Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Ұлт тарихына байланысты әлі күнге зерттеуді қажет ететін дүниелер өте көп. Бір ғана Абайдың толық адамын дәл қазіргі идеологияға пайдалансақ, біз көп нәрседен ұтар едік.
Патша үкіметі бізді сексеуіл әдісімен басқарған. Сексеуілді балтамен шапса, жарылуы қиын, ал өзіне-өзін ұрса тез жарылады. Қазақты бір-біріне аңдыту арқылы біздің өзімізді ғана емес, санамызды да құлдықта ұстаған. Осы саясатты кеңестік биліктегілер де пайдаланды. Кеңес Одағындағы 15 республиканың ішінде ең орыстанып кеткен ел біз едік. Бұл – шындық. Расында, біздің ұлттық тарихымыз тәуелсіздік алғанға дейін Ресейдің қатаң бақылауында болды. Солардың ықпалымен жазылды. Алайда қазір ол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік бар.
Өйткені шындық пен ақиқат күндердің күнінде тарих сахнасына шығады. Шын мәнісінде, біз қаны таза, ойы сергек, дүниетанымы өте терең халықпыз. Аллаға шүкір, есімізді жидық. Еңсемізді көтердік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты жүйелі мақаласында аса көрегендікпен халықты тарихқа құрметпен қарауға және зерделеуге, өткеннен сабақ үйренуге шақырды. Себебі әр халықтың шежіресі қаһармандыққа, жеңістер мен трагедияларға толы, оны сол күйінде қабылдаған абзал. Ол үшін ғылыми тұрғыдағы көзқарас қажет.
Осыдан бір жарым жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарыққа шықты. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырды. «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабамыздың көпғасырлық мұрасының цифрлы өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі.
Тәуелсіздік – халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Тәуелсіздік – халықтың тойы, елдің тойы. Қалың Қазақ, алты алаш туған күн, мерейтой. Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 28 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді.
Тәуелсіздік – әлмисақтан қазақ халқы үшін аса қадірлі күн. Өйткені Тәуелсіздікпен бірге біз ана тілімізбен, ата дінімізбен қауыштық. Салт-дәстүріміз жаңғырды. Кешегі құбылмалы заман көшінде дін ілімін тарату емес, үйренудің өзі қылмыспен тең болды. Осындай қан мен тердің, ерік пен жігердің арқасында жеткен Тәуелсіздігімізді сіз бен біз көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Тағы бір ескеретін дүние бар, бұл дүниеде ең жаманы – бейқамдық. Біздің өмір сүріп отырған аумалы-төкпелі уақытымыз жайбасарлықты көтермейді. Сол себепті қазақ жастары тәуелсіздіктің құнын жете түсініп, оның ғұмыры ұзақ болуы үшін ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп, аянбай еңбектенуі керек. Қолымызда бар алтынның қадірін біліп, бабалар аманатына қиянат жасамау – басты парызымыз.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,
ғалым