Тәуелсіздік – дүниеде теңдесі жоқ, тәтті сөз. Бірақ оның оңайлықпен келмейтіні түсінікті. XX ғасырдың 90-жылдары әлемдегі алып империяның бірі – Кеңес Одағы ыдыраған тұста, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың басшылығымен ежелден егемендікті көксеген ата-бабаларымыздың сол арман-тілегі, мақсат-мүддесі алғаш жүзеге асып, тәуелсіз Қазақстан мемлекеті құрылды. Міне, содан бері – тура 28 жыл! Қазір азат Қазақстан әлем танып, мойындаған, саяси-экономикалық даму қуаты күшті іргелі мемлекетке айналды. Сондай-ақ ел игілігіне, мемлекеттігімізді нығайтуға қатысты қыруар келелі істер атқарылуда. Ең бастысы, қазақ сахарасының төрінде тәуелсіздіктің нышанындай болып ел жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласы бой түзеді. Жаңа елорданың сәні де, мәні де, сәулеті де, дәулеті де қазақ елін әлемге танытатындай қалыптасып дамыды. Мұнда өңірлік емес, халықаралық жиындар, басқосулар өтуі – қалыпты жағдайға айналды. Ұлт Көшбасшысының беделі елдің абыройын асқақтатып, жаңа межелер мен бағдарлар анықталды.
Бүгінде әлемдік нарыққа сай қайта құрылып, жаңарған Қазақстанның жаңа өмір кезеңдері, тіпті керек десеңіз, жаңа тарихы жасалып жатқаны баршаға белгілі. Біз оны еш уақытта ұмытпауға, естен шығармауға тиіспіз.
Тәуелсіз ел атанған осы 28 жылдық тарихымызда талай-талай қиындықтарды бастан өткерумен қатар, әлем таңғаларлық тамаша жетістіктерге де қол жеткіздік. Ал оның бәрі егемен еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауында, «Қазақстан – 2050» Стратегиясында, «Қазақстан жолы» тұжырымдамалы еңбегінде жан-жақты әрі айқын айтылған. Демек, бүкіл бір мемлекеттің өмірін терең талдап, сараптауға құрылған бұл еңбектердің өзін үшінші мыңжылдыққа батыл қадам басқан Қазақстанның жылнамасы десек, еш қателеспейміз. Мен осы арада Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда ғана Nur Otan партиясы мен оның Мәжілістегі фракциясы алдында сөйлеген сөзіне тоқталып өткім келеді.
Шындығын айтайық, осынау алқалы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы мен оның Мәжілістегі фракциясының негізгі міндеттерін тағы бір мәрте айқындап берді. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін белсенді әрі батыл әрекет ету керек деді. Еліміздегі жетекші саяси күш ретінде елді толғандырған проблемаларға қатысты дер кезінде бастамалар көтерудің маңызын айтты. Одан соң қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтар мен бірінші басшылардың кездесуін жиірек ұйымдастыруды тапсырды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлау заңнамасын реформалау нәтижелеріне тоқтала келіп: «Партия проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керек, сонда беделіміз де артады, халық та қолдайды» деп тиімді жұмыс істеудің маңызын айрықша атап өтті.
Партия Төрағасы сонымен бірге «Қазір Үкімет пен бүкіл атқарушы билік білек сыбанып, Nur Otan партиясы мен жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орындауға, адамдардың нақты проблемаларын шешуге тиіс. Ең алдымен өңірлерде жұртшылықпен тығыз жұмыс істеу қажет, – дей келе, «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды.
Атап айтқанда, Елбасы бағдарламаға сәйкес партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдауды, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізуді, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруды тапсыра отырып, қазіргі таңда «жаңа» медиа саласында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келе жатқанын, жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көтеріліп кететінін, осыдан қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасатынын бекерден-бекер айтқан жоқ. Бұла арада партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс екенін алға тартып отыр.
Қысқасы, Тұңғыш Президент партияның күнделікті жұмысын жандандыра отырып, халықтың сұранысына алдын ала жауап беруді үйрену керек екенін алға тартып отыр.
Дана Абайдың ғақлияларында кемел немесе толық адам туралы ой айтатыны естеріңізде шығар. Бұл ұғымның шығыс пен қазақта айқындалған нақты анықтамасы да бар. Қазақстан халқы мен қазақ ұлты үшін күн-түн демей жанын шүберекке түйіп, арымен қызмет етіп жүрген Елбасын кемел адам деуге толық негіз бар. Тәуелсіздік пен ел тағдыры туралы жалпы сөз бола қалған кезде, ең алдымен жаңа арнадағы Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалаушы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі ұлттық мақтанышымыз ретінде ерекше құрметпен айтылатындығы да сондықтан.
Егемен еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің құрылу, өсіп-өркендеу, тіпті керек десеңіз, күллі әлемге қазақ деген ұлттың және қазақстандықтар деген халықтың танылуы – бүгінгі заманның үлесі, елдік сана тарихы. Біз Елбасымызбен де, жаңа тарихымызбен де мақтанамыз, мерейленеміз.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің ректоры