ІІМ Көші-қон қызметінің арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ғалымжан Сүлейменов:
"Жүргізілген талдаудың арнайы нәтижесі бойынша азаматтардың 90% -дан астамы Ресей Федерациясына көшеді. Халықтың көп қоныс аударатын екінші мемлекет Германия, өткен жылы 1400 адам көшіп кетті. Бұл қатарға Польша, АҚШ-ты да жатқызуға болады",− дейді.
Жалпы, 15 жыл ішінде Қазақстаннан 4,3 мың маман кетті. Олардың көпшілігі техникалық кәсіпті меңгергендер. Әр үшінші эмигрант жоғары білімді, әрбір төртіншісі орта білімді. Мамандар бұл тенденцияны «ақылды, қабілетті адамдардың кетуі» деп түсіндіреді. Көшкендердің төрттен бірі - 28 жасқа дейінгі адамдар. Қазақстандық студенттердің көпшілігі оқу үшін және кейін жұмысқа орналасу үшін Ресейді таңдайды екен.
Арнайы жүргізілген зерттеу бойынша жастардың Қазақстаннан кетудегі негізгі себебі мынада екен: әлеуметтік-экономикалық жағдай, сыбайлас жемқорлық, болашаққа деген сенімсіздік және көрші елдердің мигранттарды тарту жөніндегі белсенді саясаты.
Қазақстанға келіп жұмыс істеуге ниетті шетелдік жастардың саны аз емес. Әрине қазақстандық маманға қарағанда оларға төленетін жалақы бірнеше есе жоғары. Мысалы, сервистік индустрия, құрылыс нарығы, мұнай секторы, менеджмент тобы сынды қызметтерде Еуропадан келген мамандар жұмыс істесе, құрылыс нарығында Үндістан мен Түркия елінен келетін жастардың қарасы қалың.
Мақсат Сералы, экономист: «Жастардың шетелге кетуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден жастардың өз ішкі потенциалын орындай алмауы. Қазіргі жастардың көзі ашық, әлемдік деңгейде білім алғанымен соны өз елінде жүзеге асыра алмағандықтан мүмкіндігі жоғары елдерге кетіп жатыр. Мысалы, технологиялық мамандықтар бойынша шетелдік білімі бар жастар Қазақстанда жұмыс таппайды. Себебі кәсіпкерлікте де, зауыттарда да алған білімін қолдана алмайды. Өз жобаларын ұсынатын жастарға Үкімет қолдау көрсетпейді. Сосын шетелдік ірі компанияларға жұмысқа орналасады. Олар өз кезегінде білікті маманға жағдай жасайды. Оның ішінде әлеуметтік пакеттің артықшылығы көп. Ал жалақы жағы бірнеше есе жоғары екені айтпаса да түсінікті. Оның үсітіне жастар жергілікті жерге байланып отырмайды. Яғни, көшуге тез бейімделеді. Білікті кадрларды жоғалту ел экономикасына да кері әсер етеді. Кадр саясатын тиімді пайдалана алмай отырған Үкіметтің кінәсі деп айтуға толық негіз бар», − дейді экономист.
Саясаттанушы Ирина Черных:
«Эмиграция санатына жоғары білімді адамдар жиі еніп отыр. 2017 жылы жоғары білім алғандар (11 290 адам) Қазақстаннан кеткендердің жалпы санының 29,9% құрады, яғни әрбір үшінші эмигрант. Елге кіргендердің жалпы 17,5% -ы (әр алтыншы) ғана жоғары білімге ие екен», − деді Ирина Черных.
Белгілі болғандай, 2018 жылы Қазақстан халқының 10% -ы шетелге кеткен, 2017 жылы 11%, ал бұл көрсеткіш 2004 жылы 18%-ды құрады. Ықтимал эмигранттардың 10% -ның әрбір екінші орыс, әрбір үштен бір бөлігі қазақ, басым бөлігі, яғни 77% -ы білімді жастар.
Көші-қон жөніндегі сарапшы Елена Садовская еліміздегі эмиграциясының өсу себебін былай түсіндіреді:
«Алдымен экономикалық жағдай тікелей әсер етеді. Экономиканың тірегі саналатын ірі кәсіпорындар жабылғаннан кейін жұмыссыздық белең алады. Халықтың жағдайы нашарлап, өмір сүру деңгейінің төмендеуі сезіледі. Сыбайлас жемқорлық, өзін-өзі дамытуға мүмкіндіктің жоқтығы көп жастың сағын сындырады. Батыс және басқа дамыған елдерде біздің азаматтарды жаңа экономикалық, әлеуметтік, мәдени, кәсіби мүмкіндіктер қызықтырады».