GSB UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық:
Доллар бағамына бірнеше макроэкономикалық факторлар әсер етуі мүмкін. Барлығы мұнай бағасына байланысты. Бірақ соңғы тенденцияға қарасақ, оң өзгерісті байқауға болады. ОПЕК+ келісімі өз тиімділігін көрсетті. Осы жылдан бастап Ресей мен Қазақстан мұнай өндіру көлемін ұлғайта бастайды. Бұл жағдай мұнайды тасымалдау мен жеткізу көлеміне оң ықпал етіп отыр. Әлемде болып жатқан оқиғалар біздің экономикамызға тікелей тәуелді мұнай бағасына ықпал етеді. Алдымен геосаяси жағдайды назарға аламыз. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде орын алған Таулы Қарабақтағы оқиға, Қырғыз Республикасы мен Беларусь еліндегі саяси шиленістерді мысалға аламыз. Жасыратыны жоқ, Ресейге деген көзқарас әлемдік саяси сахнада кері ықпалға ие. Қазан айында рубль айтарлықтай құлдырады. Оның теңгеге де әсері болды. Сол уақытта Ұлттық банк теңгені тұрақтандыру үшін интервенция жасап та үлгерді. Бұған қоса көк қағаздың «күшеюі» АҚШ-тың жаңа президентінің қандай бағыт ұстайтынына байланысты болмақ. Қазірдің өзінде Байден Ресейге тісін батырып отыр. Оның жүргізетін саясаты қалай боларын президент инаугурациясынан кейін көреміз. Байденнің сайлау алдында айтқан ойларының бірі жасыл экономикаға көшу үшін 2 трлн доллардан астам қаражат құйып, мұнайға тәуелділікті жоюға қатысты. Бұл жоспар іске асса, мұнай нарығына кері әсер етуі мүмкін.Жалпы мұнай бағасы 40 доллардан төмендемейтін болса теңге тұрақталады. Егер керісінше мұнай нарығында баға құлайтын болса алдағы уақытта теңге құнсызданады. Айта кетерлігі, былтыр біздің экономикада импорт пен экспорттың арасындағы айырмашылық айтарлықтай ұлғайған. Яғни, сатқанымыздан сатып алғанымыздың артық болуы теңгеге қысым түсіреді. Атқарушы билік тарапынан доллар бағамы елдегі азық-түліктің бағасына әсер етпейді деген пікір жиі айтылады. Теңгенің еркін арналымға өткеніне 5 жыл болды. Осы уақыт ішінде «ішкі тұтыну нарығына әсер етпейді» деген сөздің өтірік екеніне көзіміз жетті. Доллар қымбаттаса тауар бағасы да қоса қымбаттайды. Осы ретте, ұрымтал сәтті пайдаланып бағаны қолдан көтеріп отырған кәсіпкерлердің де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Өткен жылы әсіресе, карантин кезінде азық-түлік бағасы айтарлықтай қымбаттады. Оған Үкімет те ешнәрсе істей алған жоқ. Екіншіден, доллар күшейіп теңге құнсызданған сайын азаматтардың алып отырған жалақысы азаяды. Осыдан бір жыл бұрынғы айлыққа алған тауарды қазір сол мөлшерде ала алмайды. Себебі баға шарықтап кетті.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Биылғы жылы доллар бағамына 3 түрлі фактор әсер етеді. Біріншісі, жаһанды жайлаған пандемия. Әлем елдерінің ұсынған вакциналары нәтижелі болып індеттің алдын алу жолдарын қарастыратын болса, мемлекеттер арасындағы сауда байланысының қайта жандануына ықпал етер еді. Біздің экспорттық әлеуметіміз артса, теңгенің долларға шаққандағы бағамы нығаяды. Екіншіден, елдегі ІЖӨ-нің 65 %-ын мұнайдан түскен табыс құрайды. Биыл Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмендемейтін болса, онда республикалық бюджеттің орындалуының 90-95 %-ы осыған байланысты. 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнай бағамы 40 доллардан деп бекітілген еді.Егер бұл межеден баға жоғарылайтын болса, теңгенің де «бәсі» артады да 410-415 шамасында сақталады. Биыл доллардың бағамы 450-ге жетпейді. Ұлттық банк теңгені девальвацияға ұшыратып алмауды ойлап отыр. Үшіншіден, Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларды тиімді ұйымдастыра білуіне де байланысты. Оның ішінде Ұлттық қордағы қаражат және Халықаралық қайта құру және даму банкінен бөлінген қаражаттың шағын және орта кәсіпкерлікке, халық тұтынатын тауарларды өзімізде шығару үшін қарапайым заттар экономикасын дамытуға басымдық беру керек деп ойлаймын. Сырттан келетін тауарлардың бағасы доллар құны өссе қымбаттайды. Өйткені көк қағазға тікелей тәуелді. Бұл санатқа мемлекет тарапынан бақыланбайтын дәрі-дәрмектер, автокөліктер жатады. Олар басында басқа курспен сатып алынса, кейін өзгерген курспен сатылып жатады. Одан бөлек жаман әдетке айналған үдеріс долларға еш қатысы жоқ азық-түлік өнімдерін кәсіпкерлер мен жеткізушілер қолдан қымбаттатады. Кем дегенде тұтынатын тауарлар 15 %-ға қымбаттайды. Осындайда Үкімет шекті бағадан асырғандарға шара қолдануы керек. Солай ғана реттей аламыз.
GSB UIB бизнесті талдау орталығы маманы, Асылхан Андашов:
Алдағы уақытта Батыс елдеріндегі немесе Ресей, Үндістан, Қытай сияқты елдердің вакцинасы сәтті болып жыл ортасына дейін халықтың көп бөлігі вакцинаны қабылдаса жағдай тұрақталуы мүмкін. Бұл жағдай елдің ішкі-сыртқы саудасына әсер ететіні анық. Позитивті жоспарға сенсек сауда профициттік (экспорт көрсеткіші импорттан көп) жағдайда болса теңгенің құны артады. Одан бөлек теңгенің жағдайын мұнайдың сұранысы анықтайды. Үшінші фактор, АҚШ жаңа администрациясы Қытай мен ЕО арасындағы сауда соғысын тоқтатса, бұл жағдай теңгеге оң әсер етуі керек.Теріс ықпал етерін жайттардың ішінде АҚШ-тың жаңа басшысы Ресейге қысымын арттырса, Қазақстанның сыртқы саудасы құлдыраса, дефициттік көрсеткіш жалғаса бесе теңгенің құны төмендейді. Менің ойымша, алдағы жылы теңге аз да болсын өз күшіне енеді. Bloomberg агенттігі 2021 жылғы ең тартымды валюталар арасына рубльді енгізген еді. Бәрімізге белгілі рубль күшейсе, теңгеге де оң әсер етеді.