Ақтау қаласында «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы бюросының отырысы өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Серікбай Трұмов төрағалық етті.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңының 97-1-бабы 5-тармағына сәйкес «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық Саяси кеңесі бюросының 13 қаңтардағы шешімімен 26 кандидаттан тұратын тізім бекітіліп, облыстық мәслихаттың депутаттары ретінде тіркеу үшін Облыстық сайлау комиссиясына жолданды. Елбасы – партия Төрағасы Н.Назарбаев атап өткендей, «Nur Otan» партиясын қайта жаңғырту «Мықты көшбасшылар – мықты партия» қағидатын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік берді. Енді жаңа фракция алдында «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалуын жүйелі түрде бақылау және жаңа реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету міндеті тұр. Партия Төрағасының мәслихаттардағы жастар мен әйелдердің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы нақты іске асырылды. Яғни, «Nur Otan» фракциясының жаңа құрамының 8-і – әйелдер (30,7%), ал 5-еуі 35 жасқа дейінгі жастардан (19,2%) тұрады. Жалпы, Маңғыстау облыстық мәслихаттағы депутаттық корпус 76,9% жаңарды.Абылайхан ЖҰМАШ