Қауіпсіздік қызметінің отставкадағы генерал-майоры, алғаш Қазақстан егемендік алған тұста сыртқы барлау қызметіне басшылық жасаған Жүкен Мәрденов жайында бір емес, бірнеше кітап жазуға болар еді, бірақ оның уақыты әлі келген жоқ. Жүкен аға 85 жылдық ғұмырын арнаған құпия қызметтің ерекшелігі – оның құпиялығында. Бүкіл өмірбаяны, атқарған қызметтері «құпия», «өте құпия» деген белгілермен құжатталған генерал туралы көсіліп жазудың өзі қиын. Дегенмен барлаушының халық қауіпсіздігін, мемлекетіміздің тұтастығын қорғауға сіңірген еңбектерін толықтай аша алмасақ та кейбір фактілерді айтуға болады.
Жақында Павлодар облысы Ақтоғай ауданы орталығындағы Абай атындағы мектепте, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасына сәйкес, қауіпсіздік органдарының құрметті ардагері, ел мақтанышына айналған Жүкен Мәрденовтің мұражайы салтанатпен ашылды. Мұндай шаралар ауданда көп бола бермейді. Алыс-жақыннан көп адамдар жиналды, облыс, аудан көлеміндегі жергілікті әкімқаралар, жоғары шенді әскерилер арнайы келді. Елге еңбегі сіңген ардақты азаматтарын ғана ел осылай құрметтейді. Бұл кісінің халқы құрметтейтіндей игі істері жетерлік, сондықтан ел ішінде оның абыройы асқақ, беделі биік. Жасы сексеннің бел ортасына келсе де, отставкадағы генерал-майор Жүкен Мәрденов қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Қазақстан Генералдар кеңесі қауымдастығы президиумының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ардагерлер кеңесінің құрметті мүшесі, Алматы қалалық әкімшілігі жанындағы жастарға құқықтық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде жоғары әскери оқу орындарында дәріс оқиды, өзінің бай тәжірибесімен бөліседі, мектептерде жиі кездесулер жасап, жастар арасында тағылым-тәрбие сағатын өткізеді.
– Атақ-мақсатқа құмартқан адам емеспін. Қазағымның кәдесіне жарасам – төбемнің көкке жеткені. Қасиетті өңірде туғаныма, Абай атындағы мектепте білім алып, ұлағатты ұстаздардың алдын көргеніме өзімді бақытты сезінемін. Осы жерде өзім де ұстаздық еттім. Ауылым, өскен жерім – әрдайым жүрегімде. Өзге өңірде жүрсем де, туған жерімде не болып жатыр екен деп үнемі алаңдап жүремін. Дарындардың барлығы ауылдан шыққан. «Бұлақ көрсең көзін аш», бұл – ұстаздық парыз. Әлемді тануға ұмтылмаған халықтың болашағы бұлыңғыр. Көп жастардың шетелге барғысы келеді. Ол дұрыс та шығар. Шетелдерге шыққанда еліме пайдасын тигізетін қандай да бір жақсылық әкелем деп бару керек. Біздің жер қойнауындағы байлықтарды алып жатқан шетелдіктер енді рухани байлықтарымыздан айырмақшы, идеологиямызды әлсіретуде, жастар арасында патриоттық сезім төмендеуде. Ұлттық рухымыз бен ұлтжандылығымызды жоғары ұстап, ұлттық құндылықтарымызды бағалауымыз керек, – дейді Жүкен Баймұхамбетұлы.
Қазақстан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі (МҚК) Бірінші басқарманың (Сыртқы барлау қызметі) бастығы, Қазақ КСР және Қазақстан МҚК комитеті төрағасының орынбасары, ҰҚК органдарының құрметті қызметкері, отставкадағы генерал-майор Жүкен Мәрденов бұл салада ұзақ жыл қызмет етіп, генерал шеніндегі лауазымға дейін жеткен тәжірибелі барлаушы. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда қауіпсіздік қызметін басқарған генералдың бірі. 1956 жылы Алматы шет тілдер институтын бітіргеннен кейін Павлодар облысындағы Лебяжі орта мектебінде мұғалім, мектеп директоры болды. Жүкен Баймұхамбетұлы сеніп тапсырылған барлық учаскелерде өзін сауатты, іскер маман ретінде көрсетті. Басшылық қызметтерде біліктілігімен, принциптігімен, жауапкершілігімен қарамағындағыларды артынан ерте білді. КСРО мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне 1961 жылы шақырылды. Павлодар облыстық басқармада жедел уәкіл болып бастаған ол көп ұзамай орталық аппаратқа ауыстырылған. Кейіннен Көкшетау, Шығыс Қазақстан облыстарында басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарды. Жүкен Баймұхамбетұлы 1983 жылы МҚК Бірінші басқармасына (барлау қызметі) бастық болып, Алматыға қайта оралады. 1987 жылы полковник Жүкен Мәрденов МҚК Целиноград облыстық басқармасының бастығы болып тағайындалды. Осы кезде қазақ ауылында туып-өскен Жүкен ағаның арқасында облыстағы желтоқсан оқиғасына қатысқан көптеген жастар «ұлтшыл декабрист» деген қаралаудан арылып, оқуларына, жұмыстарына қайтадан кіруге мүмкіндік алды. Облыстық басқармаға жетекшілік еткен ол тек ұжымда ғана емес, облыс активтерінің алдында да сыйлы болды, аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты, облыстық компартияның бюро мүшесі, облыстық және қалалық халық кеңесінің депутаты болып сайланды. Қызметіндегі және қоғамдық-саяси саладағы осындай жетістіктері үшін Жүкен Мәрденов 1988 жылы КСРО Үкіметінің Жарлығымен генерал-майор деген жоғары әскери атаққа ие болды. МҚК жүйесіндегі мол тәжірибесі ескеріле отырып, генерал Ж.Мәрденов 1990 жылы Қазақ КСР МҚК төрағасының кадр мәселесі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. КСРО ыдырайтын кезде Жүкен Баймұхамбетұлы төрағаның барлау қызметі жөніндегі орынбасары болды.
– 1991 жылы күзде одақтас республикалардың Бірінші басқарма бастықтары орталықтың нұсқауы бойынша Мәскеуде бас қостық. Жиында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі Сыртқы барлау қызметінің сол кездегі басшысы Евгений Примаков баяндама жасайды деп алдын ала ескертілген болатын. Жиналып отырмыз. Залда әдеттегідей президиумға арналған үстелдер, тіпті сөз сөйлейтін мінбер де қойылмапты. Примаков біраз кешігіп келді. Ол келердің алдында ғана залға шағын үстел, орындық әкеліп қойды. Примаков соған жайғасты. Ешқандай баяндама жасалған жоқ, бірден іске көшті. «Бұдан әрі сыртқы барлау жұмыстарын қалай жүргіземіз? Кімде қандай ұсыныстар бар, бір-бірден шығып ойларыңызды ортаға салуларыңызды сұраймын» деді. «Ұсынысымызды алфавит бойынша шығып айтайық» дедім. Ондағы ойым – алфавит бойынша Әзірбайжан, Армениядан басталып, Қазақстанға жеткенше біраз уақыт өтеді, соны пайдаланып айтатын ойымды жинақтап алу. Солай болды. Маған дейінгі республикалардың өкілдерінің аузына қапелімде ештеңе түспей, өз пайдаларына асыратын ешқандай ұсыныс айта алмады. Өз кезегіміз келгенде, «Қазақстан Республикасында алдағы уақытта дербес Сыртқы барлау қызметі құрылады. Сондықтан Евгений Максимович, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің базасындағы бізге қажетті, Қазақстанға қатысты барлық құпия ақпаратты беруіңізді сұраймын. Екіншіден, бізге білікті маман қажет. Кадр мәселесін сіздермен бірігіп шешсек дейміз» дедім. Примаков менің ұсынысымды толықтай қабылдады. Сыртқы барлау қызметінің алғашқы отырысын Алматыда өткіздік. Кейіннен Мәскеудің бұйрығымен сырт елдерде жүрген қазақ жігіттерді елге шақыртып, өз мамандарымызды дайындай бастадық. Осы жігіттер «Барлау» қызметінің негізін қалауға үлкен үлесін қосты. Сол кездегі уәделестік бойынша қазақстандық барлаушылар қазірге дейін Мәскеудің арнайы барлау мектебінде дайындалады. Қазір Қазақстанның «Барлау» қызметі әлемдік деңгейде жоғары көрсеткіштерге ие болып жүр, – дейді Жүкен Мәрденов.
Сегіз қырлы, бір сырлы қауіпсіздік қызметі генералының жастарға берер тәрбиесі мол, кішіпейілділік қасиеті ерекше адам. Жүкен Мәрденов арнайы қызметте істеген жылдарында барлау, қарсы барлау мамандарын дайындады. Бүгінгі «Сырбар» сыртқы барлау қызметіндегі генералдар мен офицерлердің арасында «Жүкен ағаның шәкіртіміз» дейтіндер аз емес. Жүкен Мәрденов пен зайыбы Сақып апа екеуі – екі ұл, бір қыз тәрбиелеген ұлағатты ата-ана. Үлкен ұлы Жұмат – бизнесмен, кіші ұлы Марат – генерал-майор, Ауған соғысының ардагері.
Әбдімәлік РАЙЫМҚҰЛОВ,
Алматы қалалық ҰҚК
Ардагерлер кеңесінің төрағасы