Nur Otan партиясының Қостанай облыстық филиалында Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Басқосуда нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы талқыға түсті. Бағдарламаның өңірдегі жүзеге асу барысы жайында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аида Құсайынова баяндады. Ол бағдарламаның үшінші бағыты бойынша соңғы 3 жыл ішінде 85 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын айтты.
Оның сөзінше, 2017 жылдан бері облысқа басқа өңірлерден 3 165 адам келіп тұрақтап қалған. Олардың 1 867-сі – қоныс аударушы, 1 298-і – оралман. Қоныс аударушылардың дені Түркістан (530 адам), Қызылорда (499 адам) және Жамбыл (260 адам) облыстарынан келіпті. Өңірге тұрақтап қалғандардың көші-қоны мен бастапқыда баспана жалдап тұруына 440 млн теңге қаржы бөлінген. Оралмандар мен қоныс аударушылардың 1 392-сі тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде дәрігер, фельдшер, акушер, мұғалім, даяшы, есепші, жүргізуші, механизатор, дәнекерлеуші, инженер, мал дәрігері, логопед, т.б. мамандар бар. Сонымен қатар 48 адам жеке кәсібін ашса, 58 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік курсынан өткен.
Жиында Білім басқармасының басшысы В.Цымбалюк «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағытының жүзеге асу барысы туралы баяндама жасады. Қазіргі кезде бұл бағыт бойынша 35 колледжде 2 785 студент білім алып жатыр. Шәкірттердің тең жартысы – әлеуметтік жағдайы төмен ортадан шыққан. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар (335 адам) мен аз қамтылған отбасылардың (581 адам) балалары, жетімдер (168 адам) мен мүгедектер (33 адам) бар. Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында «Техникалық қызмет көрсету, автокөлік жөндеу» мамандығы бойынша 21 студент оқуын тамамдап, 18 түлек жұмысқа орналасқан. Ал 2020 жылы бағдарлама бойынша 1 мыңға жуық түлек оқуын аяқтайтыны белгілі болды.
Отырыс барысында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев өзі басқарып отырған саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқталды.
Әбілмансұр ЖАСАН