Биыл Тәуелсіздікке – 28 жыл. Ал Тәуелсіздік туралы қазақ ұғымына – сан ғасыр. Соның ішінде патша заманында да, кеңес кезеңінде де азаттық туралы ойлау толастаған емес. Халық ойы, арманы Алаш жүрек түкпірінде сақталды. Жанын иман орамалына түйіп сақтады. Біздіңше, Тәуелсіздік – қазақ хандығы мен Алаш һәм Түркістан автономиялары аманатына адалдық. Тәуелсіздік – 1921-1933 жылдардағы большевиктік кесапат пен аштықта қырылған 3,5-4 млн халқымыздың рухына тағзым. Оқылатын дұғаның ағұзысы. Ар тазалығы мен имани пәктіктің өлшемі мен таразысы. Ауызға «Тәуелсіздікті» алып, істе ұлт құндылықтарын аяққа таптау – кәдуілгі рия ғана емес, Жаратқан алдындағы, ұлт пен халық алдындағы ауыр күнәнің ең зоры. Сондықтан біз 1991 жылғы ресми Тәуелсіздікті – хандар мен билер тұғырының айқындалуы, рухани Түркістанның түлеуі, Алаш арманының орындалуы, толғамалы тарихы мен тағдыры бар Қазақ елі бағының жануы деп білеміз. «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз!» деп Алаш арыстары айтқандай, Тәуелсіздік туы саясында жасай береміз, рухани жаңғыра береміз!
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
академик