Францияда Қазақстанға арналған журнал шықты
Францияда Қазақстанға арналған журнал шықты
173
оқылды

Мұқабасына Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреті жарияланған.

Францияның L’Essentiel Des Relations Internationales ("Халқаралық қатынастың маңызды сәттері") журналы өзінің желтоқсандағы нөмірін Қазақстан мен ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнады.

Арнайы санда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның Кеңес дәуірінен кейінгі дамуы, Елбасының қызметтен кетуі мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлануы, Астананың аты өзгеруі туралы жазылған. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің сұхбаты да жарияланыпты. Қазақ-француз қарым қатынасына жеке мақала арналған. Журналда еліміздің экономикасы мен мәдениеті туралы ақпарат да бар.

"Хабар 24" арнаасының айтуынша, журнал 90 мың дана тиражбен шыққан. Оны Франция, Швейцария, Бельгия мен Люксембургке, сондай-ақ Африканың французша сөйлейтін бөліктеріне тарайды екен.

Журналды ғаламтор арқылы да сатып алуға да болады. Бағасы 4 евро. Жеткізу үшін тағы 8 евро төлеу керек.

Баспагерлер журналдың бұл санын Қазақстанға арнаудың себебін оқырмандар арасында елімізге деген қызығушылықтың артуымен түсіндірді.

"Біз бұл санды Қазақстанға арнауымызға екі себеп бар. Біріншіден, біз ел іргесін бекіткен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа деген құрметімізді білдіргіміз келді. Екіншіден, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқарып жатқан жұмыстарын көрсетуге тырыстық. Елдің дамуына деген оның көзқарасы мен маңызды жобаларына көңіл бөлдік. Өйткені Қазақстан Еуразия үшін, әлем үшін орны бар мемлекет», – деді журнал басшысы Лоран Тайеб.

Аталмыш басылым 2010 жылы біздің елімізге нөмірін арнаған болатын. Ол кезде Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалық етті. Ол кезде журналдың мұқабасына Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті жарияланған еді.