Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі Атырау халықаралық әуежайына берілмек. Бұл туралы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» электронды үкіметі порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында айтылды. Қаулы жобасы 25 желтоқсанға дейін талқылауға ұсынылып отыр. Қарсы пікір болмаса, құжатқа Премьер-Министр Асқар Мамин қол қояды. Осылайша, 2012 жылы «Айқын» газетінде көтерілген игі бастама іс жүзінде орындалмақ.
Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Айқынның» Атырау облысындағы тілшісі Тұрсын Қалимова 2012 жылы Атырау халықаралық әуежайына Х.Доспанова есімін беру туралы бастама көтерген сұхбат жариялаған-ды. «Құрмет» орденінің иегері Тоты Әміровамен ұйымдастырылған сол сұхбаттың негізінде сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Алайда 2012 жылы Ономастика туралы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне байланысты нысандарға адам атын беруге мораторий жарияланды. Бірақ Т.Қалимова жетекшілік ететін «Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанова есімін беру жөніндегі бастамашыл топтың» жұмысы тоқтаған жоқ.
Парижде Шарль де Голль, Белградта Никола Тесла, Тегеранда Имам Хомейни, Мәскеуде «Домодедова» атындағы халықаралық әуежайлар бар. Жуырда Ресей Президенті 40 әуежайдың атын өзгертіп, елдің атын шығарған қоғам қайраткерлері мен шығармашылық тұлғалардың атын беру туралы жарлық шығарды. Көрші ел әдебиеті мен руханиятына, тарихы мен ғылымына үлес қосқан тұлғалардың есімін ұрпақ санасында сақтау үшін осындай қадам жасады. Ал біздің елде халық қаһарманының есімі әуежайға берілсе, нағыз жарасым сол емес пе?!
Айтқандай, Үкіметтің «Атырау халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамына Хиуаз Доспанова есімі берілсін» делінген қаулы жобасында Нарын жалпы орта мектебі мен Н.Крупская атындағы мектебіне Фариза Оңғарсынованың есімін беру, Н.Гоголь атындағы орта мектепті Ғабит Мүсірепов, Ф.Энгельс атындағы орта мектепті Қадыр Мырза Әлі атындағы мектеп деп атау туралы да ұсыныс жазылған.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ