Мәжілісте түрлі жас санаты бойынша әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Динара Сәдуақасовамен бір мезгілде ойын сеансы өтті. Парламент тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық парламенттік турнирге қазақстандық депутаттармен қатар, Армениядан, Қырғызстаннан, Молдовадан Парламент өкілдері қатысты.
Іс-шараны Мәжіліс Төрағасы құттықтау сөзімен ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Біз егемен еліміздің ең мәртебелі, ең ұлы мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында Мәжілісте халықаралық шахмат турнирін өткізіп отырмыз. Бұл енді еліміздің абыройын көтеріп жүрген даңқты спортшылармен жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шараға айналады. Ал алғашқы кездесудің әлемнің 4 дүркін чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасованың қатысуымен шахматтан басталуы – ол ең алдымен осы танымдық ойын түрінің дамуына үлес қосумен қатар, өскелең ұрпаққа үлгі ете отырып, жас ұрпақ арасында, мектеп қабырғасында кеңінен насихаттауға жол ашатыны сөзсіз. Себебі шахмат – спортта да, өмірде де дұрыс қадам жасауға үйретеді, – деді Н.Нығматулин.
Осыдан кейін Динара Сәдуақасовамен бір мезгілде ойын сеансы басталды. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, аталған турнирге шетелдік әріптес-депутаттардың Нұр-Сұлтанға арнайы келіп қатысуы парламентаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді. Динара Сәдуақасова 18 тақтада бір мезгілде ойын сеансын өткізді. Өз кезегінде Динара Сәдуақасова мерейлі мереке қарсаңында Мәжіліс ұйымдастырған ауқымды шараға зор қуанышпен қатысқанын және оның егемендікке деген ерекше құрмет ретінде бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ Палата cпикері Динара Сәдуақасоваға елеулі еңбегі үшін Парламент Мәжілісінің атынан арнайы алғысхат табыс етті.
Ойын қорытындысында бірнеше аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. «Үздік ойын» аталымы бойынша Мәжіліс депутаттары Аманжан Жамалов, «Үздік жүріс» аталымы бойынша Владислав Косарев, «Жеңіске деген жігер» аталымы бойынша Қуаныш Сұлтанов марапатталды.
А.ЖАСАНҰЛЫ