Өткен жылдың соңына таман үшінші мегаполистегі «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» директоры болып елімізге белгілі әнші, мәдениет менеджері Сәкен Майғазиев, жаңажылдық демалыстан соң опера жұлдызы, әлемдік сахналарда ән шырқап жүрген Майра Мұхамедқызы Шымкент қалалық Опера және балет театрын басқаратын болды. Іле-шала қаладағы спорт мектебіне олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков басшылыққа барды. Кейін қаланың Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары болып әнші Ақбота Керімбекова тағайындалды.
Тек соңғы тағайындауға байланысты ел іші мен әлеуметтік желілерде түрлі қауесет гу ете түскені болмаса...
Шымкент қаласындағы мәдениет және спорт саласына танымал тұлғалардың бірінен соң бірі келуін бұқара қуанышпен қабылдағанымен, А.Керімбековаға келгенде шымкенттіктер тым кеңпейіл бола алмады. Соңғы жаңалыққа жатырқай қараған жұрт әлеуметтік желіде бірінен соң бірі қарсы пікір білдіре бастады. Оның мемлекеттік мекемеде бұрын-соңды жұмыс істемегені де, тіпті шымкенттік емес екені де айтылды. Әлеуметтік желідегі осынау кереғар әңгімелерден соң қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы Ақбота Керімбекованың аталған басқармаға шығармашылық және концерттік саланы жетекшілік ету бойынша келісімшарт негізінде қызмет етіп жатқанын, мемлекеттік қызметкер емес екенін айтып ресми мәлімдеме жасады.
Біз қоғамда қызу пікірталасқа ұласқан осы жайт бойынша бірқатар тұлғаның пікірін білген едік.
Шыңғыс МҰҚАН,
Шымкент қаласы әкімінің
бірінші орынбасары:
– Елімізге танымал тұлғалардың Шымкент жаққа ағылуы кездейсоқтық емес, бұл – қала әкімі Мұрат Әйтеновтің идеясы төңірегінде жүзеге асып жатқан іс. Қала басшысы «Шымкентті шын мәнінде республикалық қалаға айналдыру үшін шаһарымызда республика деңгейінде еңбек етіп жүрген азаматтар жұмыс істеуі керек» деп осы жайтқа өзі бас болып жүр. Шымкент қайткенде республикалық маңыздағы қалаға айналады? Егер Батыс пен Шығыстан, Орталық пен Солтүстіктен түлектер Шымкентке келіп, осы қалада орналасқан жоғары оқу орындарына түсіп жатса, керемет емес пе?! Ол үшін Шымкенттің оқу орындары мықты болуы керек. Бүкіл Қазақстаннан емделу үшін Шымкентке емделушілер келсе, өнерсүйер қауым Шымкенттің театрларына келіп жатса, кәнеки. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында зәулім үйлер салып жүрген құрылыс компаниялары келіп жатса да құба-құп. Біз өнер тарландарын мемлекеттік қызметке емес, үлкен өнер ұжымдарына шақырдық.
Біз Шымкенттен шыққан, бірақ республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істеп жүрген танымал тұлғаларға үндеу тастадық. Үндеуді қабыл алып, Сәкен Майғазиев үлкен өнер ұжымын басқаруға келді. Сол сияқты Майра Мұхамедқызы да Опера және балет театрына жетекшілік етуге келісті. Басқа жақтан кадрлар келіп жатса, «неге Шымкенттен емес?» деген әңгіме айтылады. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс істедік. Бірақ ешкім «неге Алматыдан емес, Нұр-Сұлтаннан емес, Шымкенттен?» деп айтқан жоқ. Республикалық маңыздағы қала болған соң еліміздің кез келген түкпірінен келіп адамдар жұмыс істеуі мүмкін. Майра апамыз Қытайда туып-өскен қазақтың талантты қызы. Келген адамдар біздің Шымкентімізге не бере алады сол маңызды, біріншіден, олардың жастар тәрбиесіне үлесі мол болмақ. Музыка мектептері мен өнер колледждеріне аптасына бір мәрте барып студенттердің алдында өзінің тәжрибесімен бөліссе, жастар үшін үлкен олжа. Бұл шымкенттіктердің ғана емес, өзге өңір жастарының да осында келуіне жол ашады. Екіншіден, осындағы театрлардың деңгейін көтеру үшін мықты мамандар, талантты жандар керек. Бізге бастықтар керек емес, рухани көшбасшылар қажет. Экономикалық жағын реттейтін мамандар өзімізден де табылады, ал рухани көшбасшылар өнер адамдарының екінші тынысын ашады. Шымкентте 5 театр бар екенін ескерсек, сондағы қойылымдарды жоғары деңгейде бүкіл Қазақстанның, басқа өңірлердің азаматтары қызығатындай етіп жасау үшін, әрине орталықта тәжірибесі бар осындай адамдар жұмыс істеуі қажет. Бұл енді өнер саласымен ғана тоқтамайды. Спорттан бөлек, денсаулық саласына да шалғайдан іздеп келіп ем алатын медицинаның мықты маманын қарастырып жатырмыз. Біздің денсаулық саласы да Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының медицинасынан кем болмауы керек. Инвесторлар да жоғарыда айтқан қалаларға жинала бермей, бізге келуі тиіс. Келіп жатқан өнер жұлдыздары мемлекеттік мекемелерде белгіленген тиісті жалақымен жұмыс істейді. Оларға өзге қаржы көздері немесе үймен қамту мәселесі қаралмаған. Ешқандай да ерекше жағдай жасалған жоқ. Келешекте болмаса, дәл қазір үймен қамтуға мүмкіндік те жоқ Ол кісілер үшін бұл жер үлкен тәжірибе алаңы. Өзін басқа қырынан көрсететіндей мүмкіндік, былай қарағанда челлендж, әдетте адамдар сондай сынақты іздеп жүреді. Сынақ адамды өсіреді. Сондықтан ол кісілер үшін бұл үлкен сынақ алаңы. Одан бөлек, Шымкенттен өздері сияқты шәкірттерді тәрбиелеп шығарады ғой деп ойлаймын. Біздің білуімізше, мықты маман мықты ұстаздан шығады.
Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ,
композитор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Әлеуметтік желіде мемлекетіміздің нығаюына жұмыс істейтін, өнерімізді құрметтейтін адамдар отыр деп айта алмаймын. Бір адам бірнеше аккаунт ашып алып, жұрттың өскенін көре алмайтын, әр нәрсені жазып отыра беретіндер бар екен. Олар жазсақ бола береді деп ойлайды-ау деймін. Егер әлеуметтік желіде ұлттың болашағы, ұлттың ұяты үшін үн қосып, қоғамдық пікір қалыптастырып жатса, мен түсінер едім. Майғазиевтің Мәдениет басқармасына қарасты «Түркістан» сарайына директорлық ұсынысқа келіскеніне алғыс айтуымыз керек. Ондай елге белгілі, Қазақстанның еңбек сіңірген кайраткері, «Мұзарт» тобының әншісі және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының проректоры деңгейіне дейін көтерілген азаматтың Шымкентке барғанына қуануымыз керек. Қайта оның тәжірибесін пайдалануымыз қажет. Қазір Шымкент республикалық маңызы бар 3 қаланың бірі. Оның мәдениетінің өркендеуіне үлес қосатын осындай жандардың тәжірибесі ауадай қажет. Сәкен онда зейнеткерлікке шыққанша отырмайды ғой. Көп болса, 2-3 жыл отырар. Осы уақыт аралығында жұмыс істеудің көзін көрсетіп кетеді. Майра Мұхамедқызының тағайындалуына да тура Сәкенге қатысты айтқандарымды айтар едім. Мұхамедқызы қазір жас емес. Әлем таныған опера әртісі театрға бару арқылы көп нәрсе істейді, оның тәжірибесі мол. Шымкенттегі опера театрын гастроль жасап Алматыға, астанаға әкеле алады. Тіпті, шымкенттік Опера және балет театры әншілерінің Түркияға және басқа да шетелге шығуына жол ашылды десек болады. Себебі олар Майраны сыйлайды, өзге елдерде байланысы бар. Ақботаны әнші ретінде құрметтеймін. Келген адам бір тамшы болса да үлес қосып жатса, қуануымыз керек. Оларға жұмыстарына сәттілік тілеймін, еліміздің өркендеп, мәдениетіміздің нығаюына үлес қоса берсін!
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы