Ләззат Қарақойшина – бес баланың анасы. Елордаға 20 жыл бұрын көшіп келген әйел күні бүгінге дейін қуықтай ғана жатақханада тұрған. Бес баласын да сол жерде дүниеге әкелген. Биыл көктемде жатақхана өртеніп, онда өмір сүру мүмкін болмай кетіпті. Барар жер, басар тауы қалмай амалы құрыған Ләззат Алтайқызы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметіне жүгінген. Тамыз айынан бастап «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысқан.
– Банк менің жағдайымды ескеріп, өтінішімді мақұлдады. 20 күн бұрын екі бөлмелі жаңа пәтеріме кіріп, бақыттан басым айналып жүр. Үй жып-жылы, жап-жарық. Мұндайды өңі түгіл түсінде көрмеген балаларым да мәре-сәре. Олай да жүгіреді, былай да жүгіреді. 13 шаршы метрлік жатақханадан кейін 70 шаршы метрлік пәтер кең сарай сияқты. «Бақытты отбасы» бағдарламасы атына заты сай екен. Халыққа, оның ішінде әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға өте тиімді. Жылдар бойы бастапқы жарна жинамайсың. 1 млн теңгенің сертификатын берген қала әкімдігіне, үйді арзанға сатқан құрылыс компаниясына және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне мың да бір алғыс! – дейді көпбалалы ана.
Жалпы, биыл астанада «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған 700 отбасыға 10 пайыз бастапқы жарнамен 2 пайыз жылдық мөлшерлеме бойынша жеңілдетілген займ берілді. Нұр-Сұлтан қаласында тұратын тағы 36 отбасы өздеріне пәтер іздестіріп жатыр.
Кеше Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жаңа үйге қоныстанған балалар үшін тамаша қойылым мен сыйлықтарға толы жаңажылдық шырша ұйымдастырды. Бас қаланың кішкентай тұрғындарына арналған мерекелік іс-шара банктің жаңа филиалы ашылған күнмен тұспа-тұс келді. Соңғы үлгідегі озық технологиямен жабдықталған бөлімше Рақымжан Қошқарбаев көшесі, 26-үй мекенжайында орналасқан.
Іс-шараға шақырылған қала әкімі Алтай Көлгінов пен «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Айдар Әріпханов банк клиенттерін келе жатқан Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, мерекелік шыршаға қатысқан 250 бүлдіршінге тәтті сыйлықтар таратты.
– Сандарды сөйлетсек, қазір 200 мыңнан астам елордалық азамат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшот ашқан. Қолжетімді баспанамен айналысатын бірден-бір банк – осы. Біз шынында да банктен үлкен қолдау көріп отырмыз. Биылдың өзінде Нұр-Сұлтанның 50 мыңнан астам тұрғыны банкке ақша құйды. Үйлер салынып жатыр. Келесі аптада біз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына Ұлы дала көшесінен тағы 200-ден астам пәтер береміз. Ал 2020 жылы бұдан да көп үй саламыз, оған тиісті жоспар жасалған. «Бәйтерек» холдингімен келісімшартқа қол қойдық. Бұл – нақты жүзеге асатын жұмыс. Қолжетімді баспанаға нағыз мұқтаж адамдар, әлеуметтік аз қамтылған топтар ие болады. Тек уақыт керек. Банк басшылығы мен қызметкерлеріне рақмет, – деп сөзін түйіндеді Алтай Көлгінов.
«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Айдар Әріпханов Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін барынша пайдаланып, банкте ақша жинап жатқандардың қатарында елорда халқы ерекше белсенді екенін атап өтті. Мысалы, банктен шот ашқан 208 мың адамның жинақ сомасы 143 млрд теңгеден асқан. Биыл банктің көмегімен Нұр-Сұлтан қаласының 10 мың тұрғыны қоныс тойын тойлады.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – халықтың банкі. Біз қол жеткізген көрсеткіштер – осыған айқын дәлел. Күн сайын орташа есеппен 190 банк салымшысы баспаналы болып жатыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі құрылғалы 200 мыңнан астам қазақстандық отбасы осы ұйым арқылы өз пәтеріне қол жеткізді. Қазір банкте 1,5 миллион адам үйге қаражат жинақтауда. Олардың саны күннен-күнге артуда. Клиенттерге жақындай түсу мақсатында банктің жаңа филиалын аштық. Мұнда салымшыларға барлық қызмет түрі көрсетіледі. Жаңа ғимаратта жайлы күту залы мен балаларға арналған ойын алаңы бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық жағдай жасалған, – дейді Айдар Әріпханов.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, биыл алғаш рет іске қосылған «Бақытты отбасы» бағдарламасы 4 мың шаңырақты шаттыққа бөлеген.
– Отан отбасынан және «өз үйің – өлең төсегіңнен» басталады. Отбасы мүшелері өз үйінде болашаққа жоспар құрады, бала тәрбиесімен айналысады. Отан дегеніміз – түнеуге ғана баратын жалдамалы пәтер емес. Біз күн сайын әр қазақстандық отбасының тезірек баспаналы болуына жағдай жасаудамыз. Сол себепті ыңғайлы жерден банктің жаңа бөлімшесін аштық, банк бағдарламалары бойынша мөлшерлемелерді азайттық, жаңа өнімдерді дайындап, тұрғын үй жобаларын жүзеге асырып жатырмыз. Осының нәтижесінде күн сайын елордада 40-қа жуық банк салымшысы қолжетімді займ рәсімдейді, – деді Ләззат Ибрагимова.
Айта кетейік, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Еуропалық құрылыс жинақ кассаларының федерациясы құрамына және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Қаржылық мекеменің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен келесі жылы банкті қаржыландыру көлемі 100 млрд теңгеге дейін ұлғаяды.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ