2019 жылдың соңында «Самұрық-Қазына» трансформация бағдарламасын жүзеге асырудан түскен пайда көлемі 86 млрд теңгеге жетеді. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Digital Samruk-2019 конференциясында мәлімдеді.
«Цифрлы трансформация: ел экономикасының өсу нүктелері» деген тақырыпта өткен басқосуға Премьер-Министр Асқар Мамин, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты портфельдік компания басшылары қатысты.
Үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстанның дамуы мен әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін экономиканы цифрландырудың өзектілігі өсіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ қордың жұмысын жоғары бағалады.
– Стартап-инновацияларға тұрақты сұраныс тудыруға «Самұрық-Қазына» қорының мүмкіндігі мен әлеуеті зор. Сандық технологияны ары қарай ықпалдастыру халықтың әл-ауқатын жақсартып, Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуі үшін өте маңызды, – деді Премьер-Министр.
Асқар Мамин «Самұрық-Қазынаның» портфельдік компаниялары ұйымдастырған көрмені тамашалап шықты. Көрмеге сандық технологиялар мен «ақылды қалалар» саласындағы жетістіктер қойылған.
Өз кезегінде Ахметжан Есімов Қордың компаниялар тобы жүзеге асырған цифрлы трансформация бағдарламасының нәтижелерін ұсынды.
– Трансформация бағдарламасы аясында нақты жобаны жүзеге асыру есебінен соңғы екі жылдағы пайда көлемі 86 млрд теңгеге жетіп қалды. Бұл тек тікелей пайда, тағы да жанама пайдасы бар. 2019 жылдың 11 айына қорытынды жасасақ, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының таза табысы шамамен 1 трлн 150 млрд теңге болды. Шоғырландырылған бюджетке төлемдер 14 пайызға өсіп, 813 млрд теңгені құрады. Бір жыл ішінде Үкіметке түскен дивиденд мөлшері 2 есе, ақшалай санағанда 5 есе артты, – деді Ахметжан Есімов.
Ауқымды IT аудит қорытындысы бойынша тиімділік тұрғысынан күмәнді жобаларды іске асыруға жұмсалатын шығындар оңтайландырылды. IT тиімділігін арттырудан түскен жалпы пайда – 60 млрд теңге. Холдингішілік сатып алу көлемі 4 есе – 2 трлн теңгеден 515 млрд теңгеге дейін азайды. Бір жерден сатып алу 900 млрд теңгеге немесе 1,5 есе қысқарды. Категориялық сатып алуды дамыту жұмысының арқасында 24 млрд теңге табыс табуға мүмкіндік туды. Бәсекелі ортаға 618 млрд теңге бөлінді. Осылайша, шамамен 140 млрд теңге үнемделді.
Сөз соңында Ахметжан Есімов трансформацияны жүзеге асыру есебінен негізгі көрсеткішті жақсарта беретінін тілге тиек етті.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» қорына 2018 жылы келген жаңа топ-менеджмент 2014 жылы бекітілген трансформация бағдарламасын қайта қарап, өндірістік бизнес-үдерісті цифрландыруға баса назар аудара бастаған. Нәтижесі қазірдің өзінде көңіл қуантады.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ