Жамбыл облысында сайлауға өзге ұлт өкілдері де белсенді атсалысып жатыр. Әсіресе, Қордай мен Талас ауданына қарасты ауылдардың тұрғындары сайлау учаскелеріне таңертеңнен келіп, өз таңдауын жасады. Соның бірі – Қордай ауданы Масанчи ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров.
– Бүгін ерекше күн. Мен мемлекеттің саяси бағыты әр сайлаушының дауысына байланысты деп санаймын. Оған қоса дауыс беру азаматтық борышымызбен қатар, бірлігіміз бен ынтымағымыздың көрінісі. Сондықтан таң сәріден келіп ел ертеңі үшін өз таңдауымды жасадым, – дейді Д.Двумаров.Жамбыл облысы бойынша 492 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұрса, дауыс беру барысын саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің 6 500-ден астам байқаушы бақылап жатыр.Талас ауданына қарасты Қасқабұлақ ауылының тұрғыны Сулхадин Мұстафаев та бірлігіміз бен тұрақтылығымыз үшін дауыс бергенін айтады. – Еліміздің кез келген азаматы дауыс беруге құқылы. Дауыс беру арқылы біз өркендеу, ұлтаралық келісім және тұрақтылықты нығайту жолын таңдаймыз. Бүгін отбасыммен бірге жұдырықша жұмылып, сайлау учаскесіне келдім. Сондай-ақ қазақ көршілерімді де мерекелерімен құттықтап, арқа-жарқа болып жатырмыз, – дейді С.Мұстафаев.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы