Бір үйір жылқы ұрлағандар ұсталды
Бір үйір жылқы ұрлағандар ұсталды
501
оқылды

Жүк көлігінің ішінде 16 қыл құйрық болған.

Жануарларды Ақмола облысынан Түркістан облысына заңсыз өткізбек болған екі күдікті Қарағанды-Жезқазған тас жолында құрықталды. Олар жылқыларды көліктің жүк бөлігіне тығындап тастапты. Бір-біріне жабысып қалған жануарлардың қыбыр етуге шамалары болмаған.

Жалпы саны 16 түліктің бесеуінде ғана мал дәрігерінің анықтамасы бар болып шықты.

«База бойынша тексеріс барысында бір жылқының Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының тұрғынына тиесілі екені анықталды. Алайда телефон соққанымызда мал иесі жылқысын ешкімге сатпағанын айтты», – деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Кейінірек 12 желтоқсан күні Ақмола облысы Шортанды ауданының полиция бөлімшесіне 65 жастағы тұрғын хабарласқаны анықталған. Ол 16 жылқысы ұрланғанын айтыпты. Мал иесі жылқыларды бірден таныды.

«Автокөлікті ұстау фактісі Жаңаарқа аудандық ПБ тіркелді және мал тиелген көлікпен бірге Ақмола облысы Шортанды ауданы ПБ қызметкерлеріне табысталды», – деп толықтырды Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.