Несие алуға кедергі жоқ

Несие алуға кедергі жоқ

Жаңа жылдан бастап кірісі 31 мың тең­геге жетпейтін азаматтарға несие беру­ге тыйым салынады, сондай-ақ банктердің меншікті капиталына қойылатын талаптар да күшейтіледі. Мә­жілістің бір топ депутаты жолдаған сауалға жауап берген Ұлттық банк тө­ра­ғасы Ерболат Досаев осылай де­ді. Бұл – несие қарызына батып қалу­дың ал­дын алу үшін жасалған қадам.

Соңғы жылдары екінші деңгейлі банктердің жомарттығы ұстап кетті ме, несие алушылар көбейді. Олардың арасында кейін несиесін өтей алмай, қарызға кіргендердің үлесі артты. Мұндайда банктің ұстанымы шартқа қол қойдың ба, төле дегенге саяды. Ал тұрақты табысы жоқ немесе айлығы шайлығынан аспайтындар үшін несиені қайтару қиынға соқты. Соңында бұл мәселеге Президент араласты, 26 маусымда «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» №34 Жар­лығын шығарды. Аталған құжатқа сәйкес, 2019 жылдың 1 маусымына дейін жалпы қары­зы 3 миллион теңгеден аспайтындардың несиесі өтелді. Мемлекет бір қарыз алушы несиесінің 300 мың теңгеге дейінгі сомасын кешірді. Осылайша, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектері бар отбасылар, атаулы мемлекеттік-әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айы­рыл­ған, 29 жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың несиесі кешірілді. Бұл науқан өмірдің қиын кезеңіне тап келіп, несиесін өтей алмай жүргендер мен екінші деңгейлі банктер үшін үлкен демеу болды.

– Үкімет несиені кешіру шарасын халықты аяғаннан жасаған жоқ. Кез келген банк мемлекеттің немесе эконо­ми­каның төңірегіндегі элиталық топтардың үлестес ұйымы. Міне, сол ұйымға берілетін қар­жылай көмекті саяси тех­нологияның арқасында халыққа көмек көрсеткендей етіп беруге мүмкіндік алды. Бұл банктердің қайтара алмай отырған несиесін бюджеттен түгендеп ала салуына жол ашты. Ал бюджеттегі қаржы халықтың ақшасы еді. Бұл жағ­дайды осылай екіжақты бағалау қажет, – дейді әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов.

Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, соңғы жылдары тұ­тыну несиесін алғандардың берешектерінің өсу көрсеткіші 2017 жылы 31 пайызды, ал 2018 жылы 28 пайызды құраса, осы жылдың 10 айында кепілсіз тұтыну қарызы небәрі 8 пайызға өскен. Осы кезең ішінде қа­зақ­стандықтардың орташа айлық жалақысы 16 пайызға өсті, бұл кепілсіз қарыздар бойынша берешектен екі есе көп. Бұл көр­сеткіштің жақсаруына Прези­денттің №34 Жарлығының ықпалы тигені анық. Себебі рес­ми дерек бойынша, 20 та­мыз­ға дейін 507,3 мың азаматтың тұтыну қарызы бойынша 105,1 миллиард теңгені құрайтын қа­рызы кешірілген. Егер осы қа­рыз кешірілмесе, онда қарыздар бойынша берешек 8 пайыздан әлдеқайда көп болар еді.


Несиені кешіру науқанының арқасында Қазақстан жеке тұл­ға­ларды несиелеу нарығында қарызы аз елдер қатарына кіріп отыр. Бұған дәлел – тұтыну қа­рыздар портфелінің жалпы ішкі өнімге қатынасы шамамен 9,2 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш Ресейде – 14,3 пайыз, Польшада 30 пайызға жуық болса, Герма­нияда – 40 пайыз, АҚШ-та 85 пайыздан асады. Енді осы көрсеткішті сақтап қалу үшін және азаматтардың шектен тыс несие алуының алдын алу мақсатында Ұлттық банк реттеу шараларын іске асырып жатыр. Мәселен, биыл 3 шілдеде Пре­зидент «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын рет­теу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң 2020 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап ха­лыққа қарыз беретін барлық заңды тұлғаға қатысты реттеу мен қадағалауды енгізуді көз­дейді. Оның бірін сөз басында тілге тиек еттік. Яғни, кірісі ең тө­менгі күнкөріс деңгейіне жет­пейтін азаматтарға қарыз беруге тыйым салынады, сондай-ақ банк­тердің меншікті капи­та­лының көлеміне қойылатын талаптар күшейтіледі. Сондай-ақ 90 күннен аса мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтыну қарызы бойынша тұрақсыздық айыбы мен комиссияларды есептеуге тыйым салынады. Осы арқылы кепілсіз тұтыну қарызы бойын­ша берешектің үздіксіз өсуі шек­теледі. Бұл түзетулер Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне Қазақстан Рес­публикасының әкімшілік-ау­мақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджета­ралық қатынастарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасына енгізілген.

Халықтың несие алуға әуес­тігін басатын тетіктер қажет шы­ғар, бірақ солай екен деп олар­дың қаржыға мұқтаж кезде арқа сүйейтін жалғыз құралы – несие алу құқынан айыруға бола ма?

– Халық несие алмауы үшін несиесіз өмір сүруі керек. Ол үшін сіз бен біздің жалақымыз тұрақты және жоғары, инфля­цияға төтеп бере алатындай дең­гейде болуы тиіс. Сұраныс бар жерде ұсыныс болады, де­мек, әлі де несиеге мұқтаждар бар және бола береді. Сондықтан банктердің несие беру шарт­та­рын пысықтап, несие көлемін белгілі бір деңгейде белгілеп алу керек, – дейді Р.Салықжанов.

Оның пікірінше, отыз жыл­дан бері Ұлттық қордан немесе қосымша қаражат көзінен әлеу­меттік көмек ретінде дәл мұндай қомақты қаржы бөлінген емес. Сол себепті де халық мемлекеттің әлеуметтік қолдауына дән риза. Бірақ біз нарықтық жүйеде өмір сүретіндіктен, қаржыны үлестіре беруге болмайды.

– Халық дайын асқа тік қасық болуды үйреніп алады, масылдыққа бет бұра ма деген де қауіп бар. Одан да қаржыны мамандар біліктілігін көтеруге, кәсіпорын ашып, халықты жұ­мыспен қамтуға бағыттаған жөн. Әрине, ақшаны таратып бере салу оңай. Алайда бұған үйреніп алғандар бірер жылдан соң әлеу­меттік көмектің көле­мін өсіруді сұрай бастауы мүм­кін. Мұның әлеуметтік, эконо­ми­калық және психологиялық салдары бар, – дейді Рамазан Саттарұлы.

Сөз басындағы ойға қайта оралсақ, жаңа жылдан бастап 31 183 теңгеден аз табыс таба­тын­­дарға несие берілмейді. Мұн­дағы 31 183 теңге – еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің көрсеткіші. Егер 2020 жылдан бастап жалақының ең төменгі мөлшерi – 42 500 теңге, ал зей­нетақының ең төменгі мөлше­рi – 38 636 теңге болатынын ескерсек, онда жалақысы тө­мен­дер де, зейнеткерлер де не­сие алуға құқылы болады. Сонда 31 мың теңгенің сылтауымен кім­дерге несие берілмеуі мүм­кін? Біздіңше, 31 мың теңге не­сие алуды әдетке айналдыр­ғандар үшін салмақты кедергі емес.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ