Нұр-Сұлтан қаласында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту, партия жұмысын жандандыру бағдарламасын іске асыру бойынша Nur Otan партиясы активінің отырысы өтті. Онда партияның елордалық филиалы бастауыш партия ұйымдарымен тәжірибе алмасты.
Шараға Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық мәслихат фракциясының депутаттары, партияның аумақтық филиалдарының бірінші орынбасарлары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен төрағаларының орынбасарлары, партияның қалалық филиалының құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
Жиында партия жұмысын жандандырудың негізгі аспектілері, сайлау алдындағы бағдарлама, партияның ақпараттық саясаты және тағы да басқа мәселелер талқыланды.
– Партиялық бастамаларды жүзеге асыру – біздің негізгі қызметіміз. Бұл жерде партияның жобаларына ерекше назар аударылған. Мысал ретінде «Бақытты отбасы» жобасын айтуға болады. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына елордалық партия мүшелері де өз үлесін қосты. Көпбалалы отбасылардан шыққан 1 018 балаға 30 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Шара аясында бүлдіршіндерге мектеп сөмкелері мен оқу құралдары табыс етілді. Сондай-ақ жетім балаларға ерекше көңіл бөлінуде. Біздің филиалдың бастамасымен балалар үйінің базасында спорт мектептері ашылды. Атап айтқанда, «Грэпплинг» спорт мектебі мен Динара Сәдуақасова атындағы шахмат академиясы өз жұмысын бастады, – дейді Nur Otan партиясы елордалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қаналимов.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы елордалық партия мүшелері 21 балаға республикалық оңалту орталығында квота алуға көмектесті. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 20 балаға Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына арнайы квота бөлінген.
Отырыс барысында сондай-ақ праймериз өткізудің халықаралық тәжірибесі, партиялық кадрлық резервке пилоттық іріктеу қорытындысы, мәслихаттағы депутаттық фракция жұмысының жаңа тәсілдері, партиялық бақылау комиссиясының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмысы талқыланды.
Әбілмансұр ЖАСАН