Орал қалалық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен «Орал жастары» атты қысқы спорттық фестиваль өтті. Аталған шараны ұйымдастыруға «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы, «Jas Otan» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалы, Орал қаласының әкімдігі, Орал қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі, «Атамекен» туризм орталығы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ атсалысты.
Қаладағы «Атамекен» туристік орталығында өткен шараға қатысушылардың қарасы көп болды. Фестивальдың ашылу салтанаты мемлекеттік Әнұранмен басталды. Айта кетейік, 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы Орал қаласы жастарының тұлғалық дамуы мен бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған іс-шаралармен жалғасуда. Осы ретте жол картасы аясында жыл сайын қала жастарының бұқаралық спорт түрлерімен және денешынықтырумен кем дегенде 30 пайыз қамтылуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ел ішінде бейбітшілікті сақтайтын өскелең, саламатты ұрпақты қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған фестиваль спорттық ойынмен жалғасты. 12 команда 3 кезең бойынша сынға түсті. Іс-шара соңында жарыс жеңімпаздары естелік сыйлықтармен марапатталды.Әбілмансұр ЖАСАН