Nur Otan партиясының орталық аппаратында Партиялық бақылау комитетінің отырысы өтті. Онда аймақтардағы жұмыс барысы талқыланып, мемлекеттік органдардың этика жөніндегі уәкілдерінің қызметін күшейту шаралары қарастырылды. Алқалы жиынға Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев жетекшілік етті.
Отырыста Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының, Шымкент қаласының партиялық бақылау комиссияларының, сондай-ақ партияның бірқатар аумақтық филиалының жұмысы таныстырылды. Мәселен, Шымкент қаласында 2018 жылдың және 2019 жылдың 8 айының ішінде бірқатар жергілікті атқарушы орган басшылары мен мәслихаттың кейбір депутаттары азаматтардың қабылдауын жеткілікті деңгейде өткізбегені анықталды. Бұл мәселелер жергілікті партиялық бақылау комиссиясының отырысының күн тәртібіне енгізілді.
Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыс жағдайын зерделеу және тексеру нәтижелері бойынша жергілікті партиялық бақылау комиссиясының отырыстарын дайындауға арналған жұмыс топтары іс жүзінде құрылмағандығы анықталды. Осы және басқа мәселелерді шешуде Nur Otan партиясының мүшелеріне қатысты ешқандай жаза қолданылмағаны белгілі болды.
Жиында баяндама жасаған Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Дариякүл Қожамжарова еліміздегі республикалық маңызы бар үшінші қалада Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалы аймақтық дәрежесін алып, 2018 жылдың қыркүйек айында Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы дербес құрылғанын айта келе, комиссия жұмысына қысқаша тоқталды.
Өз кезегінде Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Байшылық Сарман партия жұмысын қайта жаңғырту жұмыстарына комиссия мүшелері белсенді түрде атсалысып жатқанын айтты. Ол сондай-ақ 11 айдың ішінде аймақтық филиалда 9 комиссия отырысы, ал аумақтық филиалда 53 комиссия отырысы өткенін мәлімдеді.
– Жұмыс кезінде бірқатар әлеуметтік мәселелерді зерделеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың ішінде 4 партия мүшесінің тәртібі қаралып, олар партия қатарынан шығарылды. 2 партия мүшесіне қатаң сөгіс жарияланды. 24-26 сәуір аралығында партия бақылау қызметінің басшылығымен орталық аппаратта «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында республикалық маңызға ие «Жетібай – Өзен» жолын қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде 35 нысан комиссия мүшелерінің басты назарында. Тағы да тоқтала кетер өзекті мәселе, ол – Ақтау қаласындағы Онкологиялық диспансер құрылысы. Бүгінде Маңғыстау облысында 5 мыңнан аса онкологиялық ауруға шалдыққан науқас бар. Соған байланысты 9 шілде күні Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Маңғыстау облысына іссапар кезінде 100 орындық Онкологиялық диспансердің құрылысын аяқтау жұмысымен танысып, аталған нысанды партиялық бақылауға алуды тапсырған болатын. Құрылыс жұмысын 20 наурыз күні аяқтау жоспарланып отыр, – дейді Байшылық Сарман.
Баяндамашының айтуынша, қоғамдық қабылдау бойынша комиссия мүшелері азаматтарды арнайы бекітілген график бойынша қабылдаған. Аймақта жалпы 11 айдың ішінде 22 қабылдау өткен. Бақылау комиссиясының назарына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесі, мектеп асханаларын жаңарту жобалары және т.б. өзекті мәселелер алынды. Маңғыстау облысының жанындағы партиялық бақылау комиссиясының арнайы жұмыс тобы құрылып, анықтау жұмыстары жүргізілген. Жұмыс барысында бірқатар кемшілік те анықталған.
Ал Шығыс Қазақстан облысындағы Партиялық бақылау комитетінің жұмысын Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген баяндады.
– Партияның бақылау комитеті жұмыстың жаңа формасына өтуді көздейді. Шығыс Қазақстан облысының партиялық бақылауында 20 комиссия жұмыс атқарады. Ағымдағы жылы партияның өңірлік және аумақтық филиалдарының жұмысына сәйкес 101 жиын өткізіліп, 330 ұсыным енгізілді. Партиялық бақылау комиссиясының отырыстарында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы сараланып, барлық мемлекеттік бағдарлама партияның ерекше бақылауында болатыны айтылды, – деді ол.
Орталық аппараттағы басқосу кезінде Nur Otan партиясы Партиялық бақылау комитетінің мүшесі Әлия Сапарова мен Nur Otan партиясы Партиялық бақылау комитетінің мүшесі Сәкен Естай да баяндама жасады.
Әбілмансұр ЖАСАН