Ықылым заманнан бері ұлы қазақ даласында мемлекеттік қызмет институтының өз заманына сай түрлері қалыптасқан болса да, белгілі бір деңгейде тарихи тәжірибеміз жинақталса да, Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде бұл сала жаңаша әрекетті қажет еткені анық.
Алайда алғашқы кезеңде мемлекеттік функцияларды бөлу барысы ретсіз жүргізілгенін атап өткен жөн. Бұл ретте 2000-2014 жылдар аралығында бәсекелестік ортаға мемлекеттік органдардың 4 функциясы берілді. Олар: тауарлар мен қызметтерді сертификаттау (2000 ж., Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзыретіне кірді); техникалық байқауды ұйымдастыру (2009 ж., Ішкі істер министрлігінің құзыретіне кірді); «Алтын cапа» және «Қазақстанның үздік тауары» конкурстарын өткізу жөніндегі функциялар (Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзыретіне кірді). Соңғы мәлімет бойынша, мемлекеттік органдарға бекітілген функцияның жалпы саны шамамен – 15 мың.
Сонымен, еліміз алдында тағы да мемлекеттік қызмет саласын реформалау қажеттігі туды. Бұл тиісінше Ұлт жоспары бағдарламасына енгізілді. Аталған реформаны табысты іске асыру үшін мемлекеттік функцияларды бәсекелес құрылымдарға берудің кешенді әдіснамалық тәсілін белгілеу қажет. Бұл – басты базалық шарттың бірі. Ол өз кезегінде мемлекеттік басқаруды қазіргі заман үрдісіне сай дамытуға, жинақталған отандық және шетелдердің озық тәжірибелерін үйлестіре пайдалануға негізделуі қажет. Осыған байланысты 2016 жылы Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» депутаттық корпусы бірлесіп, мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеу ұйымдарына беру жөніндегі іс-қимылдың жыл сайын жүргізілетін кезеңдік бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама бойынша мемлекеттік органдар тұрақты негізде әлеуметтік-экономикалық қажеттілікті ескере отырып, әртүрлі жолдармен мемлекеттің бірқатар функцияларды бәсекелес ортаға беру мүмкіндігін тудырады. Бұл ретте ұйымдардың қамту ауқымы, ықтимал өнім берушілердің мүддесі мен ресурстық мүмкіндіктері және функцияларды іске асырудың техникалық шарттары негізге алынады.
Негізгі функциялары ғана сақталған кәсіби мемлекетті қалыптастыру – бұрынырақ қабылданған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында белгілеген негізгі басымдықтың бірі. Дәл осыған байланысты, «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасының базалық заңы қабылданды, оған сәйкес бизнесті өзін-өзі реттеудің және экономиканы қайта реттеудің негізгі қағидаты айқындалды. Осы салаға мемлекет араласпай-ақ табысты жұмыс істейтін және өзін өзі реттейтін жағдай жасалса, бұл – «мемлекет-бизнес» симбиозының табысты көрсеткіші болатыны даусыз.
Бүгінгі таңда өзін-өзі реттеу АҚШ, Ұлыбритания, Австралия секілді көптеген алдыңғы қатарлы елдер ұстанып отырған реттеу саясатының тұрақты үлгісі екенін айта кету керек. Сондай-ақ ол іс жүзіндегі шаруашылық өмірдің барлық салаларын қамтиды.
Өзін-өзі реттеу мемлекеттік реттеу сапасын арттыруға бағытталған, стандарттау арқылы саланы дамытудың өзекті міндеттерін орындау бойынша нарық субъектілерінің дербес қызметін қамтамасыз етеді. Өзін-өзі реттеудің өзектілігіне тоқтала отырып, аталған реттеуші құралдың негізгі артықшылығына қатысты бірнеше ерекшелікті айта кетуге болады. Осы ерекше экономикалық институтты енгізу мемлекет үшін басы артық функцияларды қысқарту, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру үшін тиімді мүмкіндік. Түптеп келгенде, бұл стратегиялық функцияларды жүзеге асыруды шоғырландыру тәсілі. Сонымен қатар осы сала қызметін реттеуге арналған шығындарды азайтуға ықпал етеді. Бірқатар «рұқсат беру» құжаттары жойылады. Нарыққа кәсіби қатысушыларды араластыру функциялары кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі. Осы арқылы бизнеске әкімшілік қысым азаяды.
Өзін-өзі реттей білу – тұрақты кәсіпкерлік ортаның маңызды белгісі. Ең алдымен, мемлекет нарық субъектілеріне емес, өзін-өзі реттейтін ұйымдарға бақылауды жүзеге асыруы тиіс.
Мемлекет нарыққа қатысушыларға емес, өздеріне қатысты негізгі бақылауды өздері атқаратын ұйымдарды қадағалау мүмкіндігіне ие болады, яғни мемлекеттік органдар басы артық бақылау қызметінен құтылады. Нарық субъектілеріне өзін-өзі реттеуді енгізудегі тиісті талаптар заңнама талаптарымен салыстырғанда қатаңдатылуы мүмкін. Бизнес тұрғысынан алғанда, өзін-өзі реттеу – саланы өз бетімен реттеу құралы болмақ. Сонымен бірге бұл өзгермелі экономикалық жағдайға икемді үйлесу мен бейімделудің мүмкіндігі болмақ.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелік ұйымның шынайы активіне, өз кезегінде тауарлық белгісіне айналып, ұйымның беделіне де елеулі ықпал ететінін ұмытпаған жөн. Осы арқылы тұтынушылар өзін-өзі реттейтін ұйымның қызмет сапасы қалай екенін оңай біле алады. Жалпы, өзін-өзі реттеуді енгізу кәсіби қызмет стандарттарының жоғары деңгейге көтерілуіне зор қолдау болады. Бұл нарықтағы еркін бәсекелестік пен бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша алғышарттар жасайды. Өзін-өзі реттеу институтының жан-жақты дамуы кәсіпкерлік субъектілеріне жасалатын әкімшілік ықпалдың төмендеуіне дем береді.
Өзін-өзі реттей білу – тұрақты кәсіпкерлік ортаның маңызды белгісі. Ең алдымен, мемлекет нарық субъектілеріне емес, өзін-өзі реттейтін ұйымдарды бақылауды жүзеге асыруы тиіс. Бақылаудың бұл моделі «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасы заңында бекітілген (2016 жылдың мамырынан бастап қолданысқа енгізілді), оған сәйкес мемлекеттік органдар өзін-өзі реттейтін ұйымдарды (ӨРҰ), ал ӨРҰ-ы өз мүшелерін бақылайды. Осылайша, өзін-өзі реттеуді енгізу кәсіпкерлерге қатысты бақылау-қадағалау функцияларының санын қысқартуды ғана емес, оларды іске асыру кезіндегі тексерулер санын азайтуды, әкімшілік ықпалын төмендетуді көздейді.
Бұл орайда, өзін-өзі реттеу енгізілетін салаларда әкімшілік ықпалға ие, бірақ жеделдігі үшін қажет мемлекеттік бақылау болатынын атап өту қажет. Халықаралық тәжірибе ӨРҰ-ның өз мүшелеріне қатысты бақылауы мемлекеттік бақылаудан әлдеқайда тиімдірек, ал әлдебір тәртіп бұзушы үшін материалдық және беделдік әсер ету шаралары әкімшілік айыппұл төлегеннен гөрі ауыр екенін растайды.
Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру туралы қабылданған заң мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру жөніндегі базалық тәсілді көздейді. Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру жөніндегі реформаға қатысу үшін барлық мүдделі тұлғаларды хабардар ету және оларды аталған шараға тарту жөнінде кең ауқымды ақпараттық науқан өткізу қажет. Демек, еліміздегі мемлекеттік функцияларды беру жөніндегі реформа жаңа деңгейде экономикалық қатынастарды дамытудың ажырамас элементі болатынын, онда мемлекеттік және жеке мүдделердің арасалмағы неғұрлым айқын және анық көрініс табатынын айтуымыз керек. Бұл келешекте экономикамыздың, тіпті еліміздің өркендеуін жеделдететін реформаға айналары сөзсіз.
Айзада ҚҰРМАНОВА,
Мәжіліс депутаты