Орда құрған 30 жыл
Орда құрған 30 жыл
764
оқылды

ХХ ғасыр әлем және ұлт тарихында революцияларға, соғыстарға, ашаршылыққа, күрделі саяси өзгерістерге то­лы дәуір болды. Сондай заман­ның соңында егемен­дікке қол жеткізген Қазақ­стан­ның Тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы ірі империя, мем­лекеттердің ғұмыр жа­сы­мен салыстырсақ, 30 жыл қас-қағым сәт. Алайда азат өткен бұл 30 жыл Кеңес елі­нің құрамында тағдыры қыл үстінде тұрған қазаққа қайта түлеуге, өрлеуге мүмкіндік берген Тәңір сыйына айнал­ды. Осы мерзімде егемен ел ретінде біз не істей алдық, неге қол жеткіздік? Жауапты ой елегінен өткізсек.

30 жыл Жаңа ұрпақ қалыптасты. Қа­зақтың ақсақалдары ұзақ ғұмыр тілегенде «жүз жаса, ұрпағыңмен мың жаса» деп бата береді. Адам ұрпағымен көрікті. Егер кешегі келмеске кеткен Кеңес дәуірінде коммунизмге бет бұрған буын болса, 1991 жылдан бері мүлде жаңа ұрпақ өсіп келеді. Бұрын­ғыдай Ленинді жатқа соғып, Мәскеуді әлемнің ордасы санай­тын түсініктен ада, өз күшіне сенетін, бірнеше тілді меңгеру қиын соқпайтын, білімді, санасы азат ұрпақ қалыптасты. Бұл – тәуелсіздігіміздің басты жетістігі. Әрине, бәрі бірден бола қойған жоқ. Алғашқы 10-15 жылда Ресейге бүйрегі бұрып, өткеннің 15 тиындық шұжығын аңсаған­дар жиі кездесті. Олардың жас буынға кері әсері болды. Бірақ 30 жылдан кейінгі жағдай мүлдем басқа. Талонмен нан алатын, биліктің рұқ­сатымен ғана басқа қалаға көшетін, дүкендегі ұзақ-сонар кезекте тұратын, қосымша та­бысқа тыйым салынатын ке­зеңді көрмеген, еркіндікте жетіл­ген ұрпақ ержетті. Кезінде аға-әкелерімізге ар­ман болған шетелдік диплом бү­гінгі жас өрендер үшін қол жет­пейтін қиял емес. Сорбонна, Кембридж, МІТ, Оксфорд, LSE-де білім алған қазақ жастарының қатары қалыңдап келеді. Бастап­қыда «Болашақ» бағдарла­масы­мен білім алса, бүгінде өз күші­мен ше­телдік гранттарды жеңіп ала­тын қаракөздер жетерлік. Білім – қару, тіл – қару. Шет тілдерін меңгеріп, халықаралық деңгей­дегі білім алған қазақ жастары қазір Google, Facebook, Apple, Tesla, Amazon секілді жаһанның ірі компанияларында еш кедер­гісіз қызметін атқаруда. Ал Айсұлтан Сейітов АҚШ-тың бел­гілі әншілеріне клип түсіріп жүр­се, Иманбек – Grammy сый­лы­ғына үміткер. Яғни, өз еңбегі мен қарым-қабілетіне сенген жастар­дың жаңа толқыны бә­секелі на­рық экономикасына бейімде­ліп, өзінің тұлғалық әлеуетін паш етуде. Әрине, бұл жаңа буын өкіл­дерінің ойлау кеңістігі, көз­қара­сы, көтерер мәселесі, мақсат-мұраты аға буыннан өзгешелеу. Олар – «тәуелсіздік ұрпағы». Сырттай қарағанда, азат елде еркін жастардың қалыптасуы заңдылық секілді көрінеді. Алайда әлем тарихында бір ғасырлық бодандықтан соң бостандыққа үрке қарайтын халықтар да пайда болған. Ал Ресейдің 300 жылдық билеп-төстеуінен соң бар-жоғы 30 жыл егемендіктен кейін санасы азат ұрпақтың өсіп шығуы қазақ ұлтының сарқылмаған әлеуетін көрсетсе керек. Территория тұтастығы сақтал­ды. «Туған жер – тұғырың» дейді қазақ. Алып атырапты мекенде­ген жұрттың өз мекенін тұтас сақ­тап қалуы тек қорғаныс мис­сиясы ғана емес, ұлттың аман қалуымен тікелей байланысты міндеті де болатын. Ата-баба ама­натын өз уақытында Алаш арыс­тары абы­роймен атқарды. Лениннің ал­дында ғылыми д­ә­лел­дерін келтіре отырып, Сары­арқа даласын Сібірревком­ның мен­шігіне бер­мей, талан-таражға сал­дырмады. Тарих кейде спи­раль сынды қай­та­ланатын про­цеске ұқсайды. Шекараны ше­гендеу миссиясы 70 жылдан соң егемендіктің ал­ғашқы жылда­рын­­да ел алдына қайта оралды. Бұл жолғы міндет күрделі еді. Өйткені қос тарапта Ресей мен Қытай бар еді. Олар тарихта көр­шілерінің жерін тар­тып, басып алумен аты қалған. Қазір де өзге­нікін «сүйреп кетуге» ке­тәрі емес. Орталық Азияда бауыр­лас елдер десек те, әрбірінің өзі­нің страте­гиялық мүддесі бол­ды. Байлыққа толы Каспий суын да 5 ел арасында тең бөлу керек еді. Әрине, көр­шілермен татулық­ты сақтай оты­рып, мем­лекет шекарасын белгі­леп, келісімге келу жауапкершілігі сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа артылды. 30 жыл Шекараның сызығын белгілеуді көпке қалдырмау сол уақытта ең алдымен қазақ үшін керек екенін бүгінгі саяси қақтығыстарға қарап, түсініп отырмыз. Неге? Ресеймен шекарасын толық анықтамаған Украина 2014 жылы Қырым тү­бегінен айырылып қалды, Дон­басс жері сепаратистердің бақы­лауына өтті. Ал Молдова өзіне қа­расты Днестр маңы аймағын бақылап отырған жоқ. Бейбітшілікті қам­тамасыз етеміз деген желеумен кір­ген Ресей әскері ол жақтан шығар емес. Грузия да Мәскеумен соқ­тығысып, Оңтүстік Осетия және Абхазиядан айырылып қалды. Қа­рызын қайтара алмаған Тәжікстан Қытайға біраз жерін бөліп берді. Яғни, халықаралық құқық нор­маларына қарамай, территорияның біраз үлесін тартып алу дерегі тіркелді. 30 жылдан соң шекараны анықтауға байланысты ширек ғасырға жуық жалғасқан дипло­матиялық келіссөздер, топо­гра­фиялық, картографиялық, ар­хивтік, демаркациялық, дели­ми­тациялық жұмыстарды бір қа­ғазға сыйдырып жазу оңай шығар. Бірақ империялық амбициясынан айны­маған дер­жавалармен тең сөйлесіп, жер тұ­тастығын сақтап қалу маңдай тер­ді төккізген ауыр жұмыс бол­­­ғаны айдан анық. Бүгінде 2,7 млн шаршы шақырым жеріміздің әр қадамы анықталған. Бес көршімен де құқықтық келісім бар. Шекара ше­генделген. Бұл – тәуелсіз мем­ле­кеттің сүбелі жетістіктерінің бірі. Қазақтың саны артты. 1897 жылы Ресей патшалығында қа­зақтың саны 3 млн 745 мың болды. Бұл сол кезде қазақ даласында өмір сүрген барша жұрттың 82 пайызы еді. 20 жылдан соң, яғни Қазан төңкерісі болған жылы қазақ 6 миллионға жуықтады. Алайда тағы 20 жыл өткенде, қанқұйлы реп­рессия болған 1937 жылы Алаш жұрты бар-жоғы 2,1 миллион еді. Бұл статистика 1923-1933 жылдар аралығындағы ашаршылықта 4 млн қазақ көз жұмып, қалғаны бас ауған жаққа көшіп кеткенін көрсетеді. Кейін соғыс жылдарында Қазақ­станға бүкіл КСРО-дан түрлі этнос өкілдері жүз мыңдап жер аударылды. 1954 жылы тың игеру науқаны басталғанда миллионнан аса славян халықтары көшіп келді. Осылайша, республикада тоқтаусыз жасалған этникалық тәжірибелердің сал­дарынан қазақ өз жерінде аз ұлт­тардың бірі болып қалды. Мәселен, тың игеру тәмамдала бас­таған 1959 жылғы санақ бойынша респуб­ликадағы қазақтың үлесі 30 пайыз болған. Жоғарыда айтылған 1897 жылдан бері 50 пайызға кеміді. Тіпті, тәуелсіздік алған жылдары да қатарымыз қалың емес еді. 40 пайыз­­дың шамасы болды. Дегенмен 30 жылда жағдай күрт өзгерді. Қазақстан халқының да, қазақтың да саны артты. Ахаңның сөзімен айтсақ, әлхамдулиллә, аз емеспіз, жалпы санымыз – 18,8 миллион, оның 12,7 миллионы қазақ. Яғни, Алаш жұрты өз жерінде 70 пайызға жақындады. Бұл оңай­лықпен келген нәтиже емес. Жыл өткен сайын әр нәрестеге төленетін қаражаттың көлемі артты. Биылдан бастап әр сәбиге берілетін бірреттік жәрдемақы 110 мың теңгеге жетті. 4-балаға 183 мың теңге төленеді. Көпбалалы отбасылар ай сайын 46 мың теңгеден жоғары көмек алады. Халықтың табысы артты, әлеуметтік жағдай түзелді. Бұл факторлар сөзсіз халықтың табиғи өсіміне әкелді. Мәселен, 2014 жылдан бері елімізде жыл сайын 400 мыңнан аса нәресте дүние есігін ашады. Соңғы рет мұндай оң көр­сеткіш тек 1987 жылы ғана тіркелген еді.

Ресей патшалығы, Кеңес Одағы құрамында тар жол, тайғақ кешуді басынан кешіріп, физикалық жойылудың алдында тұрған ха­лықтың саны азаттыққа қол жет­кізген соң өткен 30 жылда осылай еселене артты. Мәселе тек халық де­мографиясында ғана емес, сон­дай-ақ ұлтпен бірге өмір сүретін тіл, дін, діл, салт-дәстүрдің қайта жандануына мүмкіндік туды. Бұл – азат 30 жылдың жемісі.

Бұдан бөлек, егемендіктің ал­ғашқы жылдарынан бастап жырақта қалған қандастар елге орала бас­тады. 30 жылда 1 мил­лионға жуық қазақ өзінің тарихи Отанына қай­тып, Қазақстан азаматы атанды. Ресей патшалығы, Кеңес Одағы құрамында тар жол, тайғақ кешуді басынан кешіріп, физикалық жойылудың алдында тұрған ха­лықтың саны азаттыққа қол жет­кізген соң өткен 30 жылда осылай еселене артты. Мәселе тек халық де­мографиясында ғана емес, сон­дай-ақ ұлтпен бірге өмір сүретін тіл, дін, діл, салт-дәстүрдің қайта жандануына мүмкіндік туды. Бұл – азат 30 жылдың жемісі. Нарық экономикасы қалыптасты. Бүгінгі капиталистік көзқараспен бағамдасақ, нарық экономикасына өту еліміз үшін қалыпты, заңды үрдіс секілді көрінеді. Алайда кеңестік жоспарлы экономикамен тіршілік еткен аграрлы, табиғи байлықты өндіруге негізделген елді 10 жылда нарықтық экономикалы мемлекет деп жариялау үлкен ре­формаларды талап етті. Төл ва­люта – теңгені енгізу, тәуелсіз несие-ақша саясатын жүргізу, экспорт және импорт үшін ше­караны ашу, шетелдік және отандық инвестициялардың, ка­питалдың еркін қозғалуына жағдай жасау, жеке кәсіпкерлікті қолдау алғашқы декадада белсенді жүзеге аса бас­тады. 2002 жылы наурыз айында АҚШ Қазақстанды нарық эко­номикасы қалыптасқан мемлекет деп таныды. Бұл жас елдің имиджі, инвестициялық тартымдылығы үшін маңызды еді. 70 жыл ескі ережемен ғұмыр кешкен қоғамды қысқа мерзімде капитализмнің талаптарына сай өзгерту оңайға түспегені белгілі. Нарық реформалары тиімді іске асу үшін заң қабылдап, бюджеттен қаражат бөлу жеткіліксіз еді. Бас­тысы, кешегі социалистік шинелден шыққан қоғамның санасын ақы­рындап өзгерту қажет болды. Әсі­ресе, үкімет асырайды, үкімет нансыз қалдырмайды, үкімет жұмыс тауып береді деген түсінікпен өскен бірнеше ұрпақты «әркім өзі үшін» деген ұстанымдағы базар эко­номикасына көшіру халыққа қиынға түсті. Дегенмен мұнай-газ экспор­тынан түскен қаражат, шетелдік инвестиция, қайта жанданған өндіріс, жаңадан қалыптаса бас­таған қызмет көрсету (сервис) саласы, жұрттың Қытай мен Түр­киядан тасып, базарда сатқан тауар кәсібі нарық экономикасына жан бітірді. Кейін ашылған жаңа ком­пания, корпорация, банк, қаржы ұйымдары экономиканы жаңа кәсіби деңгейге шығарды. Әрине, осыншама реформа нәтижесіз қалмады. Мәселен, Қазақстанның ЖІӨ 1993 жылы 23 млрд доллар болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 180 млрд долларға жетті. Дегенмен биыл коронавирус пандемиясы тудырған дағдарыстың салдарынан ЖІӨ 166 млрд доллар болуы мүмкін. Бас­тысы, өткен 30 жылда тәуелсіз на­рық экономикасы қалыптасты және 1998, 2008 және 2020 жыл­дардағы қаржы-экономикалық дағ­да­рыс­тарға төтеп берді. Ядролық қару мен полигоннан азат болдық. Қазақ халқының қа­сіретіне айналған Семей ядролық полигонын жабу, ел армиясында тұрған ядролық арсеналдан ерекше шарттар негізінде бас тарту бос­тандық құқығын қолданудың көрінісі еді. Неге? Себебі 18 млн гектар жерді алып жатқан по­лигонда 1949-1991 жылдар ара­лығында 456 ядролық және тер­моядролық жа­­­рылыс жасалды. Яд­ролық жа­­рылыс қоршаған орта мен жергілікті халық үшін аса қауіпті екені тек 1953 жылдан кейін ғана айтыла бастады. Уақыт өте аймақта кесел түрлері жиі тіркеле бастады. Әсіресе, өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфо­ге­мобластоз және басқа да қатерлі ісік көбейді. Жарылыстан туған ра­диация адам­ның гендік кодын өз­геріске ұшы­рата алатын еді. Осы себепті по­лигон маңындағы халық ара­сында кемтарлығы бар сәбилер туыла бастады. Жалпы саны 1,5 миллион адам зардап шекті. Бұл Мәскеуге бодан болған халық үшін ауыр сынақ әрі азап еді. Халықта жа­рылыстарды тоқтатуға ерік те, би­лік те болмады. Дегенмен тәуел­сіздік күндері жақындаған тұста, яғни 1991 жылы 28 тамызда по­лигон Президент Н.Назарбаев­тың Жар­­лығымен жабылды. Бұл – ер­кіндіктің жемісі. 1991 жылы Қазақстан КСРО-дан үлкен ядролық арсеналды мұра етіп алды. Сол кезде терри­­то­­­риямызда 104 құрлықаралық бал­­листикалық СС-18 («Сатана») зы­мырандары орналасты. Оларға 1 400 ядролық оқ тұмсық орнатылған еді. Ал аэродромдарымызда 370 қанатты ядролық зымырандары бар 40 ст­­ратегиялық бомбалаушы ТУ-95 МС ұшақтары болды. Бұл қару Фран­цияның, Ұлыбританияның және Қытайдың ядролық күштерін қоса алғандағы әлеуеттен артық болатын.

Жалпы саны 1,5 миллион адам зардап шекті. Бұл Мәскеуге бодан болған халық үшін ауыр сынақ әрі азап еді. Халықта жарылыстарды тоқтатуға ерік те, билік те болмады. Дегенмен тәуел­сіздік күндері жақындаған тұста, яғни 1991 жылы 28 тамызда полигон Президент Н.Назарбаев­тың Жар­лығымен жабылды. Бұл – ер­кіндіктің жемісі.

Қару тек қорғаныс құралы ғана емес, шабуылдауға таптырмас ресурс. Ал ертең бұл қару кімнің қолына түсері белгісіз. Оған қоса, ядро­лық арсенал бейбітшіл Қазақ­станның ұстанымына сай кел­меді. Ертең шетелдік инвестицияларды тарту барысында да ядролық мәр­тебе кедергі болуы әбден мүмкін еді. Осы себепті Елбасы кезең-ке­зеңімен ядролық қаруды бөл­шектеп, Ресейге жіберу туралы шешім қабылдады. Мемлекеттілік орнады. «Елу жылда – ел жаңа» дейді қазақ. Өт­кен 30 жылға бүгіннің биігінен көз салсақ, ежелгі Дешті Қыпшақ да­ласында ғұмыр кешкен талай хан­­дықтар мен ордалардың тікелей мұрагері Қазақстан Республикасы 1991 жылдан бері мемлекет ретінде толық қалыптасып бітті. Шекарасы белгіленді, ресми рәміздері бекі­тілді, жері бүтін, халық саны артып келеді, армиясы бекем, эконо­­­ми­касы орнықты. Бұл толыққанды мемлекеттің базалық белгілері. Сондай-ақ Қазақстанда зама­науи мемлекеттің институттары да мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Тұ­рақты Үкімет, Парламент, судьялар корпусы, тәртіп сақшылары, жер­гілікті әкімшілік билік өкілдері өз міндетін Конституцияға сай ат­­қарып отыр. Ал қоғам билік бе­кіткен заңдар мен ережелерге бағынады. Яғни, құқықтық мем­лекет қа­лыптасты. 2019 жылы Елбасы Н.Назарбаев өзінің президенттік өкілеттігін тоқтатқан соң да саяси, эконо­микалық, әскери, басқа да жүйелер қалтқысыз жұмыс істеді. Саяси дағдарыс орнамады. Мемлекеттік институттар білгенінен жаңылмады. Ал былтырғы коронавирус пан­де­миясы қоғамдық өмірге тұсау бол­ғанда да әкімшілік, саяси инсти­туттар міндетін атқара берді. Бұл 30 жылда мемлекеттіліктің то­лық ор­нағанын дәлелдеді.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА