Сіз кімсіз, Әсет Ерғалиев мырза?
Сіз кімсіз, Әсет Ерғалиев мырза?
1,091
оқылды
Әсет Ерғалиев – ең жас министр. Оның жасы 34-те. Бұған дейін Үкімет мүшелерінің арасында ең жасы 37 жастағы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин болды. Әсет Ерғалиев 1986 жылы 18 маусымда Қостанайда туған. Ол 1-3 сынып аралығында Ақмола облысындағы Вознесенко орта мектебінде, 4-7 сыныпта Макинск қаласындағы №4 мектепте ал, 8-11 сынып аралығында Астанадағы (қазіргі Нұр-Сұлтан) №11 химия-биологиялық лицейінде оқыған. Негізгі мамандығы – экономист. Ол қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін меңгерген. 2008 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының (КИМЭП) мемлекеттік саясат экономика саласында бакалавр дәрежесін алды. Халықаралық Йонкопинг бизнес мектебін халықаралық экономика саласының бакалавры, Йорк университетін экономика ғылымының магистрі, Ноттингем университетін экономикадағы философия магистрі дәрежесімен аяқтады. Министр Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің PhD докторы.

Еңбек жолы

2010 жылдан бастап Лондондағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің экономикалық департаментінде Шығыс Еуропа мен Кавказ аймақтық саясат сарапшысы, одан кейін департаменттің бас маманы болып жұмыс істеді. 2011 жылы экономикалық департаменттің аймақтық экономист дәрежесіне көтерілді. 2013 - 2016 ж – "Экономикалық зерттеу институты" АҚ директорының орынбасары, вице-президенті, басқарма төрағасының орынбасары, "Кәсіпкерлікті дамыту орталығы" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, "Экономикалық зерттеу институты" АҚ басқарма төрағасы. 2016 жылы қазан – "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі; 2016 жылдан 2018 жылға дейін – премьер-министрдің кеңесшісі; 2018 жылы – премьер-министрі кеңсесінің жобаларды басқару орталығының меңгерушісі; 2018 жылдың қыркүйегі мен 2019 жылдың наурыз айлары аралығында – Ұлттық экономика вице-министрі; 2019 жылдың наурыз бен тамыз аралығында – премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары; 2019 жылдың тамызынан бастап ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарды. [caption id="attachment_104504" align="aligncenter" width="425"]Оңтүстік Корей және Қазақстан ғалымдарының халықаралық ғылыми семинарында Оңтүстік Корей және Қазақстан ғалымдарының халықаралық ғылыми семинарында[/caption]

Отбасы

"Экономикалық зерттеу институты" акционерлік қоғамының 2013 жылы желтоқсанда жариялаған мәліметі бойынша Әсет Ерғалиевтің анасы Ерғалиева Асыл Құдайбергенқызы (1961 жылғы), әйелі Ерғалиева Камила Өміртайқызы (1990 жылғы). Ашық дереккөздегі мәлімет бойынша анасы Асыл Ерғалиеваның мамандығы - есепші. Ол 2010 жылы "Қаржы жүйесі органдарының қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығынан" АҚ кәсіби есепші сертификатын алған. Әсет Ерғалиевтің отбасы туралы сұрап, Ұлттық экономика министрлігіне ресми сауал жолданған едік. "Әсет Ерғалиевтың анасы Асыл Ерғалиева 8 жылдан бері «ҚазМұнайГаз Инжиниринг» ЖШС-де есепші болып жұмыс істейді. Әкесі 1993 жылы 32 жасында көлік апатынан қаза болған. Әсетті анасы жалғыз өзі тәрбиелеп өсірген", - деп жауап берді ресми  хабарламада. Egov.kz порталындағы азаматтың әлеуметтік статусын тексеру қызметінің мәліметінше, министрдің әйелі Камила Ерғалиева өзін жұмыспен қамтушы тұлға ретінде тіркелген. Ашық дереккөзде оның экономист екені жазылған. Олардың бір ұл, бір қызы бар. "Жұбайы Камила Ерғалиева бала тәрбиесімен айналысады. Қазір уақытша жұмыс істемейді. Оның ұнататын хоббиі бар, ол – дизайнерлік өнер", - делінген ресми жауапта.     Әсет Ерғалиевке үлестес тұлғалар (аффилированные лица) қатарында әйелінің әкесі Сарқұлақов Өміртай Төлеубайұлы, әйелінің анасы Ғалия Сарқұлақова, әйелінің ағасы Дәрмен Сарқұлақов та бар. Өміртай Сарқұлақов Ақмола облысы, Ерейментау ауданында тіркелген "Дармен" шаруа қожалығын басқарған. Бірақ кей деректерде шаруа қожалықты ЖК "Саркулакова Р.Х." басқаратыны жазылған. Ресми жауапта Сарқұлақов Өміртай ауыл шаруашылық саласында қызмет ететіні жазылған. Өміртай Сарқұлақов 2013 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Дәрмен Сарқұлақовтың Нұр-Сұлтанда 2018 жылы тіркелген "Rhythm construction" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Компания құрылыспен айналысады. Мемлекеттік сатып алуға қатысушылар тізіміне тіркелмеген.

Әлеуметтік желі

Әсет Ерғалиев Twitter-ден басқа әлеуметтік желіден табылмады. Ол Twitter-ге 2012 жылы мамырда тіркеліп, 6 твит жариялаған, соңғы рет 2013 жылы 2 қазанда PrimeMinister.kz парақшасынан сілтеме бөліскен. Оның 18 оқырманы бар. Ол алғашқы жазбасында "ТМД аймағындағы экономикалық өсімнің күрделі перспективасы қосымша құрылымдық реформаларды шұғыл қажет етеді", - деп жазған. Бұл жазбаға ешкім лайк баспаған, бөліспеген, ешқандай пікір жазылмаған. Ұлттық экономика министрі бұған дейін экономист, сарапшы ретінде азды-көпті пікір айтқан. Солардың бірі - 2016 жылы "Экономикалық зерттеу институты" басқармасы төрағасының бірінші орынбасары қызметінде жүргенде Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол" мақаласы туралы айтқан пікірі. "Ұлт жоспарын жүзеге асыру қарқынына сыртқы факторлар әсер ете қоймайды. "100 нақты қадам" - Қазақстанның бүгінгі күрделі экономикалық жағдайдан шығуының бірден бір сарабдал жолы. ... Біздің алдымызда үлкен мақсат тұр. Ол - 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Реформалар сапалы өсімді қамтамасыз етеді. Экономикалық тарих көрсетіп отырғандай, жеке секторға басымдық беретін елдер дағдарыстық жағдайға нәтижелі тойтарыс беріп, бұл кезеңнен тезірек өтеді. Олар жаңа конъюнктура жағдайында жылдамырақ әрекет етеді", - деген Әсет Ерғалиев.