Бұдан былай Каспий теңізіндегі итбалықтарды спутник арқылы бақылайды.
24.kz-тің айтуынша, ғалымдар Каспийдегі итбалықтың тыныс-тіршілігі мен миграциялық өрісін ұдайы бақылап отырады.
Бұл үшін оларға арнайы микрочип тағылады. Жалпы, елімізде итбалық тек қана Каспий теңізінде ғана кездеседі. Өкініштісі, итбалық азайып барады. Осыған орай ихтиолог-ғалымдар жаңа технологияның көмегімен балықтарды жіті зерттейтін болады. Спутниктік бақылауға арналған микро қондырғы 9 ересек итбалыққа тағылды. Теңіз биоресурсын зерттеуші ғалым Гүлсім Мұтышева: «Итбалықтарға арналған микрочип олардың арқасына немесе басына эпоксид желімінің көмегімен орнатылған. Ол теңіз жануарының саулығына еш залал келтірмейді. Сол арқылы біз олардың тіршілігін ғарыштан бақылаймыз. Өрісін анықтаймыз, есебін аламыз», – дейді.
Телеарнаның хабарлауынша, кейінгі 20 жылда теңіз жануарларының санағы мүлде жүргізілмеген. Ресейлік ғалымдардың есептеуінше, бүгінде Каспий теңізінде 300 мың бас итбалық бар көрінеді. Оның 100 мыңдайы Қазақстан аумағында тіршілік етеді деген болжам бар.