Енді отандастарымыз 90 күн мерзімі өткен соң Ресейге келу мен қайту уақытын ұзарта алады.
Бұл туралы РФ Сыртқы істер министрлігі ТМД елдерінің үшінші департамент директоры Александр Стерник мәлімдеді. Бұған дейін ҚР Сенат спикері Дариға Назарбаева қазақстандық азаматтардың Ресейге бару шарттарымен келіспейтінін айтқан болатын. Ресейліктер Қазақстанда 90 күн жүріп, елден шығып бірден қайта орала алады, ал Қазақстан азаматтары Ресейде 90 күн жүрсе, елден 90 күнге тағы кетуі керек. Яғни, екі сапар арасында 90 күн өтуі шарт. Сонда ғана Ресейге қайта кіру мүмкіндігі беріледі.
"Бүгін Қазақстан азаматтары елімізде ресми жұмыс істеп немесе оқып жүрсе, Ресейде 90 күннен артық жүруге құқы бар. Қазақстан тарапынан жеке мақсатпен Ресейге аттанатын өз азаматтарына байланысты жүріп-тұру ережесін өзгерту туралы сұраныс болды", - деді Александр Стерник. Айтуынша, аталған мәселені екі тараптың СІМ телефон арқылы қарастырды. Қазір "Ресей Федерациясындағы шет ел азаматтарының құқығы туралы" федералды заңға түзетулер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. "Түзетулердің негізі Ресейге келетін шет ел азаматтарының қалыпты мерзімін ұзарту мен нақтылауға бағытталған", - деді Стерник.