Қатты аязда жолда қалды
Қатты аязда жолда қалды
170
оқылды

Күн райының күрт суытып, аяз қысатыны туралы хабарлап, ­ұзақ жолға сапарлауды кейінге қалдыру туралы ескерту жасалғанына қарамастан, автокөлікпен жолға шыққандар азаймай тұ­р. Олардың арасында көлігі жолда бұ­зылып, өздері аяз құ­рсауында қалатындары да жоқ емес. Абырой болғанда, оларға патрульдік полицейлер дер кезінде көмекке келіп жүр. Ал егер көлік байланыс аясынан тыс жерде сыр берсе ше, ойлаудың өзі қорқынышты.

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер қатты аязда жолда қалған екі отбасын – үш ересек және бес баланы құтқарды. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа жылды ауылда қарсы алған екі отбасы жексенбінің кешінде Сергеевкадан Петропавлға көлікпен шыққан. Новоникольское елді мекенінің маңында «ВАЗ 2110» көлігі сынған. Жол шетінде тұрған көлікке сол жерде кезекшілікте жүрген полицейлер көмектескен. «Сол күні ауа температурасы -34 градус болғанымен, желдің күшімен ызғары -40-қа дейін жетті. Мұндай қатты аязда алыс жолға шықпауға кеңес береміз. Бірақ бұл ескертуді елемейтіндер бар. Кезекшілік барысында жол шетінде тұрған көлікті көрдік. Машина сынып қалған екен. Салонда екі отбасы: жүргізуші, екі әйел және бес бала бар, соның бірі жасқа толмаған сәби. Жүргізушіге көрші ауылдан машинасын жөндеуге көмек шақырдық, ал әйелдерді балаларымен «Оңтүстік-Шеп» постына жеткіздік. Сол жерден оларды қалалық батальонның патрульдік полицейлері үйлеріне апарып салды», – дейді патрульдік полиция батальонының инспекторы Шалқар Қапезов. Ал сынған көлікті жөндеуге сол маңдағы жергілікті шаруашылық жұмысшысы көмектесіпті. СҚО ПД Жергілікті Полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиевтің айтуынша, қатты аяз кез келген жүргізушіні жолда қалдыруы мүмкін. «Шаруа қожалықтарына, жолда қалғандардан көмегін аямайтындарға алғыс айтамыз. Бұл күндері облыс жолдарында тәулік бойы 16 автопатруль кезекшілік етеді. Жыл басталғалы олар көлігі сынып жолда қалған оннан астам жүргізушіге көмек берді», – дейді ол. Ал Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданында құтқарушылар аязды күні жолда қалған 3 адамды үйіне жеткізді. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, 7 қаңтар күні таңғы сағат 06.00 шамасында «Мицубиси Паджеро» көлігінің жолаушылары құтқарушыларға хабарласып, көмек сұраған. Ауа температурасының күрт суытуы салдарынан Барышовка және Жерновка ауылдарының арасындағы тасжолда көліктің дизель отыны қата бастаған. «Оқиға орнына келіп жеткен құтқарушылар «Нива Шевролет» көлігімен 3 адамды эвакуациялады. «Мицубиси Паджеро» автокөлігін сүйреуге сол маңнан өтіп бара жатқан «ВАЗ 2115» көлігінің жүргізушісі көмектесті», – дейді ведомство өкілдері. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгіндері өңірде күннің жылуын тосып тұрған жүк көліктері көп. Мысалы, Семейден Қалбатау ауылына шығаберісте 10 жүк көлігі, Бородулиха ауылы бағытында 5 жүк көлігі тоқтап тұр. Сондай-ақ Аягөз ауданындағы жол бойында орналасқан дәмханада 11 жүк көлігі аяздың аяқталуын күтіп тұр. «Алматы–Өскемен» тасжолындағы дәмханада 5 және Қалбатау ауылында 5 жүк көлігі тұр. Жалпы, 40-тан астам көлік күннің жылынуын тосуға мәжбүр. Ұзақ сапар түгілі, сыртқа бір шаруамен барып-келуде де сақ болу қажет болып тұр. Себебі Семей қалалық жедел жәрдем стансасына бір күннің ішінде аяқ-қолы үсіп қалған 6 адам жүгінген. Бір азамат вагоннан жүк түсіріп жатқан кезде, ал енді бірі қолғап кимей сөмкесін көтеріп жүргенде қолын үсік шалған. Жаңа жыл басталғалы аталған жедел жәрдем стансасына үсік шалған 17 адам жүгініпті. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға алыс сапарға шыққан кезде Darmen мобильді қосымшасы арқылы алдын ала жолдың жай-күйі туралы біліп алуға кеңес береді.

Айдана БЕГІМ