«Артымызға – анық көңілмен, алдымызға – ашық көзбен қарайық!». Бұл – Смағұл Сәдуақасұлының құлпытасында қашалған қайраткердің өз сөзі. Жөн білгенге – жол сілтер, қиыс кеткенге – зілі басым тіркес. 1933 жылы Сәдуақасұлы қайтыс болғанда Жұмабаев «Қайран қазақ, орны толмас жара екен» деп басу айтқан. Мағжан ақын қазақтың панасына теңеген қайраткердің қадіріне жетіп жүрміз бе?
Смағұл Сәдуақасұлы – Алаштың абыройы үшін ғұмыр кешкен азамат. Сөзімізге тарихтағы солғын жазбалар дәлел бола алады. Неге солғын дейміз? Өйткені теңдік үшін күрескен азаматқа тиісті құрмет көрсетілді ме? Қайраткердің денесі 1933 жылдың 16 желтоқсанында арнайы пеште өртеледі. Арада 53 жыл өткенде дәл сол күні ел жастары желтоқсан алауын жағады. Осы уақыт тылсымын сәйкестік дерсіз. Алайда жалын мен бұйрық азат күннің астарында біз білмейтін беймәлім көп екенін еске салады.
Қайраткер мәйітінің күлі 78 жыл бойы Дон қабірстанында топыраққа көмілмей, құмыра ішінде сақталып келді. 2011 жылы Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің күлін профессор Дихан Қамзабекұлы бастаған топ Мәскеуден елордаға жеткізді. Оған қайраткердің ағайын-туысы Қапар ақсақал Айтуғанов, Ғимадиден Ожаров, журналист Жақсыбай Самрат мұрындық болды. Қайырлы істің заңдық нормаларын «Қаһармандар» қоғамдық қорының төрағасы Сабыр Қасымов реттеп берді. Аталған тұлғалар жыл сайын тәуелсіздік мерекесін ел үшін еңбек еткен қайраткердің зиратына құран бағыштаумен бастайды екен.
11 желтоқсан күні Мәмбет Қойгелді, Серік Негимов, Сабыр Қасымов, Дихан Қамзабекұлы, Кәрібай Мұсырман және тағы басқалары Сәдуақасұлына құран оқытып, зират басына барды. Дихан Қамзабекұлы, Сабыр Қасымов сөз сөйлеп, бірқатар бастама көтерді. Мәмбет Қойгелді қайраткер ағасына кейінгі мен бүгінгінің мұңын ашына жеткізгендей әсер қалдырды.
«Аса құрметті, Смағұл аға! Сіз кеткелі, бізбен қоштасқалы 86 жыл болды. Жауларыңыз Смағұлды өлтірдік деп ойлады. Алайда олар Смағұлды өлтіре алған жоқ. Мұны уақыт дәлелдеді. Сіз көрсеткен жол, сіз айтқан идея өлген жоқ. Әрине, ол уақыт күрделі кезең еді. Талайды адастырды. Талай өзінің басын қорғап, жағдайын ойлап жалған жолға түсті. Олар кешегі совет өкіметінің соңғы жылдары мақтап, өзінің жолын мақтап кітап жазды. Сөз сөйледі. Бірақ сіз айтатын сөзді уақытында айтып кеттіңіз. Уақыт сөзіңіздің дұрыс екенін, ұстанымыңыздың дұрыс екенін көрсетті. Әрине, халқыңыз ауыр жылдардан өтті. Адасты. Жығылды. Қайта тұрды. Бірақ қазір бізде үміт оты қайта жанды. Ел ретінде ұлт ретінде болашақтан үмітіміз бар. Міне, осы ауыр жолда сүйеніш болған тұлғаның бірі – сізсіз. Сол үшін сіздің алдыңызда қарыздармыз. Сондықтан сіздің халқыңыз тірі болса, сіз онымен бірге мәңгі жасайсыз. Сөзіңіз, ақ ниетіңіз, тілегіңіз халқыңызбен бірге болады» деді академик Мәмбет Қойгелді.
Серік Негимов Сәдуақасұлының атына даңғыл, мектеп, көше берілуі керегі жайында келелі пікір білдірді. Зират басына жиналғандар ғалым ойымен үнсіз келісті.
«Смағұл Сәдуақасұлы – Алаш қайраткері, мемлекет қайраткері. 25 жасында Халық комиссары болған тұлға. Ол күні бүгінге дейін тарихтан лайықты орын алған жоқ. Бірақ тарихи ірі істер жасап кетті. Өзі жазушы, өзі публицист, өзі қайраткер болған тұлғаны қалай құрметтесек те жарасады. Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының халқы Смағұл Сәдуақасұлының атын сұрап отыр. Қызылжар қаласында Смағұл Сәдуақасұлына даңғыл, колледж, мектеп аты берілуі керек. Солтүстік Қазақстан газетінің редакциясы жеке бір ғимаратта отыр. Сәнді, көрікті, салтанатты. Смағұл Сәдуақасұлы, Қошке Кеменгерұлы «Жас азамат» деген газет шығарған еді. Редакция орналасқан ғимаратқа Самғұл Сәдуақасұлы, Қошке Кеменгерұлы немесе Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов пен Әбдірахман Айсариннің ескерткіші тұруы керек» деді филология ғылымдарының докторы Серік Негимов.
«Қараөткел» қабірстаны сан ғасырдан хабар беріп тұр. Мұнда Кенесары сарбаздары да жерленген. Мұсылман қорымының бас жағында бас болып Сәдуақасұлы жатыр. Жастар шағынауданында орналасқан бейіттің сырты жөндеуді қажет етеді. Бірақ алдымен, Қызылжар жұртының тілегін орындаған абзал. Өйткені өлілер уақытпен санаспайды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ