Ереуілдету елді ұшпаққа шығармайды

Ереуілдету елді ұшпаққа шығармайды

Былтыр болған елеулі халықаралық оқиғалар жайлы сөз еткенде бірден Таулы Қарабақтағы соғыс ойға оралады. Әзербайжан мемлекетінің өзінің оккупацияланған 20 пайыз аумағын кері қайтарып алуына мүмкіндік берген 44 күндік майдан жайлы сарапшылар түрлі ой айтқан-ды. Дегенмен 30 жылға созылған Таулы Қарабақ шиеленісінің өзге де қыр­лары бар. Өйткені шие­леністің шы­мыл­ды­ғының артында өңірде өз ықпалын жүргізген ірі күштер және арандатуды дер кезінде аң­ғармаған Әзербайжан мен Армения билігінің қателігі тұр. Тіпті, Таулы Қарабақтың ок­купациялануында да, азат болуында да түрлі ереуіл мен бо­лашақты болжай алмаған саясаткерлердің ағаттығы зор рөл ойнаған еді.

Жалпы, Таулы Қарабақ пен оның төңірегіндегі 7 ауданы төңірегінде болған соғыстың ас­тарына үңілген адам бірінші ке­зекте посткеңестік елдерге өз ық­палын жүргізу үшін жа­һандық және аймақтық дер­жавалардың барын салып жат­қанын байқайды. Олардың қажет кезде ел ішіндегі түрлі қозғалыс пен көзқарасты да пайдаланып кететін тұстарын көреміз. Кезінде Таулы Қа­рабақты армян күштері басып алған сәтте Әзербайжанда саяси тұтастық болған жоқ. Ұлт­шылдық идеясын алға тартып, президенттікке жет­­кен Абулфаз Эличбейге қарсы топ­тар ерекше белсенділікпен әрекет еткен. Орталық билік пен кейбір қолбасшылардың аза­маттық соғысты бастауына аз-ақ қалған кездері де болған. Ел бас­қарған бірер жыл ішінде қарсы топтың референдум өткізіп, бұ­қараның президентке сенімсіздік біл­діргені бар. Ал сол 1992-1994 жылдары армян тарапы Таулы Қарабақты ғана емес, оған іргелес 7 ауданды басып алған-ды. Ал Әзербайжан мем­ле­кетіндегі ішкі алауыздықтар армян қарулы топ­тары басып алған аймақтарды қайтарып алудың да мүмкіндігін азайтқан болатын. Сөйтіп, 90-жыл­дар­дағы «митингілер мен ре­ферендумдар романтикасы» ел тұтастығының бұзылуына да алып келген еді. Әрі мұндай мысал көп. Ал арада 30 жылға жуық уақыт өткенде таразы басы басқа жаққа ауды. Кав­каздағы бір мемлекет аумақтық тұтастығын қалпына келтіруге мүмкіндік алса, екіншісі аса ауыр шығынға ұшырады. Ең қызығы, Арменияның жеңі­лісіне де билікке төңкеріс ар­қылы қол жеткізген топтың белгілі бір қате­ліктері себеп болғаны анық. Ең алдымен Арменияда 2015 жылы бірнеше айға созылған ереуілдер нәтижесінде билікке келген Никол Пашинян кезінде өзін жақтап елірген топтың көңі­лінен шығу үшін ЕҚЫҰ Минск тобы ұсынған әрі ресми Баку келісім берген жобаға пысқырып та қарамады. Баку Минск тобы­ның Таулы Қа­рабақтың төңіре­гіндегі 5 ау­данның бірден деок­купа­ция­ланып, қалған екеуі жай­лы келіссөздерді кейінге қал­дыру және Таулы Қарабаққа ең жоғарғы мәртебесі бар авто­номия беру ұсынысына ке­ліскен еді. Бірақ Армения тара­пы оған көнбеді. Сөйтіп, ми­тингілер арқылы би­лік­ке келген Пашинян айқайға сүрең қо­сатын топтың дегенінен шыға алмай, өңірде соғыстың тұта­туына жол берді. Нәтижесінде, Әзербайжан өз аумағының ок­ку­панттар басып алған бөлігін түгел қайтарып алды да, Таулы Қара­баққа айрықша статус беруден бас тартты. Одан бөлек, соғыста ар­мян тарапының көп адам шығыны болғаны тағы бар. Кемі 1,5 млрд долларға татитын ұрыс техникасы қи­ратылды. Бұл өз кезегінде елдің экономикасына зор соққы бо­лары сөзсіз. Демек, охло­кра­тияға құмар жұрттың алды-артын ойламайтын қадамы кез келген елдің тұрақ­тылығы мен дамуына кесірін ти­гізеді деген сөз. Әдетте охлократия дегенде көне грек ойшылдары айтқан «то­бырлар билігі» еске түседі Яғни үкіметке, парламентке ультиматум қойып, мемлекеттік мекемелерді басып алуды, өрт қойып, тонауды көздейтін топтың акциялары ох­лак­ра­тияның белгісі. Оны ма­ман­дар демократияның тұр­пайы түрі деп атайды. Әзер­байжан мен Армения арасындағы шие­леністер кезінде охлакратия көрініс берген кездер аз бол­мады. Тек Әзер­байжан дау­рыққан топтың би­лікке жиі талап қойған кездерін ертерек бастан өткерді де, кейін бұқа­раның жалаң ұранға еріп, даурығуына жол бермеді. Ал Ар­менияда билікке ұмтылған күш­­тердің бұқараны бірнеше мәр­те пайдаланған кездері бол­ды. Қазір де ел премьеріне қар­сы ереуілдер ұйымдастырып жүрген топтар елді тіптен тығы­рыққа тіреуі мүмкін. Ресейлік сарапшы Вадим Му­канов Ар­менияда жағ­дай бірте-бірте нашарлай беруі ықтимал екенін айтады. «2021 жыл Ар­мения үшін оңай бол­майды. Саяси мәселелермен қатар әлеуметтік-экономикалық дағ­дарыс та те­реңдеуі мүмкін. Қара­бақтан келген босқындар мен пан­демия да бір жағынан соққы болмақ. Наразылық шаралары елді тығырыққа тіреуі мүм­кін», – дейді сарапшы. Одан бөлек, елірген топ би­лікті реваншистік қадамға қарай итермелеуі де мүмкін. Қазірдің өзінде сондай ұран көтеріп жүрген саяси күштер бар Арменияда. Егер олар бұ­­қараның наразылығы арқылы билікті алмастыра алса, Таулы Қарабақ жақта түрлі ди­версия мен арандату жасауы да мүмкін. Сөйтіп, өңірде тағы да соғыс шығуы ықтимал. Ал ұрыс бола қалса, әскери қуатын бір­неше есе мығым Баку ресми Ере­ванмен ешқашан бітімге кел­мейтіндей қадамға баруға тәуе­кел етеді. Бұл ереуілдетіп елі­р­ген топ­тың өз елін тіптен тұң­ғиыққа сүйреуімен бірдей қадам болар еді.

Ардагелді БЕКЖАН