Сенат Төрағасы өз сөзінде 10 қаңтар күні өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына тоқталып, дауыс беруге қатысқан азаматтардың белсенділігіне назар аударды.
«Жуырда 7-шақырылымдағы Қазақстан Парламентінің 1-сессиясы ашылады. Сол жиында Мемлекет басшысы еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді белгілеп береді. Парламент Президенттің барлық бастамасын нәтижелі іске асыру үшін сапалы заңдар қабылдауы қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенаторлар алдағы Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарайды. Бұл құжат ауылдық жерлерді ауызсумен жабдықтау жұмыстарын оңтайландыруға және жаңадан құрылған жүйелерді жеңілдігі бар нысандар тізіміне қосу ісін тездетуге арналған.
Сонымен қатар депутаттар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Аталған заң жобасы Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Құжат тіркеу рәсімдерін және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде электронды форматта көрсетілетін қызмет түрлері де бар екенін атап өткен жөн.
Сондай-ақ сенаторлар алдағы бейсенбіде Электрондық жүйенің пайдаланылуын және оған қызмет көрсететін персоналдың жұмысын бақылау жөніндегі комиссия құру мәселесін қарайды.