Тоқаевтың уәдесі: Баспанасы жоқтарға 2 пайызбен ипотека берілуі мүмкін
Тоқаевтың уәдесі: Баспанасы жоқтарға 2 пайызбен ипотека берілуі мүмкін
5,231
оқылды

Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баспанаға қол жеткізу үшін қосымша шаралар қабылдап, жылына 2 пайыз ипотекалық несиелеу бағдарламасының қатысушылар тізімін ұлғайтуға уәде берді.

Президент Тәуелсіздік қарсаңында өткен жиында 2019 жылы 4 мың аз қамтылған отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қоныстой тойлағанын айтты. Бұл бағдарлама бойынша қарыз жылына 2 пайыз төлеммен беріледі. Алғашқы жарна — 10 пайыз. Қарыз мерзімі ­— 20 жылға дейін. 

«Әрине, бұл жеткіліксіз. Қазір тоқмейілситін уақыты емес. Баспана мәселесін түбегейлі өзгерту керек. Бұл мәселе біздің бақылауымызда болады. Баспанамен қамтамасыз ету ­— мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты міндеті, сондықтан жақын арада қосымша шаралар қабылданады. Үкімет «Бақытты отбасы» бағдарламасының тәжірибесін кезектегі барлық адамға тарату мәселесін қарастырып жатыр», ­— деді Мемлекет басшысы. 

Ол үкіметке 2020 жылы бұл бағдарламаны ұлғайтуды тапсырғанын айтты.  «Басқаша айтқанда, халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне бірінші деңгейде көңіл бөлінеді. Бұл жұмыстың жемісі алыста емес деп ойлаймын», ­— деді Тоқаев.