Жаппай вакцинациялауға жұрт келісе ме?

Жаппай вакцинациялауға жұрт келісе ме?

Пандемия басталғалы оған  қарсы дүниежүзі елдері вакцина шығару жайын мықтап қолға алғанын білеміз. 1 жылдың ішінде аз-кем кемшілігін айтпағанда жақсы нәтиже көрсеткен екпелер болды. Көптеген ел халықты вакцинациялауды бастап та үл­герді. Көп ұзамай бұл үрдіске Қазақстан да ілеспек. Жуырда Денсаулық сақтау министрлігі биыл елімізде 10 миллион адамға коронавирусқа қарсы екпе салуды жоспарлап отыр­ғанын айтты. Ал ол қалай жүзеге асырылмақ, вакцина салдыру міндеттеліп жүрмей ме?

Биыл белең алатын вакцина­циялау ісін медицина сала­сын­дағы оң өзгеріске балап жатқан­дар көп. Дегенмен екпелердің қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Оған сәл кейінірек тоқталып, алдымен халыққа жаппай екпе салудың қалай жүзеге асырыл­мағын білсек. Қазақстан хал­қының саны шамамен 18,8 мил­лионнан асады. Ал вакцина 10 миллион адамға, яғни ел аза­мат­тарының 55 пайызына егіл­мек. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың осы сарындағы сөзіне қарап «екпе салдыру міндетті болмай ма?» деген күмәнді сұрақ туары сөзсіз. Адамдар қалай таңдалады, жүзеге асырылу процесі қай бағытта өрбімек? Мұны біз Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып білген едік. – Вакцинациялауға қатыса­тын адамдардың жасы 18-60 арасында болуы шарт. Бір анығы – ақпан айында басталатын екпе салдыру ісіне ешкімді мәжбүрлеп тартпайды, әркімнің өз еркінде. Жоғарыдағы сан – келісімін беру арқылы вакцина қабылдауға мүмкіндігі бар адамдардың есебі. Ал қалған мәселелерді жауапты мамандар одан әрі зерделеп, тексеріп жатыр, – деп қысқа қайырды ведомствоның баспасөз хатшысы Әсел Артакшинова. Қазақстандықтарға салына­тын вакцинаның негізгі екі түрі – ақпанда дайын болатын ресей­лік «Спутник V»  мен наурызда шығарылатын отандық QazCovid-in. Қазір еліміз 2 млн доза ресейлік Спутник V вак­цинасын алуға келісімшарт жа­сасып қойған. Одан әрі бұл екпе Қарағандыда өндіріледі. Ал Алексей Цойдың сөзінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы қолдану үшін бекіткен Pfizer вакцинасы елімізге жазда ғана келуі мүмкін екен. Жоғарыда айтқан ресейлік «Спутник V» вакцинасының кері әсері жайлы талай мәрте айтылды. Аңғарсақ, қоғамда да аталған екпеге қар­сылық бар. Алайда айтылған пікірлерді орынсыз санай алмаймыз. Себебі қарсы пікір білдіргендер қатарында меди­цина мамандары да бар. – Ресей ғалымдары дайындап жатқан екпенің қауіпсіз екеніне әлі көз жеткізу керек. Оған біраз уақыт кетеді. Бізге Pfizer екпесі тиімді әрі қауіпсіз болуы мүмкін. Егер зертхана иелерінің сөзіне сенсек, біздегі халықтың 60-70 пайызында ПТР-тестте корона­вирус инфекциясы анықталмаса да, антидене қалыптасып үлгер­ген. Екпе не үшін салынады? Екпе – ұжымдық иммунитетті көтеру үшін керек. Адам вирус жұқтырғанын білмей, екпе салдырса, онда аутизмге шалды­ғуы мүмкін. Тіпті, мута­цияға ұшырауы ықтимал. Бұл – қауіпті. Сол себептен екпені инфекция жұқтырмаған адамға салу қажет. Ал мұны кім зерттеп жатыр? Тамыз айында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. 3,7 млн қазақстандық коронавируспен ауырған. Шамалауымызша, бұл сан – 4,5 млн-ға өсуі мүмкін. Яғни, қоғамдық иммунитет қалып­тасты, – дейді медицина сарапшысы Қайырғали Көнеев. Әйткенмен, вакцинаға қа­тыс­ты түрлі пайым жетерлік. Бірі бұрын вируспен ауырған адамға екпе салуға болмайды десе,  Pfizer вакцинасын өндіру­шілер COVID-19 жұқтырғандарға да екпе салуға рұқсат берген.

Екпеге сенуге бола ма?

Біз қазақстандықтар үшін маңызды болып отырған 3 вак­цинаға тоқталамыз. Алғашқысы – отандық QazCovid-in вакци­насы. Шыны керек, дәл осы екпенің сынағына қатысқандар жайлы мәлімет қоры жоқ. Қалай әсер етіп жатыр, кемшіліктері болды ма, бәрінен хабарсызбыз. Бірақ медицина мамандары отандық екпенің ресейлік екпеге қарағанда жақсырақ екенін айтып жатқаны жайлы қауесет көп. Ал Ресейдің сынақтан өтпей жатып қарашаның басында тіркеп жүргені – Гамалея атын­дағы институт әзірлеген корона­вирусқа қарсы «Спутник V» вак­цинасы. Институт осы мақ­сатта 100 млн рубль шығын­даған. Қыркүйек айының басында Ресейдің Денсаулық сақтау ми­нистрлігі екпенің адамдарға ар­налған алғашқы партиясын шығарғанын мәлімдеді. Көп ұзамай «Спутниктің» кли­ника­лық сынағының соңғы кезеңі басталды. Оған 40 мыңға жуық ерікті қатысқан. Вакцина араға үш апта салып екі рет егілген. Егер ерікті қайтыс болса, жақын­дарына 2 млн рубль, ал І топтағы мүгедек болып қалса 1,5 млн рубль төленді. Медицина сарап­шылары вакцинаны қазір қол­данысқа шығарудың қауіпті тә­жірибе екенін айтса да, «үздікке» балаған екпе сынаққа қатысқан адамдарға жаппай кері әсер етті. Бұл жайлы қазір әлеуметтік желі­де ақпарат көп. Еріктілердің дене қызуы 40 градустан асып, жүрек қағысы минутына – 140-160-қа барған. Одан бөлек, үздік­сіз қалшылдап, дірілдегендерін айтыпты. Алайда Ресейдің билік өкілдері мен медицина сала­сының жетекшілері екпеге шаң жуытпады. Вакцинаны танымал адамдар да қабылдағанға ұқ­сайды. Мәселен, соның бірі – Владимир Путиннің қызы Кате­рина Тихонова да вакцина сал­ғызыпты. Pfizer екпесі өзінің тиімділігін 90-95 пайыз дәлелдеген болатын. Қытай мен Израиль, АҚШ-та миллиондаған азаматқа осы вак­цина егіліп те қойды. ДДСҰ да осы екпенің мақтауын асырып отыр. Дегенмен оны салдырып қайтыс болып жатқандар да бар. Мәселен, Pfizer және BionTech компаниялары әзірлеген вак­цинаның сынақ кезеңінде 43 448 адамның 6-ы көз жұмған. Одан бөлек, Норвегияда 5 қаңтар күні осы екпені салдырған 2 адамның өлгені хабарланды. Сондықтан вакциналардың қайсы бірін үздік деп танып, толық сенім арту қиын болып тұр.

Мадияр ТӨЛЕУ