Тарихты тарлан тұлғалар ғана жасайды. Қай саланы басқарса да, сол жерді көркейтіп, гүлдендіріп жіберетін іскер азаматтар болады. Сондай нар тұлғалардың бірі әрі бірегейі – Тамас Айтмұхамбетов.
Халқымыздың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы: «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті. Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта мен көрген тәрбие арқылы қалыптасады» деген екен. Өзіне тән қайсар мінезімен, терең білімімен елімізге зор еңбек сіңірген қайраткердің бірі Тамас Қалмұхамбетұлы мерейлі сексен жастың сеңгіріне шығып отыр.
1967 жылы ол С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Заң факультетін үздік бітіріп, еңбек жолын Павлодар облыстық сотының мүшесі ретінде бастады. Мұнда 6 жыл қазылық қызмет атқарған соң прокуратура саласында үздіксіз 11 жыл еңбек етті.
Тамас Қалмұхамбетұлы 1984 жылы Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы болып тағайындалды. Осы қызметті 1993 жылға дейін абыроймен атқарып, сот жүйесінің дамуына зор үлес қосты.
Дана халқымыз «Қазы – халықтың ар-ожданы» деген сөзді бекер айтпаған. Ұстараның жүзіндей қылпылдаған кезеңде сот жүйесін басқару оңай шаруа емес. Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келген осы уақыт ағамызды судья ретінде ғана емес, ең бірінші, адам ретінде сынағаны анық. Бірақ Тамас Қалмұхамбетұлы – бұл кезеңнен сүрінбей өткен нағыз саңлақтың бірі. Мәселен, қаһарына мініп тұрған партиялық үстемдікке қарамастан ағамыздың Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бірқатарын нақақ жазадан арашалап қалуы – ауыз толтырып айтуға тұратын ерлік.
Дәл осы кезеңде Алаш қайраткерлеріне қатысты ақтау үкімдерін шығаруда да үлкен жүректілік танытты. Кеңестік солақай саясаттың құрбаны болған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов секілді арыстарымыздың ақталуы – тарихтағы ең айтулы жетістіктің бірі.
Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, еліміз егемендік алған соң тәуелсіз еліміздің тәуелсіз сот билігін қалыптастыру қажет болды. Ең әуелі, коммунистік партиядан мұраға қалған заңдарды заманға сай жаңғырту ісінде Тамас аға аянып қалған жоқ. Ол өзінің бар білгені мен көргенін заң шығару ісіне жұмсады. Еліміздің алғашқы Конституциясын, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстерін әзірлеуге белсене араласты. Осы орайда, 1993 жылы АҚШ сенаторларының алдында баяндама жасап, тәуелсіз Қазақстанның сот-құқық жүйесін дамытуға қатысты тұшымды ойларымен бөлісті.
«Құрыш қайнауда, батыр майданда шынығады» демекші, Тамас ағаның бұдан кейінгі өмір сапары дипломатия саласында жалғасты. Бұл – сананың сергектігін, білімнің тереңдігін, жүректің мықтылығын қажет ететін саланың бірі. Осы орайда, ағамыз Қазақстанның Пәкістандағы Төтенше және өкілетті елшісі, кейіннен Польшадағы уақытша сенімді өкілі ретінде қызмет атқарып, еліміздің сыртқы саясаттағы оң имиджін қалыптастыруға үлес қосты.
Дана халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген әдемі тәмсіл бар. Тамас ағаның ғалымдық, ұстаздық қыры да өз алдына бір төбе. Ғылым жолын 1970 жылы Мәскеудегі КСРО Бас прокуратурасы жанындағы аспирантурадан бастаған ол 1976 жылы кандидаттық, 2004 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
Тамас аға зейнетке шықса да бойындағы терең білімі мен мол тәжірибесін ел игілігіне жұмсаудан жалыққан емес. Әсіресе, оның Сот академиясының негізін қалап, судьяларды даярлауға қосқан сүбелі үлесін айрықша атап өтуге болады. Құрметті ардагер ретінде ағамыздың сот жүйесінің дамуына қатысты ойлары қашан да құнды, жалынды сөздері жас ұрпаққа – рухани бағдаршам тәрізді.
Көп жылғы мінсіз әрі абыройлы қызметі үшін Тамас Қалмұхамбетұлы Кеңес үкіметі мен тәуелсіз Қазақстанның бірқатар жоғары наградаларымен марапатталды. «Үш би», «Құрметті судья», «Сот жүйесінің ардагері» секілді ведомстволық құрмет белгілермен қатар, еліміздің ең жоғары наградаларының бірі – «Парасат» орденімен марапатталды.
«Әділдік – адамның кісілік келбеті мен ар-ожданы» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Тамас ағамызды осынау мерейлі жасымен өз атымнан және барша судьялар атынан шын жүректен құттықтаймын!
Шындықтың шырақшысына айналған ғибратты ғұмыр иесіне зор денсаулық, отбасына амандық, баянды бақыт тілеймін!
Жақып АСАНОВ,
Жоғарғы сот төрағасы