Чемпиондар жертөледе жаттығып жүр
Чемпиондар жертөледе жаттығып жүр
315
оқылды

Сырым ауданына қарасты Бұлдырты ауылдық округі – Батыс Қазақстан облысы бойынша іргелі ауылдың бірі. 545 түтіні, 3 000-нан астам тұрғыны бар үшбу мекеннің жас­тары спортқа бейім. Олар әсіресе еркін күрес пен қол күреске құмар. «Талпынған жетер мұратқа» деген­дей, бұлдыртылық жастардың алды бүгіндері ел бірін­ші­лігін былай қойып, Азия құрлығы мен дүниежүзілік до­далардан да олжалы оралып жүр.

Мәселен, еркін күрестен елімізге еңбегі сіңген спорт ше­бері, Азия және Әлем чем­пио­натының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов – бүгінде туған ауылымен қоса, Сырым ауданы мен біздің облыстың ортақ мақтанышы. Осыдан бірер апта бұрын мәреге жеткен еркін күрестен Қазақстанның биылғы чемпионатында 74 келі салмақ дәрежесі бойынша Бахыттың Нұрланы ел чемпионы атанып, өзінің бабында екенін тағы бір дәлелдеді. Ендігі мақсат – ақпан айында өтетін Азия чемпионатында алтыннан алқа тағып, құрлық бойынша ешкімге дес бермеу. Міне, осындай жағдайда Нұрлан баһадүрге келер жылы Жапонияның астанасы Токиода өтетін жазғы Олимпиадаға қатысуға жол ашылары анық. Өйткені бұл салмақ бойынша осыдан бірер ай бұрын Астанада өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы олимпиадалық ли­цен­зияға қол жеткізді. Кезін­де Нұрландай дарынды шә­кір­тін күрес әлеміне жете­леген Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Асқар Сәукелиннің Бұл­дыртыдағы іргелі ісін қазір Нұр­ланның туған ағасы Рус­лан Бекжанов (суретте) жал­ғастыруда. Ол Сырым аудан­дық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі Бұлдырты филиалының бапкері ретінде 60 өренді еркін күрестің қыр-сырына баулып жүр.

Ауыл бапкерінің үш шәкірті бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында Қажымұқан атындағы спорт кол­леджінде тәлім алып ж­а­тыр. Ең бастысы, Руслан Бахыт­ұлы­ның біраз шәкірті қазірдің өзінде айта жүретіндей белестерді еңсеріп үлгерді. Нұржан Исаға­лиев еркін күрестен еліміздің 2018, 2019 жылдардағы екі дүр­кін чемпионы атанса, Назер­ке Оңдағанова кадеттер ара­сын­да Қазақстан чемпионы, Гүлдерайым Тыныбекова Қазақ­стан чемпионатының жастар арасында үш мәрте қола жүлдегері, ал Қазбек Бахытов республикалық және ха­­лықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы болды. Осындай қырандарды қанаттандырып, биіктерге сам­ғатып жүрген бапкер жылына он шақты спорт шеберлігіне үміткерді даярлайды екен. Жақында Бұлдыртыдан шыққан чемпиондар ұшатын ұяны, яғни спортзалды көріп, жағамызды ұстадық. Бұлдырты жалпы орта білім беретін мектебіне қарасты интернаттың жертөлесін спорт­тық зал деу қиын. Тап-тар әрі ауасы да тымырсық.

1c53f239-dec7-412b-a58b-2384b3a60669.jpg

– Біздің ауылда салынуы тиіс денешынықтыру-сауықтыру кешенінің 3 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаты жасалғанына екі жылдан асып барады. Мұндай құжат тек үш жыл ғана жарамды екен. Демек, келесі жылы кешен салынбаса, 3 миллион теңге текке күйіп кетеді, – деп уайымдайды Руслан Бекжанов. Бұл мәселеге қол күрес бапкері Төлеген Құрашев та пікір қосты.

– Екі жылдан бері армрест­линг үйірмесін жүргіземін. Спорттың бұл түріне ұл бала­лар­дың да, қыз балалардың да құлшынысы күшті. Биылғы оқу жылында қол күресі үйір­ме­сіне 32 оқушы жүйелі түрде қатысып жүр. Екі жылдың ішінде 13 спорт шеберлігіне үміткерді даяр­ладым. Егер жағдай болса, осы көрсеткіштің өзін көбейтуге болады. Бірақ ол үшін заман талабына лайық спорттық кешен керек. Әзірге ұл-қыздарымыз тап-тар әрі аласа жертөленің қуықтай бөлмесінде жаттығуға мәжбүр. Соның өзінде шәкіртте­рім жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Мысалы, биылғы Қазақстан чемпионатында Ерсұлтан Тал­ғатов деген шәкіртім қола жүл­дені иеленді. Ділнәз Әбуна­ғы­мова мен Ұлпан Ихсанова осыдан бір ай бұрын Алматыда өткен Азияның ашық кубогына қатысып, екеуі де қола жүлдегер атанды, – дейді бапкер.

турник.jpg

– Бұл мәселе бапкерлер мен ба­лаларды ғана емес, ата-ана­ларды да толғандырады. Ауыл­дық жердегі спорт кешеніне мем­лекеттік-жекеменшік әріптес­тік формуласы бойынша инвестор табу қиын болып тұр, – дейді Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев.

Ендеше, Бұлдырты ауылы­ның үлкен-кішісін бірдей маза­лай­тын шаруа аудан, облыс басшы­лығы тарапынан түсіністік тауып, оң­тайлы шешілер деген үміт­те­міз. Әйтеуір, болашақ дене­­шы­нық­тыру-сауықтыру кеше­нінің жо­балық-сметалық құ­жа­­тын жа­сақ­тауға кеткен 3 млн теңге желге ұшпаса екен.


Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы