Халықаралық байқаушылар оң баға берді

Халықаралық байқаушылар оң баға берді

Қарағанды облысында ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан халықаралық байқаушылар тобы жұмыс істеп жатыр. Таңертең олар облыс орталығындағы және басқа қалалардағы сайлау учаскелеріне барды. Миссия мүшесі, Кузбасс Парламентінің депутаты, Кемерово мемлекеттік университетінің Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі Алексей Зеленин сайлау барысы туралы өз пікірімен бөлісті.

– Біздің делегация құрамында 6 адам бар. Біз Қарағанды облысында жұмыс істейміз. Қарағандыдағы бірнеше сайлау учаскесіне, басқа қалаларға барамыз. Қазір бізде ешқандай ескерту жоқ. Барлығы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, қалыпты өтіп жатқанын көріп отырмыз. Сайлаушылардың ерік білдіруіне ештеңе кедергі етпеді. Ең бастысы, әрине қауіпсіздік шараларын сақтау. Барлық учаскеде жеке қорғаныс құралдарының бар екенін көріп отырмыз, – деп атап өтті ресейлік байқаушы.
Ол сайлауды ашық және жариялы атмосферада өткізудің маңызын атап өтті. Халықаралық байқаушылар жұмысының негізгі қағидаттары – бейтараптық, мемлекеттің ішкі істеріне араласпау.
– Қазақстанда көппартиялықты және саяси бәсекелестікті дамытуға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған реформалар жүргізілді. Бақылаушылар миссиясының жұмысы заңдылық процесін көру үшін өте маңызды. Кемеровтен Қазақстанға жол қиын болды. Мен Минск арқылы ұшып келдім. Қарағанды облысына келгеніміз өте жақсы болды, – дейді байқаушы.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сайран Ұлақовтың айтуынша, сайлаушылар ағыны бірқалыпты жүріп жатыр. Алғашқылардың бірі болып 85 жастағы ақсақал дауыс берді.
– Біз егде жастағы сайлаушыларға қоңырау шалдық – бізде 80 жастан асқан 90-ға жуық адам бар. Кейбіреулер мамандар үйге келуін қалады. Алайда көпшілігі өздері келетінін айтты. Мен сайлауда бұрындары да жұмыс істегенмін. Пандемия кезінде санитарлық шараларды қатаң сақтау керек. Дауыс беру залында ылғалды жинау, кварцтау, желдету жұмыстарын жүргіземіз. Еріктілер кезекшілік етеді, олар ережелерді түсіндіреді және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектеседі, –дейді комиссия басшысы.
 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,

Қарағанды облысы