Еліміздің ең басты мерекесі қарсаңында Қазақстан Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жарлығымен бір топ ардагерлерді биік мемлекеттік наградалармен марапаттады. Орден-медальді иелеріне Парламентте Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл табыстады.
Мемлекет басшысының шешімімен, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі «Құрмет» ордені салтанатты түрде бірнеше Ауған ардагеріне берілді. Олардың арасында ШҚО Жарма ауданы бойынша «Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің ұйымы» бірлестігінің кеңес төрағасы Тілеухан Бұрғажинов, СҚО бойынша «Қазақстан ардагерлері және мүгедектері» ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Жанат Жарасбаев, Атырау облысындағы «Ауған ардагерлері одағы» бірлестігінің басқарма мүшесі Есмұқан Қажыкенов және Алматы облысының Қапшағай қалалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мұрат Кутеев бар.
Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медаліне Павлодар облысының «Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері мен мүгедектері» директорының орынбасары Юрий Веденеев ие болды.
– Елбасы Н.Назарбаев өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге ерекше назар аудару керек деп міндет қойған болатын. «Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу арқылы ел егемендігін баянды ете аламыз. Сонда ғана келешек ұрпағымыздың рухы биік болып, жан дүниесі жаңарады» деді Тұңғыш Президентіміз былтыр Тәуелсіздік күніне арналған салтанатта. Ал таяуда Жастар жылы қорытындыланған жиында ел Президенті Қ.Тоқаев қайратты жастарымыз көп болса, мемлекетіміздің болашағы баянды болатынын баса айтты: «Қазіргі жастар Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» деген сөзін берік ұстануы керек. Өйткені Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы тірегі, үкілі үміті, берік қалқаны – өздеріңіз» деді Мемлекет басшысы. Бүгінгі марапат иелері бабаларымыздың елдік жолын қастерлеп, ерлік жолын жалғаған, көп жылдан бері жастарға отаншылдық тәрбие беріп, жас ұрпақ бойында патриоттық сезім, жауынгерлік рух қалыптастырып келе жатқан тұлғалар, – деді Qazaqstan ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл.
Кәсіби сарбаздардан жауынгерлік тәрбие алған ұрпақ ұланғайыр даламызды қапысыз қорғауға, Тәуелсіздікті мәңгілік сақтауға қабілетті болады.
Елдос СЕНБАЙ