Елбасы Н.Назарбаев ERG компаниясының 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Ол компанияның қалыптасуы ел Тәуелсіздігінің дамуымен байланысты екеніне назар аудартты.
Тұңғыш Президент азаттықтың ақ таңында отандық кәсіпорындарға көптеген қиындықтарды еңсеруге тура келгенін әңгімеледі.
Нұрсұлтан Назарбаев компанияның әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы қызметін атап өтті.
– Баспана, мектеп, аурухана, спорт ғимараты және басқа да инфрақұрылымдық жобалар тұрғызылуда, – деді Елбасы.
Ол жаһандық сын-қатерлерге жеке тоқталды. Себебі олар қазақстандық кәсіпорындардан ары қарай дамудың жаңа шешімін талап етеді.
– Өмір бір орында тұрмайды. Барлығы ілгері жылжуда. Цифрлық экономика дәуіріне аяқ басып жатырмыз. Жасанды зерде жаппай енгізіледі. Осының барлығы жаңа озық тәжірибені қажетсінеді. Ол бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы барша қазақстандықтар Отан игілігі үшін еңбек етіп жатқанын айтты.
– Біз болашақ ұрпақ үшін елді өркендетудеміз. Тәуелсіздікті жариялау – бір, ал оны ұстап қалу – басқа іс. Осы мақсатта біз экономиканы дамытуға тиіспіз, – деп түйген Н.Назарбаев қатысушыларға жетістіктер тіледі.
Ерік ЕРДЕНОВ