Мәжіліс депутаттары қазақ-қырғыз шекарасындағы автомобиль өткізу пунктінің инфрақұрылымымен танысу мақсатында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды.
Қордай ауылындағы бақылау-өткізу пунктіне барғаннан кейін Мәжіліс және Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші депутаттарының бірлескен отырысы өтті.
Отырыста Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко қаралып отырған мәселенің әлеуметтік-экономикалық бағытының маңызын айта келе, еліміздің және көрші Қырғыз Республикасы азаматтарының ескертулеріне назар аударды. Атап айтқанда, олар шекара өткізу пунктінде, әсіресе жаз мезгіліндегі кезектің ұзақтығын айтып, жиі шағымданады. Кедендік рәсімдеудің және шекараны бақылаудың баяу жүргізілуі, жемқорлық, контрабанда және инфрақұрылымның тапшылығы фактілері де бар.
Отырыс барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметі директоры Дархан Ділманов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің және қырғыз тарапының мемлекеттік органдарының өкілдері баяндама жасады.
Қазақстандық Парламент өкілдері өз баяндамаларында шекарадағы автомобиль өткізу пунктінің жұмысын қамтамасыз ету саласындағы ведомство жұмысының негізгі бағыттары туралы толық ақпарат берді. Сонымен бірге 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғыз үкіметаралық мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға сәйкес орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар шешетін міндеттер де көрсетілген.
Кездесуде екі ел депутаттары шекаралық ынтымақтастықты дамыту туралы заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады.
Отырысты қорытындылай келе, Мәжіліс вице-спикері В.Божко Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылдың 27 қарашасында Қырғыз Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының нәтижелерін ескере отырып, қырғыз тарапымен бірлескен іс-қимыл жасау қажетін атап өтті.
Шу өзені арқылы өтетін «Қарасу» – Қырғыз Республикасының «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінің арасындағы жаңа көпір құрылысы туралы үкіметаралық келісімді жүзеге асыру, сондай-ақ «Бесағаш – автожол» (Қазақстан) және «Кичи-Капка – автожол» (Қырғыз Республикасы) өткізу пункттерінің жұмысын жандандыру, сондай-ақ «Кеген-автожол» (Қазақстан) мен «Қарқыра-автожол» (Қырғыз Республикасы) өткізу пункттерінің жұмыс уақытын ұлғайту мәселесінің маңызын атап өтті.
Отырыс барысында Мәжіліс вице-спикері шекара өткізу пунктінің тиімділігін арттыру және шекарадан өту кезінде екі елдің азаматтары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында осындай кездесулерді жалғастыруды ұсынды. Сондай-ақ мұндай проблемалық мәселелерді тұрақты түрде парламенттік бақылауда ұстау қажет екені де айтылды.