Бір ғана мысал: зерттеушілер әр елдің тұрғындарына «танымайтын адамдарға қаншалықты жиі көмектесесіз, қайырымдылық қорларына қаншалықты жиі атқарасыз және еріктілер жұмысына қаншалықты жиі қатысасыз?» деген сұрақ қойып, зерттеу жүргізіп көрген. Қайырымдылық индексінде Қазақстан 78-орынға орныққан. Оны қойшы, ең қызығы, мұсылман қауымына геноцид жасап, бала-шаға, жас-кәрі демей қырып салған Мьянма 2-орынға тұрақтаған.
Қалай десек те, ғаламдық рейтингтерді мүлдем елемей қою мүмкін емес. Нарық жүйесінде бұл көрсеткіштер шетелдік инвесторлардың Қазақстан туралы ақпарат алуына көмектеседі. Капитал салу мүмкіндігі мен тәуекелі жайлы түсінік қалыптастырады.
Алайда кейбір рейтингтерді әзірлеу әдісіне қатысты сарапшылардың сауалы көп. Сондықтан оған шүбәсіз сеніп, оңды-солды үлгі ретінде қолдана беруге болмайды. Әр елдің әлеуметтік-саяси және мәдени ерекшеліктерін ескерген жөн. Қысқасы, рейтинг жасаушы агенттіктер егемен елдерге ықпал ету құралына айналмауы керек.
Қазақ елінің 28 жылда қол жеткізген табыстарын бір мақалаға сыйдыру оңай емес. Ойлы оқырман ненің қалай екенін бізден де жақсы пайымдар, ал біз мақаламызды Елбасының сөзімен аяқтасақ.
«Жас буынға бәрі осылай бола салғандай көрінеді. Біреудің айтқаны бар еді: жамандық та, жақсылық та ұмытылады деп. Өкінішке қарай, жақсылық тезірек ұмытылады. Сондықтан біз бұл туралы айтып отыруымыз қажет»...