Елбасы Н.Назарбаев елорданың алғашқы құрылысына атсалысушылармен жүздесті. Мұндай кездесу алдыңғы жылдары да өткен. Осылайша, ізгі дәстүрге айналды.
Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті үзеңгілестерімен бірге елорданың құрылуына және даму тарихына арналған көрмені аралады. Онда Елбасы кітапханасының музейі, мұрағаты және кітапханасы қорынан мыңға жуық экспозиция қойылыпты.
Сонымен қатар Тұңғыш Президент «Назарбаев орталығының» экспозициялық алаңында елорданың алғашқы құрылысына қатысушыларына арнап, өзі экскурсия өткізді.
Сондай-ақ Елбасы астананы Алматыдан Ақмола қаласына көшірген кездер жайлы естелігімен бөлісті.
– Жақын серіктестерім мен адал үзеңгілестерімді көргеніме өте қуаныштымын. Сіздер әсем қаламызды салу барысында әрқашан маған сенімді қолдау көрсеттіңіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бас қаламызды тұрғызуда қолтаңбасы қалған тұлғалардың ірі істері ұрпақ есінде қалары сөзсіз.
Елдос СЕНБАЙ