Жұмыспен қамту көрсеткіші өскен

Жұмыспен қамту көрсеткіші өскен

Nur Otan партиясының Қостанай облыстық фи­лиа­­лында Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Басқосуда нәтижелі жұмыс­пен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған бағдарламасы талқыға түсті. Бағдарламаның өңір­дегі жүзеге асу барысы жайында Жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аида Құсайынова баяндады. Ол бағдарламаның үшінші бағыты бойынша соң­ғы 3 жыл ішінде 85 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын айтты.

Оның сөзінше, 2017 жылдан бері облысқа басқа өңірлерден 3 165 адам келіп тұрақтап қалған. Олардың 1 867-сі – қоныс аударушы, 1 298-і – оралман. Қоныс аударушылардың дені Түркістан (530 адам), Қызылорда (499 адам) және Жамбыл (260 адам) облыстарынан келіпті. Өңірге тұрақтап қалғандардың көші-қоны мен бастапқыда баспана жалдап тұруына 440 млн теңге қаржы бөлінген. Орал­мандар мен қоныс аудару­шылардың 1 392-сі тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың ішін­де дәрігер, фельдшер, аку­шер, мұғалім, даяшы, есепші, жүргізуші, механизатор, дәне­кер­леуші, инженер, мал дәрігері, логопед, т.б. мамандар бар. Сонымен қатар 48 адам жеке кәсібін ашса, 58 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік курсынан өткен.

Жиында Білім басқар­масының басшысы В.Цымбалюк «Еңбек» бағдар­ламасының бі­рінші бағытының жүзеге асу барысы туралы баяндама жасады. Қазіргі кезде бұл бағыт бойынша 35 кол­­леджде 2 785 сту­дент бі­лім алып жа­тыр. Шә­кірт­­тер­дің тең жартысы – әлеу­­­меттік жағдайы төмен орта­дан шық­­­қан. Олардың ішінде көп­ба­­лалы от­ба­­сылар (335 адам) мен аз қамтылған отба­­сылардың (581 адам) балалары, жетім­дер (168 адам) мен мүгедектер (33 адам) бар. Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында «Техникалық қызмет көрсету, автокөлік жөндеу» мамандығы бойынша 21 студент оқуын та­мам­дап, 18 түлек жұмысқа орна­ласқан. Ал 2020 жылы бағдар­лама бойынша 1 мыңға жуық түлек оқуын аяқтайтыны белгілі болды.

Отырыс барысында Жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас­шысы Олжас Нұрғалиев өзі басқарып отырған саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқ­талды.


Әбілмансұр ЖАСАН