Алдағы уақытта елімізде Парламенттік оппозиция институты енгізіледі, бұл басқа партиялардың өкілдеріне Парламенттегі кейбір комитеттерді басқару құқын береді. Саяси партияларды тіркеу үшін 20 мың мүше жеткілікті болмақ. Ал митингіге шығу үшін рұқсат сұрау талап етілмейді, жай ескертсеңіз болғаны. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында осындай саяси шешімдер қабылданды.
Биыл 12 маусымда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Президент жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойды. 6 қыркүйекте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтіп, қоғамды демократияландыратын, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін бірнеше ұсыныс жасалған болатын. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кешегі отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы І отырыста айтылған ұсыныстар бойынша қабылдаған шешімін жария етті.
– Біз өз қызметімізде ең алдымен, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуымыз керек. Халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ. Ұлттық кеңес бірінші кезекте, қоғамдық диалог пен сенім алаңы ретінде құрылды. Біз осы сенімді ақтауға тиіспіз, – деп сөз бастаған Президент азаматтарды алаңдатқан түйткілді мәселенің бәрін бірнеше айда шешіп тастау мүмкін емес екенін, дегенмен бірқатар мәселе бойынша алға ілгерілеп, шұғыл шешімдер қабылданғанын атап өтті. Сонымен, көкейкесті мәселенің бірі – жер және оны тиімді пайдалануға қатысты десек, бұдан былай пайдаланылмай жатқан жер телімі үшін базалық салық ставкасы 20 есе көбейеді. Мемлекет басшысы Ұлттық комиссия мүшелері пайдаланылмай және тиімсіз игеріліп жатқан жерлерді анықтау мен қайтару үшін ғарыштық мониторингке көшу қажеттігін атап өтті. Есте болса, Президент қазан айында Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Бұл заңда жерді қашықтан зондтау ескерілген. Енді жерді пайдалану шартын бұзу үшін ғарыштан түсірілген бейнелерді негіз ретінде пайдалану мүмкіндігін пысықтау қажет.
– Менің тапсырмам бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті бұйрықты дайындады. Сонымен бірге аталған жұмыс барлық тәуекелді ескеріп жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірге барлық дайындық жұмыстарын аяқтап, 2020 жылдың 1 мамырына дейін бірқатар облыстарда жердің ғарыштық мониторингі бойынша қанатқақты жобаны жүргізуі тиіс, – деді Қ. Тоқаев.
Игерілмей жатқан жер телімін қайтарып алу кезінде істі созбалаңға салудың түрлі амал-айласы жасалып, салдарынан жерді ешкім пайдалана алмай, бос қалады. Президент мұндайда Үкімет тиісті құқықтық актілерді жедел қабылдап, игерілмей, бос жатқан жерлерді экономикалық айналымға енгізу шараларын қолға алуы тиіс екенін тілге тиек етті.
Президенттің пікірінше, Есеп комитеті бюджет қаржысын игерудегі заң бұзушылықтарды анықтағанымен, бұл жұмыстың нәтижесі егжей-тегжейлі жарияланбай келеді. Сондықтан 2020 жылдың қаңтарынан бастап Есеп комитеті тексерілетін меморгандар мен ұйымдар бойынша өзінің аудиторлық шараларының негізгі нәтижелерін жариялайтыны туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Ал квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру үшін аталған сектордың әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындарының құрамына азаматтық қоғам өкілдері енгізіледі. Осы орайда Қ.Тоқаев Үкіметке барлық қажетті іріктеу рәсімдерін жүргізіп, 2020 жылғы 1 наурызға дейін кандидатураларды келісуге енгізуді тапсырды. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған мемлекеттік кәсіпорындардың 100-ден астам түрін жеке секторға беруді тапсырды. Бұл қазіргі тізімдегі квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорындардың 30 пайызға жуығы екен. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру керегін айтқан Президент Үкіметке 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін осы мәселе бойынша ұсыныс енгізуді жүктеді.
Президент шетелдік жұмыс берушілер тарапынан біздің елдің азаматтарын кемсітуге жол берілмеуі керек екеніне мән берді.
– Сіздер де бұл мәселені көтергенсіздер. Сондықтан менің тапсырмаммен өткен айда шетелдік жұмыс күшін тартып отырған кәсіпорындарда еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша тексеру жүргізілді. Осы уақытта 95 компания инспекциялық тексеруден өтіп, 930 заңбұзушылық анықталды, – деді. Ол қандай заңбұзушылық десек, шетел қызметкерлерінің жұмысы берілген рұқсатнамаға сәйкес келмеген, лауазымы мен білімінің сәйкессіздігі жиі кездескен. Құзыретті органдардың тексеруі негізінде және Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере келе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті заңнамаға бірқатар өзгеріс әзірлепті. Соған орай 2020 жылға шетел жұмыс күшін тарту квотасы шамамен 40 пайызға қысқарады. Егер биыл шетел жұмыс күшін тарту квотасы 49 мың болса, 2020 жылы 29 мың болады. Сонымен бірге 250-ден астам жұмысшысы бар, оның 30-дан астамы шетелдік болса, ондай кәсіпорындарға тұрақты тексеру жүргізіледі. Бастысы, Еңбек министрлігі кез келген заңбұзуға жедел әрекет ете алады. Шетелдік жұмыс күшіне квота тағайындау ережесі мен рұқсат беру ережесі, төртінші санаттағы жұмысшы мамандығы бойынша шетелдік жұмысшының санын қысқарту мәселесі де қайта қаралады. Сондай-ақ мамандардың жергілікті құрамына қатысты талаптар да күшейтіледі.
Ел азаматтарын орталық органдардың бюджетін қарастыруға көптеп тартылуын қамтамасыз ету үшін Қаржы министрлігі Ұлттық кеңес мүшелерімен бірге «Азаматтық бюджет» жобасының форматын өзгерту үшін ұсыныстар әзірлейтін жұмыс тобын құрды. Халық бюджет қаржысының жұмсалуы туралы сенімді ақпарат алуға құқылы. Мемлекет басшысы ашықтықтың осы принципі мемлекет аумағында жүргізілетін қаржы операцияларының барлық түріне қатысты болатынын жеткізді. Ол, сонымен бірге еліміздің сыртқы кредиторлар алдындағы берешегіне қатысты алып-қашпа әңгімені доғару үшін Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері және Ұлттық банкке 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін цифрландырылған мәліметтер базасы түріндегі сыртқы қарыздың бірыңғай тізілімін әзірлеу туралы тапсырма берді. Ал Ұлттық банк жаңа жылдан бастап Ұлттық қор трансферттерінің валюта нарығындағы айырбасын ай сайын және тоқсан сайын жариялап отыруға міндетті болды.
Мемлекет басшысы, Ұлттық кеңесте қабылданған шараларға қарамастан, көлеңкелі экономика мәселесі шешімін таппай отырғанына алаңдаушылық білдірді.
– Жалған фирмалар ашып, ақша жымқырудың сан түрлі тәсілдері жойылар емес. Шын мәнінде, бұған қарсы тиімді күресе алмай келеміз. Құзырлы органдар көбіне тиісті шараларды дер кезінде қолданбайды. Салдарынан кінәсіз кәсіпкерлер де зардап шегеді. Ал нағыз ұйымдастырушылар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Сондықтан заңсыз айналымға қарсы күрес шараларын күшейтіп қоймай, бұл істе тың серпіліс жасау керек. Кеңес мүшелері осы жұмысқа бизнес өкілдерін жұмылдыруды ұсынды. Өздерінің ықтимал контрагенттерін бағалау және тексеру үшін оларға тиімді құрал беру қажеттігі айтылды, – деген Мемлекет басшысы осыған орай Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлік субъектілерінің ашық, интеграцияланған мәліметтер базасын жасайтынын айтты. Сонда әр кәсіпкер өзінің контрагентін тексере алады. Деректер базасын толтыру және кәсіпорындарды жіктеу салық, кеден, құқық қорғау органдарының ақпараттарына негізделеді. Кәсіпкер контрагентті тексеріп, «қызыл аймақтан» таппаса, салық және айыппұлдар есептелгенге дейін осы контрагентпен мәміле қылмыстық қудалауға жатпайды. Егер мәліметтер базасына сәйкес, контрагент «қызыл аймақта» болса және бизнесмен онымен әлі де жұмыс істей беру туралы шешім қабылдаса, онда ол үшін мұндай шешімнің салдары ауыр болады. Бұл бастама алдағы жылы Салық кодексінде және басқа да заңнамалық актілерде нақты көрініс табады.
Ұлттық кеңесте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау күшейетіні де айтылды.
– Білім алуға, жұмысқа орналасуға, тұрғын үй мәселесін шешуге арналған негізгі талаптар баршаға түсінікті болуы қажет. Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бұл мәселені шешуге бизнес өкілдері мен мемлекеттік компанияларды тартуда. Осы тәжірибені басқа да өңірлерге тарату керек. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетудің тиімді жүйесін енгізу қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі 106 мың адамның 25 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдау үшін арнайы квота бөлуі тиіс. Үкіметке осы міндеттің орындалуын қадағалауды тапсырамын, – деген Президент барлық аймақта Еңбекпен қамту және әлеуметтік оңалту орталықтары жұмыс істеуі тиіс екенін айтты. Себебі Ақмола, Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында әлі күнге мұндай орталықтар жоқ екен.
Президент латын графикасына көшу мәселесінде тыңғылықты, тексерілген ұстаным қажет екенін атап өтті.
– Латын әліпбиінің ұсынылған үш нұсқасы да жетілдірілмеген болып шықты. Сондықтан бұл проблемада шынайы ғылыми әдіс керек. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды, – деді.
Қоғамдық санаға митингі мәдениетін дағдыландыру уақыты жеткенін айтқан Қ.Тоқаев митингі құқық қана емес, сонымен қатар жауапкершілік екенін еске салды. Бұл ретте, «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасы әзірленгенін, онда бейбіт жиындардың барлық формасы нақты айқындалып, арнайы орындарды анықтау бойынша мәслихаттар құзыреті бекітілетінін, «ұйымдастырушының мәртебесі», «қатысушы мен байқаушы мәртебесі» түсініктері, олардың құқықтары мен міндеттері қамтылатынын атап өтті.
– Бұл тұрғыда қолданыстағы заңға өзгерістер емес, концептуалды жаңа заң туралы айтылып отыр. Бұл құжат бейбіт жиындардың барлық формасын ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін регламенттейді. Үкімет Парламент қарауына заң жобасын енгізуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінгі таңда саяси партияны тіркеу үшін оның кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек. Ал кеше Президент тіркелу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынды.
– Бұл – айтарлықтай маңызды өзгеріс. Ол азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Жалпы, біз партияларға және сайлауға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек, – деді Президент.
Ұлттық кеңес отырысында елді елең еткізген мәлімдеме парламенттік оппозиция институтына қатысты болды.
– Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың бастауы емес, керісінше, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік. Сондықтан Парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қажет. Бұл үшін «Парламент туралы» заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру қажет. Мысалы, басқа да партиялардың өкілдері Парламенттегі кейбір комитеттердің төрағасы лауазымдарын иелене алатындай жағдай жасау керек. Бұл биліктің заң шығару тармағындағы баламалы қызметтің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық кеңес мүшелерінің көңілінен шыққан келесі шешім – Қылмыстық кодекстің жала туралы 130-бабы. Бұл мәселе Ұлттық кеңестің бірінші отырысында да көтерілген болатын.
– Бұл бапты декриминализациялау ұсынылды. Дегенмен байыпты қарсы аргументтер де бар. Кейбір қоғам мүшелері, тіпті құқық қорғаушылар Қылмыстық кодексте бұл норманы сақтауды жақтап отыр. Өйткені әңгіме адам құқын қорғау, оның абыройы мен ар-намысын сақтау жайында болып отыр. Кейбір мемлекеттік органдар 120-баптың бірінші тармағына ғана өзгертулер енгізуді ұсынады. Қылмыстық кодекстің 130-бабын өзгерту мәселесінің өзіне ғана Ұлттық кеңестің мүшелері мен мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен бірнеше талқылау өтті. Осы норманы талқылау барысында бір шешім табудың қаншалықты күрделі екені анық байқалды. Барлық ұстанымды және бұл мәселенің ерекшеліктерін сараптау қорытындысы мен Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминализациялау және оны Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдадым, – деді Қ.Тоқаев.
Ұлттық кеңестің отырысында ірі саяси шешімдермен қатар, бір қарағанда елеусіз, алайда салдары ауыр жазаларды жұмсарту туралы шешімдер де қабылданғанына куә болдық. Мысалы, көлік жүргізушілер өзімен бірге жеке куәлігі мен жүргізуші куәлігін, техникалық паспортын, жол жүру парағын және басқа да түрлі құжаттарын алып жүреді. Ал енді осы құжаттарын үйіне қалдырып кетсе, жазаға тартылады. Мемлекет басшысы келтірген дерекке сүйенсек, осы жылдың 11 айының өзінде ғана құжаттарын ұмытып кеткен 80 мыңға жуық азамат жазаға тартылған. Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке таяу уақытта осы проблемаға қатысты мән-жайды анықтап, қажет болса, заңнамалық актілерге өзгертулер енгізу туралы тапсырма берді.
Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің отырысын «Реформалардың басты мақсаты – даму бағытымыздан ауытқымай, оған тың серпін беру. Билік мемлекетіміздің дамуына, болашағына пайдасы тиетін кез келген оң өзгерістерге дайын» деген сөзімен аяқтады.
Ұлттық кеңес құрылғанда бұқараның бұл институтқа сенімі жоғары бола қойған жоқ. Кезекті қоғамдық ұйым деп қарағаны рас. Алайда кеше жария болған шешімдер қарапайым халықты айтпағанда, Ұлттық сенім кеңесінің мүшелерінің өзін таңғалдырған жайы бар. Енді қабылданған шешімдердің жүзеге асуын күту ғана қалды.
Бекболат ТІЛЕУХАН,
Мәжіліс депутаты:
– Ұлттық кеңес отырысында көп қозғалған мәселенің бірі – латын әліпбиіне өту. Президент бұл мәселеде ғалымдардың пікіріне сүйеніп, сараптама жасау керегін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткен тағы бір маңызды мәселе – қазақ тіліне реформа жасау. Бұл мәселе бойынша ғалымдар тарапынан екіұдай пікір қалыптасуы мүмкін. Мысалы, түрік тіліне реформа жасау арқылы жалпы тілдерді игеру жағын қарастырған.
Шығармашылық тіл – бір басқа, күнделікті қолданатын ауызекі тіл – бір басқа. Тілді сақтау тек заңмен іске асатын нәрсе емес. Бұл қадамның маңыздылығын естіген бойда түсіне қоймауымыз мүмкін, бірақ түбегейлі бір нәрсе іске асатын болса тілдің көкжиегі ашылады. Президентіміз айтқандай, бұл – жеңіл-желпі қарайтын нәрсе емес. Бұл жерде ғалымдардың еңбегі, қоғам тарапынан көмек керек. Яғни реформа қажет. Бұл – ұлт тағдырына қатысты маңызды қадам.
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ,
Мәжіліс депутаты:
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған мақсаты мен Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында айтылған мәселелердің шешілу барысы туралы баяндамасы қоғамның көңілінен шықты. Себебі алғашқы отырыста айтылған мәселелердің шешімі табылып жатыр. Бұған дейін халық саяси реформа керек екенін айтқанымен, ол билік тарапынан ешқандай шешімін тапқан жоқ. Ұлттық қоғамдық кеңес құрылғаннан кейін бұл мәселе шешімін табатындай. Мысалы, Президент саяси реформа халықты дүрбелеңге әкелмейтін, біртіндеп жасалатын реформа екенін айтты.
Митинг туралы жаңа заң жобасында митинг өткізу тәртібі белгіленді. Ол жай ғана құқық емес, жауапкершілік екені белгіленді. Енді митинг өткізер кезде митингтің қайда өтетіні, қанша адам жиналатыны және қандай мәселе қаралатыны туралы ескертіп айту жағы қаралады. Митингтің өтуі заңнамаға қайшы болмауы қажет. Бастысы, қоғамдық тәртіпті бұзбауы керек.
Ержан СЕЙІТҚАЗИНОВ,
Өңірлік БАҚ альянсының президенті:
– Қылмыстық кодекстегі 130-баптың Әкімшілік кодекске ауыстырылып, декриминализацияланатынына қатты қуандым. Бұл шешім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру ниетін көрсетеді.
Біз 130-бапқа қатысты мәселені Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары альянсы шеңберінде аз көтерген жоқпыз. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің Президент қатысқан отырыста осы мәселені көтергенінен де хабардармын. Мемлекеттің бізге – бұқаралық ақпарат құралдарына назар аударғанына, біз көтерген мәселеге құлақ түргеніне қуаныштымыз. Президенттің осы шешімі арқылы адамдарға өз пікірін білдіруге мүмкіндік берілді, бірақ солай екен деп әлеуметтік желідегі әрбір пікірге еріп кетпей, жеті рет өлшеп, бір рет кесуді үйрену қажет. Қауесетке ере бермей, бір мезет ішкі цензураға құлақ асуды меңгеруіміз керек деп ойлаймын.
Саясат НҰРБЕК,
BTS Education компаниясының басшысы:
– Өте ауыр жұмыс болды. Бір жағынан, министрліктердің, ведомстволардың, сарапшылардың өз ұстанымы бар. Екінші жағынан, біздің жекелеген ұстанымымыз бар және дөрекілеу айтсам, бізге көбіне үйлестіруге тура келді. Біз команда болып өте жақсы жұмыс істей алмайды екенбіз. Сондықтан бізге өзімшілдігімізді басып, түсінісуге тура келді. Біздің әлеуметтік топ сәл өзгешелеу жолмен жүрді. Біз жоғарыдан төмен емес, төменнен жоғары жұмыс істей бастадық. Еңбек, Денсаулық сақтау, Білім, Мәдениет министрліктерімен шамамен 25 кездесу өткіздік. Басты нүкте ретінде мемлекеттік бағдарламаларды таңдап алдық. Өйткені өте көп ұсыныстар әзірлеуге болады. Дегенмен бұл нақты бағдарлама аясында шоғырланбаса, онда нәтиже аз шығады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық ұсыныспен егжей-тегжейлі танысты. Ұлттық кеңес мүшелерінің басым көпшілігі Президентпен жеке кездесіп, өздерінің барлық тілегін айтты. Бүгін Мемлекет басшысынан ұсыныстарымыздың 70-80 пайызын естідік.
Мұхтар ТАЙЖАН,
экономист:
– Ұлттық кеңестің бірінші отырысында жасалған негізгі ұсыныстарымыз қабылданды, шынымды айтсам, мұндай нәтиже болады деп күтпеп едім. Енді заңнамаға өзгерістер енгізуді жеделдетуіміз керек. Әрине, жобалар жасауда Мәжіліс депутаттарымен бірге жұмыс тобында жұмыс істеуімізге тура келеді. Сонда бүгін қабылданған шешімнің дұрыстығын дәлелдеуге күш саламыз. Бұл жерде бізге қоғамның белсенділігі де қолдау болады.
Бізге жер қатынастарының ашықтығы қажет. Ол үшін ғарыштан мониторингілеу туралы бұйрық керек-ақ. Мұны 3 ай бұрын өткен отырыста айтқан едім. Өкінішке қарай, содан бері бұйрық шыққан жоқ. Бізде өте күрделі деген кейбір заңдардың өзі екі айда Мәжіліске кіріп, талқыла