Сайлау туралы конституциялық заң талаптарын бұзған екі дерек расталды – Бас прокуратура
Сайлау туралы конституциялық заң талаптарын бұзған екі дерек расталды – Бас прокуратура
346
оқылды
Сайлау процесіне қатысты заңбұзушылықтар туралы әрбір хабарлама мұқият тексеруден өтіп жатыр. Қазіргі кезде Сайлау туралы конституциялық заң талаптарын бұзған екі дерек расталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин хабарлады. Оның айтуынша, Бас прокуратура Конституцияға сәйкес  дауыс беру күні де, бүкіл  сайлау кезінде де заңдылықты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдады.
«Заңбұзушылықтар туралы келіп түскен әрбір хабарлама мұқият тексеруден өткізіліп жатыр. Қазіргі кезде Сайлау туралы конституциялық заң талаптары бұзылды деген екі хабарламада айтылған дерек расталды. Бұл сайлау алдындағы үгітті оған тыйым салынған кезеңде жүргізу және интернет желісінде сайлау нәтижелерін жариялауға қатысты», – дейді А.Сарғазин.
Бірінші дерек бойынша Алматы қаласының тұрғыны конституциялық заңға қайшы дауыс беру күні өзінің facebook парақщасында партиялардың бірі үшін үгіттейтін пост орналастырған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабына сай жауапқа тарту үшін оның орналасқан жерін анықтау бойынша шара қабылданып жатыр екен. Ал екінші жағдайда елорда тұрғыны телеграмм мессендеріндегі өз арнасында сайлау учаскесінің біріндегі дауыс беру нәтижесін жариялаған. Бас прокуратура бұл деректі тексеріп жатыр, сот тиісті бағасын береді. Азамат Сарғазин дауыс беру басталған сәттен бастап прокуратура органдарына 2 өтініш келіп түскенін жеткізді.
«Біріншісі Маңғыстау облысының прокуратурасына келіп түсті. Онда әкімшілік қамауға алынған адам көшпелі сайлау комиссиясының құрамында байқаушылардың болмағанын және олардың қатысуынсыз дауыс беруден бас тартатыны туралы өтінішпен жүгінді. Өтініш құзыретіне сәйкес аумақтық сайлау комиссиясына және облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолданды. Екіншісі – Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасына жолданған. Өтініш иесі өзінің №163 сайлау учаскесінен негізсіз шығарылғанына шағымданған.  Аталған өтініш де құзыреті бойынша аумақтық сайлау комиссиясына жолданды», – дейді ол.
Бас прокурордың аға көмекшісі дауыс беру күні жалпы сайлау науқанындағыдай тыныш жағдайда өтті деп мәлімдеді. Оның пайымдауынша, электоралдық кезеңдегі қадағау қызметінің нәтижесі Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауы Конституцияның және Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы конституциялық заң талаптарын сақтай отырып өткенін айтуға мүмкіндік береді.